ҚазҰУ-да референдум қорытындысы талқыланды

9 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстанда АЭС салу бойынша 2024 жылғы 6 қазанда өткен референдум қорытындыларын талқылау» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, атом энергетикасы саласындағы белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстел модераторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен қатысушыларды құттықтап, іс-шараның ерекше маңыздылығын атап өтті. Ол референдум қарсаңында дөңгелек үстелдер, викториналар, КВН және т.б. қоса алғанда, АЭС құрылысының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруге бағытталған бірқатар іс-шаралардың бастамашысы және ұйымдастырушысы болған физика-техникалық факультетінің белсенді жұмысын қорытындылады.

Басшылық атынан Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйледі. «Референдум – тікелей демократияны білдірудің бір түрі», – деп атап өтті Еркін Ерманұлы. –  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атом электр станциясын салу мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығарғаны демократиялық дамудың көрінісін растайды. Нәтижелер көрсеткендей, азаматтардың көпшілігі біздің елімізде атом электр станциясын салу қажет деп санайды. Бұл – елдің энергетикалық және ұлттық қауіпсіздік мәселесі».

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішев АЭС салу мәселесін жасыл энергетикамен және экономиканы декарбонизациялаудың әлемдік стратегиясымен байланысына назар аударды. Ол сондай-ақ атом электр станциясын салу бойынша оң шешімге байланысты мемлекет пен білім беру жүйесі бірқатар міндеттерді орындайтынын атап өтті. Біріншісі – кадрлар даярлау. Қазір ҚазҰУ базасында студенттер ядролық физика, ядролық медицина және ядролық инженерия мамандықтары бойынша білім алуда. Сонымен қатар тағы бірқатар мамандық қажет. Атом энергетикасы үшін мамандар даярлайтын университеттер атом электр станциясына 200 білікті маман даярлауы керек.    

 

Келесі бағыт – ғылыми зерттеулерді шетелдік орталықтар және институттармен бірлескен ынтымақтастықта орындау. Сондай-ақ сервистік компаниялар мен инфрақұрылымды құру қажет. Логистикалық, заңнамалық және басқа да міндеттер кешенін шешу керек, жұмысты қазірден бастау керек», – деп атап өтті Медеу Ержанұлы.

Дөңгелек үстел отырысында белгілі ғалымдар мен сарапшылар: физика-математика ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ-дың  Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті Сәуле Жауғашева, заң ғылымының кандидаты, Философия кафедрасының аға оқытушысы, Ұлттық қордың мүшесі Қазыбек Дәуталиев, философия ғылымының докторы, Философия кафедрасы профессорының м.а. Зейнәбіл Айдарбеков, философия ғылымының кандидаты, аға оқытушы Жұлдыз Әмірбаева және басқалар сөз сөйледі.

Спикерлер сөз сөйлегеннен кейін дөңгелек үстелге қатысушылардың кадрларды даярлаудың алдағы жоспарлары мен атом энергетикасының перспективалары мәселелеріне арналған дискуссия мен пікір алмасулар өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі