Жолдау – ел дамуының стратегиясы.

2024 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын Заң факультетінің студенттері де үлкен ықыласпен қабыл алды. Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударды.
Жолдауда жүзге жуық түрлі бастамалар, ұсыныстар мен тапсырмалар бар. Мысалы, салық жүйесін мұқият ойластыра отырып қайта жүктеу, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған шаралар топтамасын оңтайландыру, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі үшін қолжетімді несие беру, әділ әрі тиімді тариф саясатын жүргізу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, жасанды интеллектіні дамыту және жаппай цифрландыру, азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету сияқты басымдықтарды айрықша атап өтуге болады.
Мемлекет басшысы халықты алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталды. Оның ішінде интернеттегі алаяқтық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, наркобизнеске қарсы күрес, медициналық сақтандыру жүйесінің кемшілігі, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы, шағын және орта бизнес саласын шектен тыс мемлекеттік бақылау, ауыл шаруашылығы статистикасын бұрмалау сияқты түйткілдер бар.
Қазір жаһандық геосаяси ахуал күрделі. Әлемде, Қазақстанда түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Осынау алмағайып кезеңде мемлекетіміз дамудың жаңа бағдарын айқындап, сол жолмен сенімді қадам басып келеді. Ол – Президент айтқандай, Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстан құру жолы. Біз осы алған бағытымыздан таймауымыз қажет. Заң мен тәртіп үстемдік құрып, бірлігі бекем біртұтас ұлтқа айналуымыз керек.
Бейсетбай Мерей Қанатқызы - Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің 3 курс студенті.