О.П.Джиндал атындағы университетпен серіктестік орнады

16 қыркүйек, 2024

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ынтымақтастықты тереңдету мақсатында О.П.Джиндал (Үндістан) атындағы университеттен делегация келді.

Институционалдық даму және стратегиялық жаһандық өзара іс-қимыл басқармасының тең директоры және басшысы Рахул Бхандария бастаған үнді делегациясы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсеновпен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар екі университет қызметі мен жұмыс бағыттары туралы ақпарат алмасып, ынтымақтастықты дамыту жоспарлары мен мәселелерін талқылады. Бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов ҚазҰУ өзінің 90 жылдық тарихында бүкіл әлем бойынша ғылым және жоғары білім саласындағы көптеген үздік жоғары оқу орындары және институттармен, соның ішінде Үндістан университеттерімен жан-жақты ынтымақтастық байланыс орнатқанын атап өтті.

Бүгінде ҚазҰУ Үндістанның 10 жоғары оқу орны және ұйымдарымен қарым-қатынас орнатқан. Олардың қатарында Бомбей технологиялық институты, Джавахарлал Неру университеті, Амити университеті, Б.М.С. атындағы инженерлік колледжі, Кашмир университеті, Үндістанның инженерлік және технологиялар колледжі және т.б. бар.

ҚазҰУ – Қазақстандағы шығыстанушы-индолог мамандарын даярлайтын жалғыз университет. Бүгінгі таңда оқу орнында 200-ге жуық шығыстанушы түлек индология бөлімін бітіріп, үнді тілдерін (хинди, урду) меңгеріп шықты. Олардың арасында бакалаврлар, магистрлер, ғылым докторлары, сондай-ақ ғылым кандидаттары бар.

Айта кету керек, факультетте Үндістаннан келген студенттер оқиды, индология бөлімшесі мен Қазақстандағы Үндістан елшілігінің қолдауымен ашылған Махатма Ганди орталығы табысты жұмыс істейді. 2024 жылдың 15 наурызында Фараби кітапханасында ҚазҰУ-дың 90 жылдығына және шығыстану факультетіндегі хинди филиалының 25 жылдығына арналған «Еуразия мен Үндістан индологиясының бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Өз кезегінде Институционалдық даму және стратегиялық жаһандық өзара іс-қимыл басқармасының тең директоры және басшысы Рахул Бхандария О.П.Джиндал атындағы университеттің қызметі туралы баяндады. Үндістан делегациясы ҚазҰУ-дың PhD және жас ғалымдарына О.П.Джиндал атындағы жекеменшік университетте үш айлық тағылымдамадан өту бағдарламасын ұсынды. Үнді ғалымдарымен ынтымақтаса отырып, олар тоғыз айда Scopus журналына ғылыми мақалалар жаза алады. Оған қоса, Үнді делегациясы О.П.Джиндал университетінің 25 студентін ҚазҰУ-ға қабылдауды және олар үшін қысқа мерзімді үш апталық шолу курстарын, сондай-ақ халықаралық рейтингтерде ілгерілеу мақсатында ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды ұйымдастыруды ұсынды.

Келіссөз барысында Үндістан делегациясы ҚазҰУ басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, екі университет арасында одан әрі ынтымақтастықтың кеңейетініне үміт білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі