Бақыт Қайырбеков ҚазҰУ-да дәріс оқыды

11 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да филология факультетінің ұйымдастыруымен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, академик, көрнекті ақын, белгілі қазақстандық режиссер және сценарист Бақыт Қайырбековпен кездесу өтті.

Жүздесуде сөз алған филология факультетінің деканы, профессор Баян Жолдасбекова қайраткердің ғылыми, шығармашылық еңбек жолына тоқталды.

«Бақыт Ғафуұлы Қайырбеков – қазақстандық әдебиет әлемінің жарық жұлдыздарының бірі. Ақын, аудармашы, кинорежиссер, сценарист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Кинематографистер одағының мүшесі, Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі (Ресей, Мәскеу), «Құрмет» орденінің иегері. Қайраткердің еңбегі мен марапаттарын айтып тауысу мүмкін емес. Оның фильмдерін бүкіл әлем біледі. Олар Румыния, Қытай, Иран, Венгрия, Германиядағы халықаралық кинофестивальдердің дипломдарымен марапатталды. Ол тазалық пен терең ақылдың адамы», – деп атап өтті декан.

Шараға филология факультетінің студенттері мен оқытушылары ғана емес, ҚазҰУ-да «Флагман» бағдарламасы бойынша орыс және қазақ тілдерін оқып жүрген америкалық студенттер де қатысты. Аталған бағдарламаның кураторы, филология ғылымының докторы, профессор Элеонора Сүлейменова өз сөзінде: «Биыл «Флагман» бағдарламасы бойынша біздің университетте АҚШ-тан 30 студент білім алуда. Бағдарламада «Мемлекет және адамдар» атты курс бар. Биылғы оқу жылында біз оны Бақыт Ғафуұлы Қайырбековтің киіз үй туралы алғашқы дәрісінен бастамақпыз. Киіз үй қазақ халқының дүниетанымын бейнелейтіндіктен, бұл барша тыңдаушыларға қызықты болады деп ойлаймын», – деді.

Өз дәрісін қайраткер: «Киіз үй туралы бәрі белгілі және бүгінде бір нәрсемен қоғамды таңғалдыру өте қиын. Бірақ мен бір кездері «Олжас Сүлейменовтің поэтикалық типологиясы» атты диссертация жаздым. Содан бері қырық жыл өтті, тақырып әлі де өзекті. Қазақтардың ұлттық салт-дәстүрлеріне арналған фильмдер түсірдім. Бүгін мен сіздерге көшпенділер әлеміне қатысты көзқарасымды ұсынамын», – деп бастады. Ол өзінің дүниетанымы мен философиясындағы киіз үй бейнесі мен кең дала және қазақ халқының көшпелі өмірінің символдық ерекше мән-мағынасын түсінуді баяндады.

Дәрістен кейін қатысушылар аталған тақырыпты жан-жақты талқылап, пікір алмасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі