ҚазҰУ мен ZTE корпорациясы келісімге қол қойды

6 шілде, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ZTE корпорациясының аға вице-президенті Лю Цзянь бастаған делегациямен кездесу өткізді.

Делегация құрамында ZTE корпорациясының вице-президенті Сюэ Бинь, Пекин кеңсесі үкіметімен жұмыс жөніндегі директоры Лю Сычуань, ТМД елдеріндегі корпорацияның бизнесін дамыту жөніндегі бас директоры Вэй Вэй бар.

Жүздесуде тараптар серіктестікті арттыру бойынша мәселелерді қарастырып, жаңа мазмұнмен жоспарлы түрде толығып келе жатқан жан-жақты ынтымақтастықтың динамикасын жоғары бағалады. Қос тарап цифрлық трансформация орнату және инновациялық технологияларды бірлесіп жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Кездесу барысында ҚазҰУ  ректоры Жансейіт Түймебаев пен ZTE корпорациясының аға вице-президенті Лю Цзянь ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Аталған келісім ғылыми-білім беру ресурстарын бірлесіп пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар ҚазҰУ базасында бірлескен инновациялық орталық ашылады. Бұл орталықты ZTE корпорациясы құрал-жабдықтармен және қажетті аппараттармен қамтамасыз етеді. Бірлескен инновациялық орталық болашақта қытай тілі бойынша жоғары білікті мамандарды даярлауға, оқытушылар мен студенттердің тағылымдамадан өтуіне,  жаңа технологияларды іске асыруға мол мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды университет қабырғасында қарсы ала отырып, оқу ордасының ғылыми әлеуетін таныстырды.

«Оқу ордасы зерттеу университеті мәртебесіне ие. Сондықтан біз ғылыми-инновациялық жобаларға көп басымдық береміз. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге келісімге қол қойған болатын. Келісім аясында ҚазҰУ-ға ең жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайтын және Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютерлер әкелінеді. Суперкомпьютер бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және елдің IT-инфрақұрылымын дамытудағы жаңа дәуірге айналуға мүмкіндік туғызады. Осы тұрғыда Қазақстанда және Орталық Азияда технологиялар шығару, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және суперкомпьютерлерді тиімді пайдалану үшін ZTE сияқты жетекші компаниялармен жұмыс істеу маңызды. Бүгінгі кездесу мен жасалған келісім қос тарап үшін ғана емес, мемлекеттеріміз арасында да достық қарым-қатынасты дамытудың жаңа кезеңі болады деп ойлаймын», – деді ректор.

Өз кезегінде ZTE корпорациясының аға вице-президенті Лю Цзянь ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына ризашылығын білдіріп, цифрлық трансформация саласындағы жемісті ынтымақтастыққа бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.

«ZTE компаниясы 1985 жылы Қытайдың Шэньчжэнь қаласында құрылған. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елінде компанияның зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Компания Оңтүстік Азия, Солтүстік Америка, Еуропа, Латын Америкасы, Африка және ТМД-дағы 500-ден астам байланыс операторларына қызмет көрсете отырып, 140 ел мен аймаққа жабдықтар мен қызметтер жеткізіп отыр», – деді Лю Цзянь.

Келіссөз соңында тараптар жасалған келісімде көрсетілген барлық бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі