ҚазҰУ студенттері Қытайда тағылымдамадан өтетін болады

16 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері RHIHUA халықаралық білім беру технологиялары саласындағы Бейжің компаниясының арнайы шақыртуымен Қытайдың Цзянси халықаралық білім беру көрмесіне қатысты.

Көрме шетелде оқыту бастамаларының жоғары сапалы дамуына, Қытай мен шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы алмасулар мен ынтымақтастықты дамытуға арналған. Онда Қытай Халық Республикасының университеттері таныстырылып, Цзянси, Нанчань провинциялары мен Алматы қаласының бес білім ордасы басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Жиын барысында қос елдің жоғары оқу орындары ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізіп, өзара тиімді әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ жүздесу аясында ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін тәжірибе, қажетті ресурстар мен ақпарат алмасуды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім жасау және қазақстандық студенттердің Қытайда тағылымдамадан өтуге дайындығы туралы айтылды. Бұл өз кезегінде жас мамандар үшін халықаралық тәжірибемен танысуға және шетелде өз білімдері мен дағдыларын кеңейтуге мол  мүмкіндік болмақ.

Цзиндэчжэнь және Нанчан қалаларында бірқатар баспасөз конференциялары мен тұсаукесер рәсімдері өтті. Онда халықаралық білім беру технологиялары саласындағы Бейжің компаниясының Beijing PHIHUA Co.LTD президенті Мэй Якун Қытайдың бірқатар университеттерімен кездесу ұйымдастырды. Атап айтсақ: Нанчан қаласындағы Нанчан авиациялық университеті (NCHU), Цзянси қаржы және экономика университеті, Цзиндэчжэнь керамика институты (JCI), Цзянси кәсіби-техникалық көлік институты.

Білім беру ұйымдарының әкімшілігі Цзянси және Нанчан провинциясы департаментінің өкілдері жаңа келісімдер шеңберінде қазақстандық студенттерге Қытайда «1+3» бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігін ұсынады. Онда   бірінші жыл қытай тілін үйренсе, ал келесі үш жылда бакалавриат бағдарламасы бойынша мамандық иегері атанады.

Аталған бағдарлама бойынша Қытай студенттерге шәкіртақы мен қолдау көрсетеді. Бұл ретте ЖОО-лар бір-бірінің кредиттерін есептеп, оқытушылар мен студенттер алмасатын болады. Оқу процесін жеңілдету үшін жоғары оқу орындарында қытай тілі курстары ашылады.

Ынтымақтастық шеңберінде кадрлар даярлау үшін инновациялық зертхана құру, білім беру бағдарламалары бойынша шеберлік сыныптарын өткізу және халықаралық жобаларды іске асыру ұсынылады.

Қытай тарапы үшін бұл ынтымақтастық тарихи Жібек жолы бойынан өткен елдерді біріктіретін «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасының бөлігі ретінде маңызды. Қытай университеттерімен студент алмасу болашақта халықаралық жобаларда жұмыс істеуді жоспарлайтын өршіл жастар үшін тамаша мүмкіндік.

Жиын соңында Қытай Халық Республикасы Білім министрлігінің ғылыми қызметтер алмасу орталығының өкілдері көрмеге арнайы қатысқаны үшін ҚазҰУ ұжымына алғыс білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі