ҚазҰУ-да конституциялық құқық мәселелері қаралды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстан Республикасының Конституциясы – Қазақстанның қауіпсіз, тұрақты және орнықты дамуының құқықтық негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара ҚР Конституциясы күніне және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына арналды.
Конференцияның мақсаты – әділетті Қазақстанның құрылысы бойынша стратегиялық идеяларды, конституциялық нормаларды, құқықтық практиканы саяси-құқықтық талдау. Конференцияға ҚР Конституциялық сотының судьялары, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, Қазақстанның жетекші ғалымдары, азаматтық қоғам өкілдері, оқытушылар, докторанттар, магистранттар және БАҚ өкілдері қатысты.
ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары, бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов құттықтау сөз сөйледі. Университеттің соңғы уақытта қол жеткізген биік белестерін атап өтіп, ел Конституциясын қабылдау күнінің маңыздылығына тоқталды. «Конституцияның қабылданған күні Қазақстанның барлық азаматтары үшін үлкен саяси маңызға ие. Бұл мемлекеттік мереке», – деді Е.Дүйсенов. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев: «Қазақстан Конституциясы әлемдік озық тәжірибені, сондай-ақ тарихи және ұлттық дәстүрлерді біріктіре отырып, халық бірлігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігінің берік іргетасы болып табылады», – деп атап көрсеткен. ҚР Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Қолданыстағы Конституцияны дайындауға ұзақ уақыт Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жұмыс істеген Қазақстанның белгілі заңгер-ғалымдары белсенді қатысты. Олар: академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймаханов.
Конференция барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Директорлар кеңесінің төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор Қайрат Мәми, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, заң ғылымының докторы Игорь Роговтың және т.б. құттықтау хаттары оқылды. Іс-шара барысында заңгер ғалымдар баяндама жасап, әділ Қазақстанның құрылысы бойынша стратегиялық идеяларды, конституциялық нормаларды, құқықтық практиканы талқылады. Сондай-ақ заңгерлер Мемлекет басшысының бастамасымен бүкіл қоғам мен барлық мемлекеттік органдарға әсер еткен ауқымды конституциялық реформа жүргізілгенін атап өтті. Конституциялық сот, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (омбудсменнің) конституциялық мәртебесі нығайтылды, тәуелсіз сот жүйесінің негіздері құрылды. Жалпы, реформа заң шығару процесіне оң әсерін тигізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі