Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған жолдауыFarabi University

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған жолдауы

4 қыркүйек, 2024

Жолдауды іске асыруды өзімізден бастайық.

Оқу жылы енді ғана басталған 2024 жылдың 2 қыркүйегі өте ерекше күндердің бірі болды. Әл-Фараби кітапханасының кең залында деканымыз Ахатов Уалихан білім алушылармен кездесу өткізіп, ақыл-кеңестерімен бөлісіп жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі. Бұл күндегі тағы бір ерекшелік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған жолдауы болды. тобымыздың кураторы Бакиров Дархан ағаймен жолдауды талқылағаннан кейін қалыптасқан кейбір ойларыммен бөліссем деймін.
Президенттің жолдауы: «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» деп аталады. Жолдауды орындау үшін тоғыз бағытты көрсетіпті. Бұл бағыттар мыналар:
БІРІНШІ. Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет екендігі.
ЕКІНШІ. Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды екендігі.
ҮШІНШІ. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажеттігі.
ТӨРТІНШІ. Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігі.
БЕСІНШІ. Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екендігі.
АЛТЫНШЫ. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігі.
ЖЕТІНШІ. Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі екендігі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек екендігі.
СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керектігі.
ТОҒЫЗЫНШЫ. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігі.
Мен өзім заң факультетінде оқитын болғандықтан жолдаудағы заңға, құқыққа байланысты жерлерді айтып кеткім келеді. БІРІНШІ бағытта Президенттің Салық кодексіне байланысты айтқан: «Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды» деген сөзі өте дұрыс. Шынында да күрделі, қиын сөздер түсіну үшін көп уақытты алады. ҰБТ-ға дайындалған кезде Азаматтық, Қылмыстық кодексті оңай түсініп, Салық кодексіндегі ұғымдарды 4-5 рет оқып әрең түсінгенмін, кейбірін түсіне алмадым. Заң білімі жоқ кез келген адам қиын жағдайға түсіп қалғанда сүйенетіні осы кодекстер болғандықтан олар жеңіл, түсінуге ыңғайлы болуы керек деп ойлаймын. 
Жолдаудың ТОҒЫЗЫНШЫ бағыты біздің факультетке қатысты екен. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет, - деген бөлікте Президент Қарызсыз қоғам туралы, Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасы дайындалып жатқаны туралы, әділдік, қауіпсіздік, әскердегі тәртіп, есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес, Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстан құру сияқты көптеген мәселелерге тоқталыпты. Мысалы, құқық бұзушылықтың зардабын есептеп, оның салдарымен күрескеннен гөрі оның алдын алған, шама келсе мүлдем болдырмаған дұрыс. Олай болса «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң» қабылданса көп пайдасын берері анық. Президент Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек деді. Өкінішке орай ғаламторды қарасақ көп қызметкерлер шамасы келмей қылмыскерлерді әрең ұстайды, кейде тіпті олар ұстатпай кетеді. Бұл олқылықтың орнын толтыру керек. Жүргізуші куәлігін (правоны) сатып алып жатады. Содан кейін көптеген авариялар жасайды. Бұны жасыра алмаймыз. Осы туралы да Президент: «Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс», деп айтты. Алдағы уақытта бұған жол бермеу керек.
Вандализмге байланысты, неше түрлі ойындарға тәуелді қылатын – лудоманияға, электронды темекі деп жүрген – вейпке тыйым салған заңдар қабылданғанын атап өтті. Қысқасы жолдауда кейбір маңызды мәселелер кеңінен атап өтілді. Бұлардың орындалғаны еліміздің дамуының кепілдігі. Ол үшін берік тәртіп болуы керек. Керісінше, заң бұзушылық, сыбайлас жемқорлық болмауы керек. Өкінішке орай бұл шараларды Президент жалғыз өзі атқара алмайды. Оның сеніп тапсырған өкілдері заң бұзып, сыбайлас жемқорлық жасаса онда мүлдем орындалмайды. Сондықтан жолдаудағы бағыттарды басқа біреу орындау керек деп қарамай өзімізден бастайық дегім келеді.


Еркін Кемел Ерболатұлы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің 1курс студенті.