Жібек жолы университеттері Альянсының (UASR) келісіміне қол қойылды
Астана қаласында өткен «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық симпозиумында Жібек жолы университеттері Альянсының (UASR) өнеркәсіп, білім, ғылым, технология салаларындағы Қытай-Қазақстан серіктестігі туралы келісіміне қол қойылды. Оның бастамашылары – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Цзяотун Сиань университеті, TBEA Co., Ltd. және Фараби технологиялық инновациялық паркі.
Басты мақсат – жаһандық инновациялық ресурстарға қосылу және жаһандық инновациялық экожүйеге интеграциялау арқылы ғылымның, технологияның, білім берудің және адами ресурстардың үйлестірілген дамуына жәрдемдесу. Келісім шеңберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақстандық жоғары оқу орындары үшін және Қытай тарапынан Сиань Цзяотун университеті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады. Екі университет екі елдің жоғары оқу орындарының қарым-қатынастары мен өзара іс-қимылы бойынша нақты мәселелерді тиімді шешуді бірлесіп қамтамасыз ете отырып, күнделікті байланыс пен үйлестіруге жауапты болады. Құжатта қытайлық серіктес мүшелерінің қатарына кіретін 197 кәсіпорын көрсетілген. Олардың бәрі Сиань Цзяотун университетімен, UASR мүше университеттерімен және Хуанхэ өзені бассейні университеттерінің альянсына мүше университеттермен тығыз коллаборация орнатқан. Ынтымақтастықтың қазақстандық мүшелерінің қатарына Фараби технологиялық инновациялық паркі де кірді.
Қарым-қатынасты дамыту үшін қытайлық және қазақстандық университеттер мен кәсіпорындарға шетелдік инновациялық орталықтар мен консорциумдар құруда жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Орталықтар өңірлік технологиялық прогреске жәрдемдесу үшін ғылыми-техникалық инновациялық ресурстарды біріктіреді. Өнеркәсіпті, университеттерді және зерттеуді терең интеграциялау үшін консорциумдар – «Бір орталық, бір инкубатор, екі тізбек, бір ортақ платформаны» білдіретін «1121» моделін жүзеге асырады. Модель өнеркәсіп, университеттер және ғылыми-зерттеу институттары арасындағы трансшекаралық ара-қатыстастарға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қол қойылған келісім шарт білім беру ресурстарын өнеркәсіп қажеттіліктерімен интеграциялауға, өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуге, сондай-ақ Жібек жолының экономикалық белдеуінің жоғары сапалы дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі