ҚазҰУ-да азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қаралды

1 шілде, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ислам ынтымақтастығы ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бас директоры Берік Арын мен жоғары оқу орнының басшылығы кездесті. Қонақты қарсы алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев әлемнің Топ-200 жоғары оқу орындарының қатарына кірген және QS WUR 2025 халықаралық рейтингінде 163-орынға көтерілген зерттеу университетінің ғылыми-білім беру қызметі туралы баяндады.   

Бүгінде университет барлық бағыттар бойынша, соның ішінде шетелдік ғалымдарды оқытушылық қызметке тарту бағдарламасын жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар жүргізуде. Биыл оқу процесіне 137 шетелдік профессор шақырылды. Шығыстану факультетін таныстырған университет басшысы Қазақстанда шығыс тілдерін жетік білетін жоғары білікті мамандарды даярлау орталығы саналатын ирантану бөлімі туралы әңгімеледі. 1989 жылдан бастап шығыстану факультетінде парсы тілі оқытылады. Берік Арын арабтану бөлімінің түлегі екенін атап өткен жөн.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ислам ынтымақтастығы ұйымымен (ИЫҰ), Оңтүстікті тұрақты дамыту мақсатында ғылым және технологиялар жөніндегі комиссиямен, COMSTECH және басқалармен тығыз қарым-қатынас орнатқан.       

Сондай-ақ ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Берік Арынға Жерді қашықтықтан зондтау орталығының (ЖҚЗ) жұмысы туралы ақпар берді. Орталық мамандары ЖҚЗ деректерін пайдалана отырып, табиғат және ауыл шаруашылығы салаларындағы шөлейттену және деградация процестерінің алдын алу бойынша құмды алқаптардағы жайылымдарды басқару және мониторингілеу саласында зерттеулер мен әзірлемелер жүргізеді. Сондай-ақ жайылымдардың өнімділігін картографиялық модельдеу және болжау жұмыстарын атқарады. 

Кездесу барысында тараптар өзара пікір алмасып, университет пен Ислам ынтымақтастығы ұйымы арасындағы байланысты дамыту мәселелерін талқылады. Университет басшылығының жылы лебізіне алғыс білдірген Берік Арын білім ордасының бастамаларын қолдауға және ғылым мен білім саласының дамуына атсалысатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Фараби кітапханасына Мысыр мешіттері туралы екі томдық кітап сыйлады. Сапар соңында мәртебелі қонақ география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология факультеттерін аралап, ғылыми-зерттеу зертханалары мен Жерді қашықтықтан зондтау орталығының жұмысымен танысты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі