Телекоммуникация мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ақпараттық және коммуникациялық ғылымдар» тақырыбына арналған семинар өтті.
Ауқымды шараға Халықаралық телекоммуникациялық одағының (ITU) және Huawei компаниясының өкілдері, оқу ордасы базасындағы Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары жиналды.
Іс-шарада телекоммуникация индустриясының маңызды мәселелері талқыланды.
Отырысты Электроника және астрофизика кафедрасының меңгерушісі Ерұлан Сағидолда ашып, жиынның маңыздылығына тоқталды. «Қазіргі таңда коммуникация саласы әлем бойынша қарқынды дамуда. Жаңаша өзгерістерден қалыс қалуға болмайды. Сондықтан аталған салада мамандарды даярлауда, интернет желісін дамытуда осындай үлкен компаниялармен бірлесіп жұмыс істеу маңызды», – деді Ерұлан Сағидолда.
Семинар барысында қатысушыларға Huawei компаниясы «Глобалдық 5G: Даму тенденциялары» тақырыбында қызықты презентация ұсынса, ITU мамандары одақ қызметі туралы ақпараттармен бөлісті.
Сондай-ақ кездесуде «Узловың локализациясы үшін болжау жүйесін және адаптивті сәулелендіру алгоритмі бар ақылды антеннаны дамыту» тақырыбында Қымбат Көпбай, «Автоматты модуляцияны классификациялау және сымсыз тор желілерінде шлюздерді орналастыру мәселесі» тақырыбында Дана Тұрлықожаева, «RF құрылғыларынан адамға электромагниттік әсерді бағалау әдістері» туралы Лю Чжичэн баяндама жасады.
Айта кетейік, биыл ҚазҰУ базасындағы Солтүстік-батыс политехникалық университеті филиалында «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасы ашылған болатын. Бұл орталық Қазақстанда телекоммуникация саласындағы жаңа технологияларға қол жеткізуге арналған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі