Вейпке құмар болмаңыз!

18 шілде, 2024

Қазір жастар мен жасөспірімдер вейп шегуді таңсық көреді. Бұрын темекіге әуес болғандардың көбі вейп тартуға көшкен. Вейперлер электронды темекінің денсаулыққа зияны жоқ деп есептейді, өйткені «темекі шегу кезінде шайыр бөлінбейді» дейді-мыс.

Вейпинг шынымен қауіпсіз бе? Анықтап көрейік. Вейпинг – электронды темекі немесе бас­қа құрылғы арқылы жа­сал­ған аэрозольдарды (буды) ағ­заға ингаляциялау арқылы жү­ре­ді. Қазіргі уақытта бұл құ­рылғылар тартымды кө­рі­неді: түрлі түсті, пішіні ерекше, миниатюра, ұстауға ыңғайлы әрі қалада қызығушы жастар мен жасөспірімдер көп бол­ған­дықтан қаптап кетті. Осы вейп  жағымды дәм, ашық түстері арқылы көздің жауын алып, будың жағымды дәмін сезін­ді­ріп темекі шегуге қызық­ты­ра­ды, алайда әлден уақыттан ке­йін оған тәуелділік пайда бола бастайды.

Дизайнына және сыртқы түріне қарамастан, электронды темекі шегу құрылғыларының қызметі бірдей. Құрылғы бата­рея­мен жұмыс істейді, карт­ридж­ге арнайы сұйықтық құйы­лады. Темекі шегу кезінде сұйықтық қызады және адам дем алатын аэрозоль пайда болады.

Вейп-қаламдар нарыққа ал­ғаш рет шыққанда олар темекі шегуге қауіпсіз балама ретінде ұсынылды. Шындығында, бұл дұрыс емес. Вейп  сұйық­ты­ғын­да глицерин, пропи­лен­гли­коль (E1520), хош иістендіргіш, ни­котин (әрдайым емес) және мыңдаған басқа химиялық ингредиенттер бар, олардың көп­шілігі әлі анықталмаған. Элек­­трондық темекі немесе бас­қа вейпинг өнімдерін пай­даланудың денсаулыққа ұзақ мерзімді әсері әлі де зерт­те­луде, бірақ олардың денеге те­ріс әсерінің дәлелі қазірдің өзінде бар.

Зерттеулер вейпингтің жү­рек-қан тамырлары жүйесіне зиянды екенін дәлелдеді. Құ­ра­мында никотин бар вейпинг жүректің соғу жиілігін және қан қы­сымын арттырады, бұл жү­рекке кері әсер етуі мүмкін. Со­нымен қатар жалпы холес­те­рин мен тығыздығы төмен ли­попротеиндік холестерин («жаман» холестерин) темекі шекпейтіндерге қарағанда элек­тронды құрылғыны ше­ге­тін­дерде жоғары болып келеді. Холестерин мен тығыздығы тө­мен липопротеиндік холес­те­риннің деңгейінің жоғары­лауы атеросклероздың қауіп факторы болып саналады. Бұл болашақта инсульт, инфаркт, стенокардия және басқа да жүрек-қан тамыр жүйесі ау­ру­ларының жоғары қаупі бар дегенді білдіреді. Бұған қоса, вейпинг пен электронды темекі жүрек ауруының қандай да бір түрімен ауыратындар үшін ерекше қауіпті.

Вейпинг никотинді темекі сияқты болмаса да, өкпенің жұ­мысына жағымсыз әсер етеді. Темекі шегу тыныс алу ағзалары дертінің дамуына алып келеді. Олардың бірі – өкпенің «попкорн» ауруы (bronchiolitis obliterans), ең кіш­кен­тай тыныс жолдары попкорн сияқ­ты құрылымы өзгеріп, брон­хиолалар қабынып, біте­ліп қалады. Науқаста жөтел, ыс­қырықты тыныс, тыныс алу­дың қиындауы, кеуде қуысының ауырсынуы байқалады.

Бар-жоғы 5 минуттық вей­пинг өкпе функциясын өз­гер­туге және тыныс алу жол­да­рын­дағы қабынуды күшейтуге әкелуі мүмкін. Темекі шегуден кейін бірден жөтел, тамақ ау­руы және ауыздың құрғап қа­луы сияқты симптомдар пайда бола бастайды.

Тыныс алу жолдарының ті­тір­кенуінен басқа, вейп-қа­лам­дарды пайдалану кезінде EVALI (e-cigarette or vaping product use associated lung injury) элек­трондық темекі немесе вей­пинг өнімдерін қолданумен бай­ланысты өкпе жарақаты не­месе «вейп кеселі» деп ата­латын басқа қауіпті ауруды ту­дыруы мүмкін. Симптомдары көптеген респираторлық ауру­лар­ға ұқсас. Оларға жөтел, ен­тігу, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, құсу, диарея, бас ау­руы, бас айналу, жүрек со­ғы­сының жиілеуі және кеудедегі ауырсыну жатады.

Ауру түрі «жаңа» болған­дық­тан, оның ағымын болжау мүм­кін емес. Пациенттер әдетте госпитализацияны қажет ете­ді. Көбіне олар өздігінен дем ала алмайды және арнайы жел­деткішке орналас­ты­ры­ла­ды. Тіпті азырақ ауыр симптом­да­ры бар емделушілерге қо­сымша оттегі қажет болуы мүмкін.

Осы вейп сұйықтықтардың құрамындағы хош иістен­дір­гіш­тер жоғарғы тыныс жол­да­рының аллергиялық ауру­ла­рын, соның ішінде бронх де­мік­песінің дамуын туды­ра­ды. Оған тәуелділік, никотинді те­мекі немесе вейпті бас­тап­қыда аздап қызығушылықпен тартып көремін деп, ары қарай тәуелділік пайда болғанын байқамай қалады. Көп жағ­дай­да никотинге деген тәуелділік қаупі бар топтардың бірі – жас­өспірімдер. Олардың миы ере­сек­тердікіне қарағанда нико­тинге осал, сондықтан оларда тәуелділікті дамыту ықти­мал­дығы жоғары. Жасөспірімдік шақ­та никотинді қолдану көңіл күйге және шешім қабылдауға әсер етеді. Ұзақ мерзімді қол­да­ну бұл кейінгі өмірде пси­хи­калық бұзылулар мен ког­ни­тив­ті бұзылулардың даму қау­пін арттырады.

Вейптегі сұйықтықта нико­тин болмаса да, оны шегу қа­уіпті. Никотиннен басқа, вей­пинг сұйықтығы мен одан ке­йінгі аэрозоль құрамында канцерогенді химиялық заттар болады. Пропиленгликоль мен глицериннің термиялық ыды­ра­уы улы қасиетке ие акролеин мен формальдегидтің түзілуіне әкеледі. Акролеин көздің және тыныс алу жолдарының шы­рыш­ты қабығын тітіркендіреді, лакримацияны тудырады, со­нымен қатар болашақта қа­тер­лі ісіктің даму ықтималдығымен байланысты мутагендік қа­сиет­терді көрсетеді. Пропи­лен­гликоль денеде жиналып, аллергиялық реакцияларды ту­дырады. Формальдегид атал­ған қасиеттерден басқа, ор­талық жүйке жүйесіне әсер етеді.

Аэрозольді ингаляциялау қы­зыл иектің, ауыз қуысының шы­рышты қабатының, та­мақ­тың тітіркенуін тудыруы мүмкін, бляшканың пайда болуын және ондағы бактериялардың кө­беюін ынталандырады, бұл ка­риес пен қызылиек аурул­а­ры­ның қаупін арттырады. Вейпті ортақ пайдалану туберкулездің және басқа инфекциялардың таралуына алып келуі мүмкін. Сондай-ақ вейп-қаламдар жа­ры­лып, күйік пен жарақат алған жағ­дайлар да өте көп кез­де­седі. Сондықтан вейпке мүлде әуес болмағаныңыз абзал.

Назгүл ЖАПАРҚҰЛОВА,

б.ғ.к.

Гүлшат АТАНБАЕВА,

б.ғ.к.

Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының оқытушылары