Студенттер Сейсмология институтында тәжірибеден өтуде
Тұрақты даму мақсаттарының «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» атты 8-тармағына сәйкес, биылғы оқу жылының күзгі семестрінде Сейсмология институтының мамандары «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» және «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының студенттерімен кездесу өткізіп, институттан өндірістік тәжірибеден өтуге шақырған болатын. Осыған сәйкес, 2-курстың «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының бес студенті аталған мекемеде тәжірибеден өтуде.
Сейсмология институтында тәжірибеден өту студенттерге сейсмология саласында практикалық дағдыларды меңгеруге, сондай-ақ қазіргі зерттеулер, технологиялармен танысуға бірегей мүмкіндік екені рас. Тәжірибе барысында студенттерге сейсмографтардың алуан түрлері, олардың жұмыс істеу принципі және қондырғыларымен таныстыруда. Сейсмографтарды орнату және техникалық қызмет көрсету бойынша дала жұмыстарына қатысу, сейсмикалық белсенділік туралы мәліметтер берілуде. Сонымен қатар сейсмикалық мәліметтерді талдау, жер сілкінісі параметрлерін анықтау, шуды сүзу, сигналды алу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді зерттеуге қатысты тапсырмаларды арнайы мамандармен бірлесіп атқаруда.
Геологиялық жағдайлардың сейсмикалық толқындардың таралуына әсерін зерттеу, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық тұрақтылығын анықтауға қатысты жұмыстар туралы да студенттерге мәліметтер беруде. Сондай-ақ студенттер сейсмикалық болжау әдістерімен танысуға, жер сілкіністерін ерте хабарлау жүйесін әзірлеуге қатысуда.
Болашақта студенттер сейсмикалықты, геологиялық құрылымды немесе сейсмологияның басқа салаларын зерттеу бойынша нақты ғылыми жобаларға қатыса алады. Бұл студенттердің теориялық білімі мен тәжірибелік дағдыларын ұштастыра отырып, ғылымға қадам басудың алғы шарттары. Өз мамандығының нақты иесі болу және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасу жолында сейсмикалық мәліметтерді өңдеу бағдарламаларын құру үшін бағдарламалау тілдерін зерттеумен де айналысуда.
Жалпы, Сейсмология институтындағы өндірістік тәжірибе әрбір студенттің дағдысы мен қызығушылығын жеке дамытуға бағытталуда. Тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істеу студенттерге құнды тәжірибе жинақтауға әрі сейсмология саласындағы табысты мансап үшін қажетті кәсіби дағдыларды дамытуға көмек береді. Сейсмология институтының мамандарына біздің факультетімізбен бірлесіп жұмыс істеп, студенттерге жан-жақты тәжірибе жинақтауға көмек беріп жатқаны үшін алғыс айтамыз.
Ақтоты БЕКЖАНОВА,
Картография және геоинформатика кафедрасының оқытушысы