ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ
МАМАН БІЛІКТІ БОЛМАЙ, ІСТІҢ НӘТИЖЕСІ ЖОҚ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында қоғамның соқталы деген маңызды мәселелеріне тоқталып, келешекте атқарылуға тиісті жұмыстардың басын ашып берді.
Мемлекеттің алдағы дамуына тікелей ықпал ететін ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау жайындағы Президенттің тың ойы ел тұғырын нықтаудағы игі қадамдар. Мемлекет басшысы ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екенін, бұл бағытта қордаланған мәселе барын ашып айтқаны құптарлық. Себебі кәсіби білікті кадр еліміздің дамуында ерекше маңызға ие. Өндірісте, шаруашылықта, білім мен медицина т.б. салаларда мықты кадр болмаса, көштен қалатынымыз рас. Осы орайда, өз басым Президенттің кадр мәселесіне тоқталғанына риза болдым. Әсіресе біз үшін ұстаз біліктілігі жайлы айтқан ой-ұсынысы аса маңызды деген пікірдемін. Өйткені ұстаз білікті болмай, істің нәтижесі жоқ, бекер екеніне екпін түсіргені бәріміздің көңілімізден шықты.
Жоғары оқу орындары арасында көш басында тұрған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы тұрғыдан алғанда өзгелерге үлгі болуға тиіс деп ойлаймын. Сондықтан университет қабырғасындағы жас мамандар мен қызметкерлер әрдайым кәсіби тұрғыда біліктілігін жетілдіруге баса мән беруі керек.
Намазалы ОМАШЕВ,
профессор
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Президент Жолдауы Қазақстанның алдағы кезеңдегі саяси, әлеуметтік және экономикалық даму перспективаларын, елдің экономикалық әлеуетін кеңейтуге бағытталды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жолдауда шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мәселесін көтерді. Жалпы, экономикалық-әлеуметтік әсерлері тұрғысында кәсіпкерлік елдегі негізгі әлеуметтік мәселелелер бойынша кедейлік пен табыс теңсіздігін азайтудың құралы бола алады. Әлеуметтік аз қамтылған, ерекше қажеттілікке ие адамдарға кәсіпкерлер тұрақты жұмыс орындарын ұсынып, тұрақты табыс бере отырып, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге тікелей септігін тигізеді. Осылайша ШОБ дамуы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді деуге болады. Ол үшін кәсіпкерлерге қолжетімді жеңілдіктер жасау керек.
Президент еліміздегі кәсіпкерлік капитал ел игілігіне қызмет етуі қажет деп баса айта отырып, бүгінде қолдау шараларының 100-ден астап түрі бар екендігіне тоқталды. Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізуге болатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сондықтан ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті, біріңғай тізімін ұсынып, кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсету маңызды.
Сонымен қатар, ШОБ дамыту үшін финтек тәсілдерін пайдаланып, шағын және орта кәсіпкерлікке инвестиция тарту, бизнесті дамыту үшін инвестициялық климат құру өте маңызды. Жасанды интеллект, майнинг жүйелеріне тиімді қолдау қажет.
Президент жолдауда әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударды. Қазіргі таңда сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзарып, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы төлемдер беріліп жатыр. Ұлттық қор балаларға ауқымды жобасы іске қосылып, 7 млн баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 млрд-тан астам ақша аударылды. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқандығын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлдем мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан Президент Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Бір сөзбен айтсақ, кез-келген әлеуметтік көмек әділ, ашық, тиімді болуы тиіс.
Осы ретте, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Экономика» кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы Президент Жолдауында белгіленген өзекті мәселелерді, соның ішінде зерттеуге бағытталған 2024-2026 жылдар аралығына AP23489032 «Қазақстан өңірлерінде табыс теңсіздігі және кедейлік деңгейін төмендетуге шағын және орта кәсіпкерліктің әсерін әлеуметтік турбуленттіліктің жергілікті тәуекелдерін азайту тұрғысында зерттеу» тақырыбындағы ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Гранттық қаржыландыру шеңберінде Қазақстан өңірлерінде шағын және орта кәсіпкерліктің табыс теңсіздігі мен кедейлік деңгейін төмендетуге әсерін бағалау, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуметтік әлеуетін арттырудың тиімді құралдарын анықтау жоспарлануда. Бұл өз кезегінде ҚР Президентінің қойып отқан саяси және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін ғылыми негізде зерделеуге, нақты ұсыныстар қалыптастыруға әсер етеді деген сенімдеміз.
Даулиева Ғалия Рахметқызы,
«Экономика» кафедрасының меңгерушісі
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒДАРЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушы жастар бірігіп тыңдады.
Жолдаудағы атап өтерлік мәселе – қазіргі әлемдегі маңызды тенденциялардың бірі – білім беруді интернационалдандыру және оның жаһандық дамудағы рөлі. Мұны түрлі мемлекеттердің білім беру тәжірибесіне халықаралық компонентті белсенді енгізу процесі деп түсінген жөн. Бұл бағытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі ЖОО-лар арасында алғашқылардың бірі болып көш бастап келеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының балалар қауіпсіздігіне баса назар аударғаны өте құптарлық жайт. Өйткені киберқауіпсіздік мәселесі біздің еліміздің ғана емес, әлемнің құқық қорғаушылары мен БАҚ өкілдерін де толғандырып отыр. Оның ішінде ғаламтордың балалар үшін зиянды қауіп-қатерінің күннен-күнге артып келе жатқаны тағы бар. Мұның себеп-салдары да салмақты, біріншіден, бұл – ұлттық қауіпсіздік, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғау; екіншіден, сөз бостандығы мен жариялылық мәселелерімен тығыз байланыста қарастырылатынында болса керек.
Мәселен, қазіргі таңда интернет әлеуметтік желіде бақылаусыз немесе мақсатты түрде деструктивті ақпараттардың түрлі ағымдарын таратудың алаңына айналып отырғаны жасырын емес. Олай болса, бұл саланы заңдық тұрғыдан реттеуде шетелдің озық тәжірибелерін үлгі етіп, сонымен қатар мемлекеттік бақылауды да күшейту қажет.
Ал біз, ғалым-оқытушылар, өз тарапымыздан әлеуметтік медианы қолдану барысында балалардың құқығын қалай қорғау керек, қазіргі таңда интернеттен келер қауіп қандай және бұл бағытта елімізде және әлемнің дамыған мемлекеттерінде әлеуметтік және заңдық тұрғыдан қандай кешенді жұмыстар атқарылып жатыр деген мәселе жайлы зерттеу жүргізіп, өз тұжырымдарымызды айтуымыз қажет. Біз оған дайынбыз.
Орынтай ОШАНОВА,
ЮНЕСКО-ның журналистика және
коммуникация кафедрасының меңгерушісі, доцент
ЖАСАМПАЗ ЖОЛДАУ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗІ
Жалпы, Мемлекет басшысының қай жолдауы болсын қазіргі әділетті Қазақстанның жасампаздығы мен жаһандық бәсекелестіктегі рөлін айқындап, заманауи дамудың кешенді іргетасын қалауға мейлінше үлес қосып отырғаны анық. Қазіргі мемлекетімізді дамытудың бірден-бір жолы қуатты экономикалық әлеуетіміз десек, бүгінгі жолдауда бұл мәселе бастапқы орындардан көрінді.
Баршамызға мәлім, соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылда халық игілігіне қажетті көптеген өзгерістер жалғасын тапты. Осыған орай, тиімді реформаларды жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істеу баршамыздың мемлекет алдындағы парызымыз. Нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыруымыз қажет.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауында жаһандық талаптарға сай жаңа технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салаларға терең және қарқынды өзгерістер қажет екенін дәлелдеп берді.
Қазір елімізде орын алып отырған жағдайларға байланысты ең алдымен әлем елдерінің даму индикаторына айналған экономика саласы заманауи талаптарға жауап бере алатындай дәрежеде болуы кезек күттірмес мәселе. Осы орайда, Мемлекет басшысы алдағы уақытта экономика саласын білімді де білікті, іскер мамандармен қамтамасыз ету мәселесін көпшілік талқысына салды. Сонымен бірге аса өзекті болып отырған су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда ерекше байқалып отырған кадр тапшылығын жою мәселесінде нақты жұмыстар басталғанын атап көрсетті.
Еліміздің болашақтағы дамуы, жаһандық бәсекелестіктегі әлеуеті тікелей білім және ғылым саласымен байланысты екенін ескерсек, Президенттің саясатымен соңғы жылдары жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатқаны баршамызға аян. Қазірге дейін біздің елімізде танымал шетелдік 20-дан астам жоғары оқу орындары жұмыстарын жалғастыруда. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығына байланысты мәселелерді шешіп қана қоймай, ұтымды халықаралық тәжірибені өндіріске енгізуге серпін берері даусыз. Сондықтан да осындай оқу орындарын мейлінше қолдау, тәжірибе алмасу, үздік жаңа технологияларды қолдану нәтиже беретініне сенім мол.
Қазіргі жаңа инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру Қазақстанның алдағы даму саясатына өте қажет. Өйткені осындай нақты іс-әрекеттер, шетелдік үздік тәжірибелерді енгізу экономикамен қатар, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыра түседі.
Осы орайда, Президент ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын «академиялық туризмге» айналдырмай, нақтылы әрекеттерді меңгеруге бағытталуы қажет екеніне назар аударды.
Қазіргі Қазақстанның білім беру ісі мен ғылымды дамытудағы ұстанымдарына тек жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауға мейлінше ден қоюы кезек күттірмес мәселе. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы үкіметке колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тапсырма беруі көптеген білім алушыларға жасалып отырған жағдай деп қарастыруымызға негіз бар.
Әлемдік тарихқа көз жүгіртсек, елдің экономикасы демократиялық негізде қарыштап дамыған сайын әлеуметтік теңсіздік мәселесі шешімін тауып, халықтың тұрмысы түзелетінін аңғару қиын емес. Президент жолдауында еліміздің әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған жаңа механизмдерді қолдануға назар аударылды. Осы орайда, Мемлекет басшысы әрбір шешім, ұтымды жоба халық игілігіне пайдаланылуы қажет екенін атап көрсетті.
Жолдауда шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру, банк ісі, бюджет қаржысын тиімді пайдалану, салық реформалары, білім мен денсаулық сақтау, инвестициялық жобалар, агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау, көлік-логистика секторын дамыту келешегіне байланысты мәселелер де назардан тыс қалмады.
Ендігі кезекте заң талаптары мен тәртіпке бағынған мемлекеттің болашағына, жолдауда айтылған жаңа тапсырмаларға табандылықпен жұмылу баршамыздың борышымыз деп санаймыз.
Дархан БАЙДАЛИЕВ,
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымының кандидаты
САЯСИ ЖАҢАРТУ – ӨРКЕНДЕУ КЕПІЛІ
Биылғы жолдау да жылдағыдай болашақтағы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылап, оның бағыт-бағдарын айқындап беруге арналды. Президент еліміздегі әр қазақстандық қоғам алдындағы жауапкершілігін толық түсініп, туған елі мен оның табиғатына деген жанашырлығын құр сөзбен емес, нақты іспен көрсеткен кезде ғана ел халқының бірлігі бекемделіп, бірегей нәтижелі болатынын ескертті. Осы орайда, қоғам алдағы уақытта жұдырықтай жұмылып бірге жұмыс істеуі қажет.
Алқалы жиын барысында Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев елімізде жаңа экономикалық саясатқа көшудің жалғасын тауып жатқанын, ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырып, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадам жасау қажет екенін көпшіліктің есіне салды. Мемлекет басшысы еліміздің басты байлығы – Жер-Ананы аялап, агрошаруашылық пен агробизнес саласына баса назар аударып, отандастарын жер мен су ресурстарын тиімді пайдалануға, сол арқылы ел байлығын еселей түсуге шақырды. Әсіресе ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайтынына, ештеңеден құр қалмайтынына, бұл істе әр қоғам мүшесі айрықша рөл атқаратынына тоқталып өтті.
Еліміздің руханият саласында атқарылатын істердің маңыздылығына тоқтала келе, оның біртұтас мәдени кеңістігіне зиян келтіретін істерден бойымызды аулақ салып, нағыз шынайы отансүйгіш азамат болуымыздың қажеттілігін, мемлекетті құр сөзбен емес, нақты іспен қолдаудың, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланудың мысалдарын келтірді.
Бұрындары Парламент қабырғасында өтетін алқалы жиынның тағы бір ерекшелігі – биылғы жолдау халыққа Үкімет үйінен таратылды. Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақстандықтардың әл-ауқаты мен табысын арттыру үкімет пен әкімдердің бірінші кезектегі міндеті екеніне айрықша тоқталып өтті. Мемлекетіміздің саяси жүйесі толықтай өзгертіліп, азаматтардың ел басқару ісіне араласуы мен демократиялық құндылықтарды дәріптеген елге айналғанымызды тілге тиек ете отырып, өзі Президент болған 2019 жылдан бері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуын жүйелі түрде жүзеге асырып отырғаны жайлы мәселе қозғады.
Экономиканы диверсификациялаудың арқасында өткен жылмен салыстырғанда инфляция деңгейінің 2,5 есеге азайғанын, еліміздің халықаралық қоры 100 миллиард доллардан асып кеткенін жеткізді. Осындай экономикалық даму алдымен әлеуметтік теңсіздікті түбегейлі жоюмен және орта тапты қалыптастырып қана қоймай, бизнес ортаға қолайлы жағдай жасап, шетелден тиімді инвестиция тартқанда ғана мүмкін екенін тағы бір мәрте еске салды.
Жаһандық даму жағдайында Қазақстанда энергия көздеріне үлкен тапшылық барын жиі айтып және көңіл аударып жүрген Мемлекет басшысы еліміздің сенімді әрі экологиялық таза энергия көздеріне қажеттілігін атом энергетикасын дамыту арқылы ғана шешуге болатынын нақтылады. Осы мақсатты іске асыру үшін Үкіметтің ұсынысын қолдайтынын білдірген Қ.К.Тоқаев: «Елдің өмірі үшін маңызды әрбір қадам тек қана халықтың қолдауымен іске асуы қажет. АЭС салу жөніндегі референдум жөнінде де айтарым осы. АЭС құрылысы жөніндегі жалпыхалықтық референдумды 6 қазанға белгілеу жөнінде тиісті жарлыққа бүгін қол қоямын», – деп мәлімдеді.
Соңғы жылдары азаматтардың қажеттілін қанағаттандырған құптарлық бастама – әкімдерді сайлау мәселесі. Сайлау нәтижелері мен жаңа сайланған әкімдердің жұмысына жасалған анализ келесі жылдан бастап мүлде жаңа жүйеге өту қажеттілігн айқындап берді. Ендігі жерде құзыреттілігі аяқталған аудан мен облыстық деңгейдегі әкімдер тек тікелей сайлау арқылы ғана сайлана алады. Президент мұны саяси жүйенің трансформациясындағы кезекті маңызды қадам екенін айта келе, «Саяси реформалар – бұл бір реттік кампания емес. Егер ол мемлекеттің дамуы үшін қажет болса, реформалар тұрақты түрде өткізіліп тұрады» деп қорытындылады.
Дүниежүзінде құндылықтар қақтығысы орын алып жатқан қазіргі өте күрделі, шиеленісіп тұрған геосаяси жағдайда Қазақстанда Үкіметтің ең басты міндеті – байыпты саяси жаңартулар арқылы жүйелі экономикалық өркендеуге қол жеткізу. Сонымен бірге Үкіметтің алдына тұрақты түрде қойылатын талап – елдің бірлігін, халықтың ынтымағын нығайту, қоғамды тұтастай біріктіру, азаматтардың әл-ауқатын еселеп арттыру болып қала бермек.
Есенай ІҢКӘРБАЕВ,
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті, саяси ғылымдар кандидаты
АЙҚЫН БАҒЫТ, МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған дәстүрлі бағдарламалық жолдауы ең алдымен мемлекетіміздің әлеуметтік- экономикалық дамуын қамтамасыз ететін даму тетіктеріне баса назар аударды. Мемлекет басшысы бірнеше көкейкесті мәселелердің нақты бағытын айқындап, жаңа тапсырмалар берді.
Президент еліміздің кадрлық әлеуетін көтеру мәселесіне тоқталды. Ең алдымен болашақтың кәсіби маманын даярлауға бет бұру керектігіне назар аударды. Отандық ЖОО білім беру бағдарламаларының заман талабына сай, сапалы білім беруді күшейту қажеттігін, ол үшін маңдайалды оқу орындарының өндіріс орындарымен тығыз байланыста болуын баса айтты. Президент елдің инновациялық саясатында ғылыми-технологиялық басымдығын көрсететінін, ал өз кезегінде салалық инновацияға серпіліс беріп, ЖОО қолданбалы ғылымның әлеуетін ашатынын айтты. Білім беру саласында кәсіби білім берудің маңыздылығына тоқталып, экономиканы қаржыландыруға тартымды ықпал етеді деп көрсетті. Сонымен қатар еліміздің жас ұрпағының алаңсыз білім нәрімен сусындап қана қоймай, болашағы айқын азамат болып қалыптасуында ерекше маңызға ие 217 «Жайлы мектеп» салынғанын мәлім етті.
Мұғалім – еліміздің интеллектуалды авангарды, ұлтымыздың іргетасын қалаушыларды даярлайтын маман. Сондықтан педагогикалық ЖОО қабілетті жастарға назар аудару қажеттігін баса айтты.
Жолдауда Президент ұлтымыздың генофондын сақтау қажеттігіне ерекше тоқталды. Жастар арасында есірткі заттарының таралмауын, оған тәртіп сақшылары тарапынан үлкен тосқауыл болу керектігін ескертті. Заң мен тәртіпке, білім мен прагматизмге негізделген салауатты қоғам құру керектігін алға тартты.
Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Президент еліміздің жарқын болашағы білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, өз болашағын елімен, жерімен байланыстыратын, мемлекетінің гүлденген елдер қатарында болғанын қалайтын отаншыл, патриот жастарға көп үміт артатынын байқатты.
Президентіміздің ЖОО-лардың өндіріс орындарымен тығыз байланыста болу нұсқауының шеңберінде Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің Археология, этнология және музеология кафедрасы студент, мамандардың ғылыммен айналысуына, қабілетті де білікті маман болуын қамтамасыз ету мақсатында Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, ҚР Орталық мемлекеттік музейі, Ә.Қастеев атындағы музей т.б. ғылыми-зерттеу ұйымдарымен әріптестік орнатқан. Біздің студенттер бүгінде еліміздің қажетін қамтамасыз етіп отырған мамандар деп сеніммен айта аламыз.
Бибізия ҚАЛШАБАЕВА,
т.ғ.д., профессор м.а.
ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ
Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы ел халқына арнаған жолдауының бір ерекшелігі – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолдары мен әдіс-тәсілдерінің кешенді қамтылуы. Жаңа жолдаудың мән-мәтініне заманауи әлемдік саясат пен экономиканың дағдарысы, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлердің асқынуы, геосаяси үдерістердің шиеленісуі ықпал еткені анық байқалады. Сонымен қатар ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктеріне сай қоғамдық құндылықтар жүйесі мен адамдардың өмір салтының өзгеруі өз кезегінде әділетті қоғам құру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді шеберлікпен үйлестіре білуді қажетсінеді.
Мемлекет басшысы ең алдымен ел азаматтарын алаңдатып жүрген АЭС салуға, атап айтқанда энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына ерекше тоқталып, осы мәселе бойынша 6 қазанда жалпыхалықтық референдум өтетінін жариялады. Президент отандық АЭС салу электр энергиясының тапшылығын жоюдың экологиялық жағынан таза әрі қауіпсіз балама жолы екенін әлемдік тәжірибеге сілтеме жасай отырып дәлелдеуге тырысты. Президентіміз қазіргі кезде әлемдегі 30 дамыған және дамушы елдерде 200-ге жуық АЭС жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті.
Жолдауда көтерілген экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де еліміз үшін өте өзекті. Климаттың ауысуы, жаһандық жылыну, жер-судың қалдықтармен ластануы сияқты қатерлер қоршаған орта мен адам денсаулығына орны толмас зиян келтіруде. Топан су басу, қуаңшылық, орман мен дала өрттері сияқты бір-біріне қарама-қайшы төтенше апаттардың түбінде экологиялық мәселелер жатыр. Сол сияқты ішкі туристік инфрақұрылымды дамыту барысында экологиялық тепе-теңдікті сақтау мәселесіне баса назар аудару қажет. Сондықтан Президентіміз тиісті мемлекеттік органдарға су және жер ресурстарын ұтымды пайдалану, орман шаруашылығын дамыту, қалдықтарды жинау мен өңдеу бойынша тапсырмалар берді. Ағаш егу мәдениетін азаматтарды игі іске жұмылдырушы жалпыұлттық идеяға айналдырып, «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы сияқты бүкілхалықтық деңгейге көтеруді ұсынды.
Ақпараттық технологиялар мен цифрландырудың дамуымен бірге киберқылмыстардың саны артып кеткені де ащы шындық. Әсіресе интернет арқылы алаяқтық жасау фактілері күрт өсіп отыр. Бұған қоса, әлеуметтік желілер көмегімен ұлтаралық және дінаралық араздықты қоздыру, экстремизм мен терроризмді насихаттау, шетелдерден арандатушылық жасау және жалған ақпарат тарату сияқты қауіп-қатерлер көбейді. Сондықтан жолдауда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Енді Президент тапсырмасымен мектептерде қаржылық сауаттылық негіздері арнайы оқу бағдарламасы түрінде енгізілмек. Арнаулы органдар болса цифрлық ортадағы қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатерлермен күресуге қажетті заңнамамен және барлық қажетті ресурстармен жабдықталатын болды.
Бұған дейін де, яғни 15 наурызда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін бес кесел туралы айтқан болатын. Бұл кеселдер: 1) есірткі саудасы, электронды темекі (вейп), насыбай ату, 2 ) лудомания, яғни құмарпаздық, 3) тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, 4) вандализм, 5) ысырапшылдық. Жаңа жолдау барысында Президент осы аталған бес кесел бойынша нақты қандай шаралар атқарылғанына тоқталды. Атап айтқанда, елімізде вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Насыбай мен вейпке тыйым салынды. Алайда Мемлекет басшысы есірткі саудасы бойынша нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте екенін қынжыла мойындады. Осы мәселе бойынша ол: «Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», – деді. Әсіресе синтетикалық есірткі саудасы ушығып барады.
Президенттің тікелей бақылауымен қабылданған игі шаралардың нәтижесі болашақ ұрпақтың денсаулығынан, генетикалық қорымыздың сақталуынан көрініс берері сөзсіз. Бұл қоғамдық кеселдердің бәрімен алдағы уақытта да дүйім жұрт болып жұмыла күресе беруіміз керек.
Жолдауда жол қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінді. Президент келтірген қайғылы статистика бойынша жыл басынан бері елімізде жол-көлік апаттарынан 1300 адам көз жұмып, 16 мыңға жуық адам жарақаттанған. Сондықтан жергілікті маңызы бар жолдар мен республикалық тас жолдарда жол қауіпсіздігіне басымдық беріледі. Бұл міндет жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту мен жасанды зияткерлік жүйелерді енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.
Сейілбек ШАЯХМЕТҰЛЫ,
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы
ЕРЕКШЕ ОПТИМИСТІК МАҢЫЗҒА ИЕ
Әлемдегі және көршілес елдердегі геосаяси жағдайдың қиын кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті жолдауы ерекше оптимистік маңызға ие. Негізінен, халыққа бұрынғы жолдауда айтылған проблемалардың шешілгені немесе проблема күйінде қалғаны туралы да айтып өтті. Біздің байқағанымыз, Президент әрбір жолдауын құрғақ сөз емес, ел болашағын елең еткізетін өткір мәселелер мен ұлт болашағына арналған жоспар негізінде алып отыр. Атап айтар болсақ, елімізде халықтың дені банктерге қарызға батып, елдің қаржылық проблемалары туындап отырғанын баса айтты. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында елдің әлеуетін білім арқылы көтеруге және жастарды адал еңбек етуге шақырды.
Қазір дүниежүзінде цифрлық және жасанды интеллектіге бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Сонымен қатар өткен жылғы жолдауда сөз болған атом электр станциясын салу мәселесі айтылды. Әлеуметтік желіде тараған және қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған жасөспірімдерге зорлық-зомбылық, әлеуметтік қиындықтар, медицина саласында қызметтің төмендігі, білім беру мен ғылымның сәйкессіздігі т.б. мәселелерге жан-жақты тоқталып өтті.
Елімізде орын алып отырған мәселелерді жіті бақылап, заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру қажет. Яғни қоғамның болашағына кесірін тигізетін буллинг, әлімжеттік, вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданатын болады. Сонымен қатар әскердегі әлімжеттік салдарынан сарбаздардың мүгедек болып, соңы өлімге алып келуі қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Осының дер кезінде шешімін тауып, әскердегі темірдей тәртіптің қажеттігі туралы айтып өтті. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда: «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Демек, тәртіп бар жерде береке мен бірлік, мәдениет бар.
Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды және елдің бірлігі мен тұтастығы маңызды болып табылады. Демек, мемлекеттің болашағы – мектепте білім алып жатқан жастарымыздың бойында ұлттық тәрбие мен ұлттық идеологияны қалыптастырудың маңызы зор деп білеміз.
Абай ҚАБАҚБАЙҰЛЫ,
педагогика ғылымының кандидаты, доцент
ЖОЛДАУ ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУ САЛАЛАРЫН ЖАН-ЖАҚТЫ САРАЛАДЫ
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті жолдауында ел дамуының негізгі бағыттарын жариялады. Жолдауда Президент аса маңызды мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда: экономиканы әртараптандырудың, шағын және орта бизнесті қолдаудың, инновацияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік әділеттілікке, бюджеттік саладағы жалақыны арттыруға, зейнетақымен қамтамасыз етуді жақсартуға және халықтың осал топтарын қолдауға баса көңіл бөлді. Білім беру жүйесін жаңғырту, мұғалімдердің біліктілігін және денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды арттыру жоспарлары жарияланды. Сондай-ақ жолдауда экология және тұрақты даму мәселелері қозғалды. Президент қоршаған ортаны қорғау шараларын, оның ішінде ластанумен күресу және жаңартылатын энергия көздерін дамытуды күшейту қажеттігін атап өтті. Ал саяси салаға қатысты Мемлекет басшысы елді демократияландыру, азаматтардың құқығы мен бостандығын кеңейту, сонымен бірге билік институттарын нығайту бағытын жалғастыруға ерекше тоқталды. Ел Президенті әсіресе сот жүйесін одан әрі дамытып, судьялардың дербестігін арттырудың, азаматтық қоғамның рөлін күшейту қажеттілігіне ден қойды.
Президент жолдауында көтерілген мәселелердің өзектілігі және ұсынылған шаралардың маңызы ерекше. Оны көптеген сарапшылар мен қоғам өкілдері атап өтіп, оң бағаларын беруде. Жалпы, бұл жолдау Қазақстан халқының тыныс-тіршілігінің жетілуіне жол ашып, түрлі салаларында нақты жақсартуларға сенім білдіреді.
Н.МЫҢБАТЫРОВА,
Мемлекет және құқық теориясы
мен тарихы, конституциялық
және әкімшілік құқық
кафедрасының доценті, з.ғ.к.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЖОЛДАУДЫҢ ҮДЕСІНЕН ШЫҒАМЫЗ
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауында білім беру саласына қатысты маңызды міндет пен жаңа мақсаттар белгіленді. Бұл жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі – білім сапасын арттыру, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу және білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін көтеру. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ ұлттық университеті бұл бағытта айрықша рөл атқаруға дайын екенін көрсетіп отыр.
ҚазҰУ еліміздің ең беделді оқу орындарының бірі ретінде Мемлекет басшысының айтқан ой-ұсынысын қолдайды. Оқу ордасы өз тарапынан білім беру стандарттарының сапасын арттырып, жаңа әдістемелерді енгізу арқылы үлесімізді қосамыз. Университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын, инновациялық жобаларын қолдауы мен білім беру әдістерін жаңғыртуы Президент жолдауындағы білім беру сапасын арттыру мақсаттарымен толық сәйкес келеді.
ҚазҰУ заманауи технологияларды енгізіп, ғылыми зерттеулерді жаңа әдістермен жүргізу үшін инфрақұрылымын үнемі жаңартып отырады. Осыған орай, ҚазҰУ-да соңғы жылдары жаңа зертханалар мен техникалық орталықтар ашылды. Бұл жаңартулар білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, сондай-ақ студенттер мен зерттеушілерге заманауи құралдар мен ресурстарды ұсынуға мүмкіндік береді.
Университеттің әлеуметтік жауапкершілігі мен студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты ұстанымдары Президент жолдауындағы міндеттермен тығыз байланысты. Оқу ордасы әлеуметтік инклюзияны, студенттерді моральдық және материалдық тұрғыда қолдауы мақсатында түрлі бағдарламалар мен жобаларды іске асырып келеді. Бұл жобалар студенттердің білім алу процесін жеңілдетуге, олардың өмір сапасын жақсартуға және оқу барысында кездесетін қиындықтарды жеңуге көмек береді. Білім ошағының бұл бағыттағы жұмыстары еліміздің білім беру саласының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ болашақта жаңа кәсіби мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Айша БЕГАЛИЕВА,
Самал САҒНАЙҚЫЗЫ,
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары
«ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі жолдауында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты көптеген мәселелерге тоқталды. Қазіргі таңда «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатқаны айтылды. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыра отырып, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатыны айтылды.
Біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыз өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына мүмкіндік жасалып жатқанын жеткізді. Халықтың құқығын қорғау саласында кешенді шаралар жүргізілуде. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құрып, озық елдер қатарына қосылу. Сондықтан маңызды реформаларды дамытып, жүйелі жұмысты тоқтатпай жүзеге асыру керек.
Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Президент жеке адамнан бастап, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтті. Алдағы уақыттағы басты міндеттің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек екені де осы жолдауда айтылды. Ел басшысы «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек» деп нақты міндет қойды. Бұған қоса, алдағы ауқымды жұмыстардың орындалуын қадағалап, тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге тапсырма берді. Ел тұрғындарының жасампаздық әлеуетін толық ашып, жалпы халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің маңызды міндеті екенін тағы бір нықтап айтты.
Ақылбек ИСАБЕКОВ,
ҚазҰУ-дың заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к.
ЖАСТАРДЫ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ЖОЛДАУ
Ел Президентінің жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық саланың дамуы ел тағдыры үшін маңызды. Қазіргі қоғам білімді жастардың қоғамы. «Дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек», – деді Президентіміз. Жас буынға білім беру жолында еңбек етіп жүргендіктен, білім саласында болып жатқан барлық өзгерістер мен жаңалықтар жаныма жақын. Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда ерекше байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.
«Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан жастарға біліммен қоса, тәрбие берумен айналысқандықтан, бізге қойылатын талаптардың бірі – білім берумен қатар, сапалы тәрбие беру, жастарға қазіргі ғылымға ден қоюшылығын оята білу, дұрыс бағыт-бағдар беру біздің басты құндылығымыз.
Қоғам үшін маңызды ғылыми салалардың ішінде табиғаттың құпияларын ашуға арналған генетика ғылымы ерекше орын алады. Генетика – қазіргі биологияның барлық бағыттарына енетін интеграциялық пән. Қазір әлемде адам өмірінің барлық аспектілерінде, оның ішінде әртүрлі ғылыми және практикалық бағыттар үшін генетика ғылымының жетістіктері іс жүзінде маңызды болып отыр. Генетикалық технологиялар медицинада, ветеринарияда, криминалистикада, микробиологияда, вирусологияда, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы және т.б. салаларда табысты қолданылуда. Бүгінгі күні инвестиция тұрғысынан қарасақ, генетика болашағы бар сала болып саналады. Қазіргі әлемде генетика адам өмірінің көптеген аспектілерінде шешуші рөл атқарады, түрлі ғылыми салаларды қамтиды. Болашақта генетика саласымен байланысты генетикалық кеңесші, IТ-генетик, молекулалық диетолог және генетик дербестендірілген медицина сарапшысы сияқты мамандықтарына 2030 жылға қарай сұраныс көбейеді деген болжамның негізіне генетикалық технологиялардың қарқынды дамуы жатады.
Отандық генетикалық технологияларды дамыту және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу еліміздің ғылыми-технологиялық бағыттарының басым бағыттар қатарына жатады. Оның шешімдерінің бірі – жоғары білікті мамандар даярлау және қайта даярлау, білім беру бағдарламаларын бейімдеу және бар бағдарламаларды жетілдіру, сонымен бірге талантты және дарынды жастарды генетиканы зерттеуге тарту болып табылады.
Еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш-жігерімізді сала отырып, еңбек ету – біздің басты парызымыз. Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді.
Жанар ЧУНЕТОВА,
Молекулалық биология және генетика кафедрасының доценті, б.ғ.к.
ЕЛ ДАМУЫНА ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСАЙЫҚ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқықтық тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты ел халқына жолдауын шын ықыласпен көріп, тыңдадым.
Мемлекет басшысының әр айтқан сөзі көкейіме қонды. Енді кейбіріне ішінара тоқтала кетсем деймін. Президент: «Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек», – деді. Толықтай келісемін. Мәселен, Алматы қаласында бүтін жатқан асфальт жолдарды, бордюрлерді, бетон арықтарды қиратып, қайтадан салып жатады. Жылда көретін көрініс осы. Ал дәл сол кезде Алматының іргесіндегі Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылында бірнеше жыл бойы жолдарына тас төселмей, халық қиналады.
Сонымен бірге Мемлекет басшысының «Ірі кәсіп иелері осы елдің азаматы ретінде ел игілігіне жарайтын мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады» деген сөзі де көкейге қонды.
Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты тың ойларын айтты. Өте орынды. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген субсидияны шын мәнінде дала төсінде еңбектеніп жатқандар емес, шенеуніктермен жеңұшынан жалғасқан пысықай делдалдардың алып кететіні жасырын емес.
Осы тұрғыда біздің кафедраның ғалымдары да ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті, маңызды ғылыми жобалармен айналысып жатқанын айтқым келеді. Атап айтқанда: түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарының, өзге де өсімдіктердің (мысалы, сексеуіл) ұрықтарын полимер үлдірмен орау арқылы алғашқы егілген кезде олардың түрлі зиянкестерге, табиғи сынақтарға төтеп беруіне қол жеткізуге болады. Әйтпесе бүгінгі таңда дүкендерде сатылатын көкөніс ұрықтарының барлығы дерлік өзге елдерден келген.
Президенттің «Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деген сөзі де көңілден шықты. Өйткені астық өндірушілердің күзде өз өнімдерін сата алмайтынын білеміз. Ал жерде еңкейіп бір күн де жұмыс істемеген, мемлекеттен шетелге астық сатуға лицензия алған делдалдар астықты диқандардан барынша арзан бағаға сатып алып, шетелге үстеме баға қойып сатады. Бұдан кейін қарапайым еңбек адамының жұмыс істеуге зауқы да болмайды.
Мемлекет басшысы мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту маңызды міндет екенін айтып кетті. Осы тұрғыда, біздің кафедрада биоыдырайтын полимер үлдірлер алу үшін ғылыми ізденістер, жұмыстар жасалып жатқанын айта кету жөн деп білемін.
Иә, Мемлекет басшысының экономика, экологиялық ахуал, денсаулық сақтау, білім беру саласы, елде заң мен тәртіптің сақталуы т.б. мәселелерге қатысты айтқан ойларының барлығы да құптарлық.
Перизат ҮРКІМБАЕВА,
химия ғылымының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ
Президент жолдауында Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша дамыту негіздері қарастырылды. Сонымен қатар еліміздегі өнеркәсіптің дамуы, құқықтық мәселелер және «Таза Қазақстан» аясында жобаларды дамыту, ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Жоғарыда аталған мәселелерге жан-жақты тоқтала отырып, оларды дамытуға арналған бірегей бағдарламалардың қажеттілігін баса айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жолдауда тағы бірнеше заңның жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.
Мәселен, әлеуметтік салаға, әсіресе балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөліне бастады. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданып, іске асырылуда. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатынын және кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жазаны қатаңдату жайы айтылды. Бұл, менің ойымша, бәріміз қоштайтын мәселе. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заңдарға тоқталып, отбасылық мәселелерге де ерекше назар аударды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арналған жолдауын қорытындылай келе, жұмысшы топтардың еңбегін айрықша бағалап, келесі жылды «Жұмысшылар жылы» деп атауға ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты өз басым қолдаймын.
Болатхан Серғазыұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының
профессор м.а., филология ғылымының кандидаты
ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ
Биылғы Президент жолдауы өз жаңалығы, құнды ұсынысымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан ары өркендетуге, жаңғыртуға негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді. Өйткені ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауы мемлекетіміздің даму жолындағы бағыт берер басты құжаты. Бұл Жолдау – негізінен ел дамуының негізгі бағыттарына арналып отыр. Аталған Жолдауда экономиканы әртараптандырудың, шағын және орта бизнесті қолдаудың, инновацияларды енгізудің маңыздылығы аталып, әлеуметтік әділеттілікке, бюджеттік саладағы жалақыны арттыруға, зейнетақымен қамтамасыз етуді жақсартуға және халықтың осал топтарын қолдауға баса көңіл бөлініп, білім беру жүйесін жаңғырту, мұғалімдердің біліктілігін және денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды арттыру жоспары айтылды. Сонымен бірге жолдауда экология және тұрақты даму мәселелері қозғалды. Президент қоршаған ортаны қорғау шараларын, оның ішінде ластанумен күресу және жаңартылатын энергия көздерін дамытуды күшейту қажеттігін атап өтті. Ал саяси салаға қатысты Мемлекет басшысы елді демократияландыру, азаматтардың құқығы мен бостандығын кеңейту, сонымен бірге билік институттарын нығайту бағытын жалғастыруға ерекше тоқталды.
Бұл айтылған, ұсынылған Президент жолдауы халыққа, қоғамға, мемлекет дамуы, өркендеуі үшін аса қажетті дүние. Еліміздің экономикалық дамуына халықтың әлеуметтік жағдайының артуы зор әсер етеді.
Президенттің бастамалары қазіргі заман талабына сай деп есептеймін. Сонымен қатар биылғы жолдауда айтылған мақсаттарды орындау да үлкен жауапкершілік жүктейді.
А.Саденова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті,
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасы
ХАЛЫҚҚА БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ КӨМЕГІ
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа жолдауында көптеген экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда ел ішіндегі түйткілдермен қатар жаһандық және аймақтық мәселелер көтерілді. Бүгінгі таңда өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлік саласында, қаржы, білім, ғылым тағы басқа да салаларда шешімін күтіп отырған көптеген жұмыстар бар. Жолдауда осы мәселелердің шешімі айтылып өтті, әсіресе, шағын және орта бизнеске және тағы басқа да өнертабыс түрлеріне салық салудың оңайлатылған және жеңіл түрлері қарастырылатыны өте дұрыс шешім.
Ауыл шаруашылығымен тікелей айналысатын ауыл тұрғындарына өздері өндірген өнімдерін өңдеуге және тасымалдап сатуға қолайлы жағдай жасау үшін ыңғайлы инфрақұрылым құру қажеттігі өте маңызды екені айтылды. Әр аймақта, ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталықтар ашу қажет екені дұрыс шешім, себебі даму үшін білім мен ғылым ауадай қажет.
Экономикалық, саяси, климаттың жаһандық және аймақтық күрделі кезеңде білім мен ғылым саласына көп көңіл бөле отырып, аталған мәселелердің шешімін табуға болады. Осы жолда еліміздің әр аймағына грандтық қаржылар бөлініп қыруар жұмыстар жасалуда. Алдағы уақытта осындай жұмыстарды дамыта отырып, қоршаған ортаның экологиялық мәселелеріне көп көңіл бөлу керек, яғни, ғылыми тұрғыда шешімін табу қажет. Еліміздегі су тасқыны, тау жылжымалары, өрт сияқты табиғи апаттардың алдын аудың жолдарын қарстырып, жастарды ғылыми тұрғыда жұмылдыру керек.
Қалаларда, әсіресе, Алматы сияқты ірі қалаларда күрделі мәселелер күннен күнге ушығып келеді. Осындай мәселелерді шешудің бірден-бір жолы маңайындағы қалаларды дамытқан жөн, соның бірі Алатау қаласының даму жағдайын қарастыру жолдаудағы үлкен мән беретін іс. Алатау қаласын дамыта отырып баспанаға, әлеуметтік нысандарға, инженерлік инфрақұрылымға, логистикаға және экологияға қатысты жұмыстарды шешу басты мәселенің бірі. Осының барлығы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың бірден-бір жолы.
Білім мен ғылым саласындағы оқу орындары жолдаудағы басты мәселелерге баса мән беріп, күрделі мәселелердің шешімін табуға жұмыс істеп, халыққа түсіндіріп, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға көмек беріп, алдыңғы шепте болуға тиіс.
Әлім МЫЛҚАЙДАРОВ, г.ғ.к.
География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Қазақ елі әр жылы жаңа үмітпен күтетін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздегі саяси оқиғалардың ең маңыздысы ретінде қабылданатын тарихи құжат. Жолдаудың мән-маңызы өте ерекше, ауқымы кең, мазмұны бөлек екені көңіл қуантты. Сондықтан оның әр бөліміндегі көтерілген мәселе мен тапсырмалар ұлт ертеңі үшін атқарылатын нақты жол. Мемлекет басшысы кезекті Қазақстан халқына жолдауында алда тұрған маңызды бағыттарымыз бен мақсат-мұраттарымызды анықтап берді.
Бұл жолдауда экономикалық даму, әлеуметтің әлеуетін көтеру, адам денсаулығын нығайту, білім сапасын жақсарту, құрлықтың экожүйелерін және климаттың өзгеруі, инклюзивтік өсу жаһандық серіктестік, ресурстарды жұмылдыру, технологиялар сияқты еліміз үшін маңызды бастамалар бойынша ой-ұсыныс айтылды. Президент жолдауында көтерілген мәселелердің өзектілігі және ұсынылған шаралардың маңызы ерекше. Бұл жолдау осы салалардың жұмысын жандандыруға қозғау салып, Қазақстан халқының тыныс-тіршілігінің жетілуіне жол ашып, түрлі салаларында нақты жақсартуларды ширатуға үлкен серпін береді деп ойлаймын.
Президенттің бастамалары қазіргі заман талабына сай деп есептеймін. Сонымен қатар биылғы жолдауда айтылған мақсаттарды орындау да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Е.Өзенбек
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Тарих факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасы
АЭС МӘСЕЛЕСІ АШЫҚ ТАЛҚЫЛАНУЫ ТИІС
Қазақстанда АЭС салу туралы мәселе бүгінгі күні қоғамда қызу талқылануда. Бұл осы мәселенің қоғам өмірі, болашағы үшін аса маңызды екенін дәлелдейді. Негізінен, қоғамдық пікір сан түрлі: бірінші топ АЭС салуға үзілді-кесілді қарсы, ал екінші топ «АЭС салу керек» дейді. Байқалатыны, бірінші топтағылар өз пікірлерін (негізінен, әлеуметтік желілерде) едәуір агрессивті білдіруде және бұл пікірді қоғамды жайлаған парақорлық, халықаралық саяси жағдайдың тұрақсыздығы, экономикалық тұрғыдан АЭС салудың қаншалықты тиімді екенінің белгісіздігімен негіздейді. Бұл топтағылардың қоғамның қандай әлеуметтік тобына жататындары да айқын емес, олар негізінен әлеуметтік желі тұтынушылары.
Ал екінші топ АЭС салуды енжар, сылбыр қолдаушылар. Олар бірінші топтағылардай өз пікірлерін ашық және қызу білдірмейді, сипақтап, мәймөңкелеп білдіреді. Бұл пікірді оларға сырттан таңып отырғаны сезіледі. Бұл топтағылар негізінен мемлекет қызметкерлері, мұғалімдер, ғылыми зиялылар. Олардың өздері айтып отырған пікіріне өзі сенімді емес екені байқалады. Қоғамдағы ең басты қайшылық – «АЭС-ті Ресей салуы мүмкін» деген қауіп. Алдағы референдум нәтижесін шығаруға деген үлкен сенімсіздік бар. Сондықтан қоғам үшін аса маңызды бұл мәселе ашық және адал талқылануы тиіс. Бұл менің жеке пікірім.
Имамбек Оңласын,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті
АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ЖАЙЫНДАҒЫ МИФ ПЕН ШЫНДЫҚ
Атом электр станциясы төңірегінде миф пен қате түсініктер көп. Сондықтан ең көп талқыланатын энергетикалық нысандардың бірі болып саналады. Миф атаулы көбіне ақпараттың жетіспеушілігі немесе сирек кездесетін, бірақ орын алған апаттардан туындаған шамадан тыс қорқынышқа қатысты екенін айтуымыз керек. Дегенмен нақты деректер мен заманауи технологияларды қарастыру атом энергетикасының рөлі мен перспективаларына объективті баға беруге мүмкіндік береді.
АЭС қауіпсіздігі – ең көп таралған мәселелердің бірі. Атом станцияларынан қорқу 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясындағы және 2011 жылы жапондық Фукусимадағы апаттарға қатысты туындаған. Бұл апаттар атом энергетикасы қаупінің символына айналды, алайда олардың түрлі контекстерде және технологиялық дамудың алуан деңгейлерінде болғанын ескеру маңызды. Чернобыль апаты жобалау мен басқарудағы елеулі қателіктердің, сондай-ақ сенімді қауіпсіздік жүйелері болмауының нәтижесінен орын алды. Фукусима өз кезегінде ескірген құрылымдардың табиғи апаттарға осалдығын көрсетті.
Алайда содан бері атом энергетикасы қауіпсіздік саласында үлкен қадам жасады. Қазіргі заманғы үшінші және төртінші буын реакторлары көпдеңгейлі қорғаныс жүйелерімен жабдықталған. Мысалы, пассивті қауіпсіздік жүйелері реакторды сыртқы араласуды немесе электрмен жабдықтауды қажет етпестен автоматты түрде салқындата алады. Мұндай шаралар ауыр апаттар қаупін едәуір азайтады және олардың пайда болу ықтималдығы өте төмен болып қалады.
Атом энергетикасының экономикалық тиімділігі жиі күмән тудырады. Атом электр станциясын салудың жоғары құны инвесторларды шынымен де, әсіресе ұзақ мерзімді өтеу мерзімін ескергенде алаңдатпай қоймайды. Алайда атом электр станцияларының пайдалану шығындары, оның ішінде жанармай құны мен техникалық қызмет көрсету салыстырмалы түрде төмен болып қала береді. Көмір немесе газ электр станцияларынан айырмашылығы – атом электр станцияларында электр энергиясын өндіру құны шикізат бағасының ауытқуына аз тәуелді. Атом станциялары 60 жылдан астам жұмыс істей алады, бұл оларды ұзақ мерзімді перспективада үнемді етеді. Сонымен қатар парниктік газдар шығарындыларын азайту және таза энергияға көшу жөніндегі жаһандық күш-жігерді ескере отырып, атом станциялары болашақтың энергетикалық жүйелерінің маңызды элементі бола алады.
Сәуле ЖАУҒАШЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультеті Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті