Бестселлер авторымен кездесу өтті
2024 жылдың 3 қазан күні қытайтану кафедрасының 1 курс студенттерінің «Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ)» негізінде жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарына сәйкес, Сапалы білім бағыты бойынша «Мамандықтың мәні», «Махабаттың мәні» кітаптарының авторы философ Сәкен Нұрқабекұлымен кездесуі өтті. Жазушы С.Нұрқабекұлымен кездесу «Мамандығым - мақтанышым: мамандық таңдаудың мәні» тақырыбы аясында өткізіліп, «Өзіңіздің бағытыңызды қалай табуға болады?» деген түйінді мәселе төңірегінде өрбіді.
Автордың «Мамандықтың мәні» атты еңбегі кейінгі кезде қоғамда біршама дүмпу туғызған «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан кітаптардың ішінде жастардың ықыласына ерекше бөленген кітаптардың бірі. Кітапта мамандықпен байланысты кәсіп, қызмет, талант, еңбек, арман, мақсат, тұлғалық даму сияқты ұғымдарға экзистенциализм тұрғысынан түсінік беріледі. Оларға философиялық талдау жасалып, өмірлік мысалдармен, деректі оқиғалармен түсіндіріледі. «Мамандық адамның пешенесіне жазыла ма, әлде оны өзі таңдай ма?», «Білікті маман қалай қалыптасады?», «Олардың құралы қайсы, құндылығы қайсы?», «Мансап жолында неге назар аударуы керек?» деген сияқты бірқатар сауалдарға жауап іздейді.
Бүгінгі қым-қиғаш қайнап жатқан әлемде жас маманға бағыт сілтер кітаптың авторы Қытайтану кафедрасының 1 курс студенттерімен кездесуде де тура осы мәселелерді әңгімеледі. Кездесудің соңы қызу талқыға ұласты. Студенттер де өз ой-пікірлерін ашық айтып, мамандыққа қатысты ұстанымдарымен бөлісті. Таным-тәрбиелік мазмұндағы бұл кездесу студент жастарға көп ой салып, таңдаған мамандықтарына деген құрметін оята түсті.
Басқа жаңалықтар

