Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау мәселесі әлемнің басты назарында. Табиғи ресурстардың шектеулі болуы мен қалдықтардың көп мөлшерде жинақталуы бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Осы тұрғыда қайта өңдеу үрдісі, оның ішінде қағазды қайта өңдеу маңызды рөл атқарады. Әлемде жыл сайын миллиондаған тонна қағаз өнімдері қолданылады, ал олардың көпшілігі қоқысқа тасталады.
Біздің мақсатымыз студенттерге екіншілік шикізат болып табылатын қағаз қалдықтарын – макулатураны тиімді пайдалану қажет екенін көрсету. Макулатураның (қағаз қалдықтарының) 1 тоннасын іске асыру арқылы 400 м3 ағаш өнімін сақтап қалуға болады, ал бұл –5 үлкен ағашты сақтап қалумен бірдей! Қағаз қалдықтарын қайта пайдалану тек ормандарды сақтаумен шектелмейді, сонымен бірге қағаз қалдықтарын жинап алып, іске асыру – табиғат ластануының алдын-алу болып табылады. Қағазды қайта өңдеу – бұл табиғатты қорғау шараларының бірі. Ол ағаш ресурстарын үнемдеуге, энергияны аз тұтынуға, су қорларын сақтауға және қалдықтардың полигондарда жиналуын азайтуға мүмкіндік береді.
Студенттер арасында қалдық қағаз жинауды ұйымдастыру экологиялық сана-сезімді дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға ықпал етері сөзсіз. Мұндай шаралар студенттердің жауапкершілігін арттырып, қайта өңдеу және табиғи ресурстарды үнемдеу маңыздылығын түсіндіруге көмектеседі. Осыған байланысты факультеттің жалпы және бейорганикалық химия кафедрасы оқытушылары – Балгышева Б.Д., Рыскалиева Р.Г.-ның ұйымдастыруымен және кафедра оқытушылары мен студенттердің қатысуымен қалдық қағаз жинау ісшарасы өткізіліп, қалдық қағаздар арнайы ұйымдарға өткізілді. Қоршаған ортамызды қорғау бағытында факультетіміздің оқу бағдарламаларында да студенттеріміздің экологиялық білімін арттыру мақсатында көптеген пәндер енгізілген.
Бұл ісшара «Тұрақты даму мақсаты» ҰБҰ №12 - «Жауапты тұтыну және өндіру» жобасы аясында жүргізілді. Студенттерді қаламыздың тазалығын сақтауға бағытталған ісшараға қатыстыру арқылы қағаз қалдықтарын жинауды жүйелік іске айналдырып жетілдіруге, қағаз қалдықтарын тиімді қолдануға бағытталған іс-шараның мақсаттары орындалады деп сенеміз!
Ляйла Тугелбаева
химия және химиялық технология факультеті
жалпы және бейорганикалық химия
кафедрасының доценті,
химия ғылымының кандидаты