Дэчжоу университетімен ортақ жобалар іске асады

17 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қытайдың Дэчжоу университеті делегациясымен кездесу өтті.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов университеттің ҚХР жоғары оқу орындарымен белсенді стратегиялық ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы баяндады. Қол қойылған келісімдер шеңберінде Конфуций институты, Қытай-Қазақстан бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасы, Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, энергияны көп қажет ететін нанотехнологиялар жөніндегі халықаралық Қытай-Қазақстан ғылыми зертханасы сияқты ғылыми орталықтар мен зертханалар ашылып, академиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Солтүстік-батыс политехникалық университетімен (ҚХР) бірлесіп «5G/5.5G коммуникациялық технологиялары» зертханасы ашылды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да ҚХР-дан 969 студент оқиды, оның ішінде 308-і стипендиялық бағдарлама шеңберінде, шарттық негізде 661 студент бар. Қытай делегациясына университет қызметіне қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірген Еркін Ерманұлы университет перспективалық әріптестік үшін ашық екенін айтты.

Дэчжоу университетінің вице-президенті, партия комитетінің мүшесі Сюй Цзин кездесуге қатысушыларды Дэчжоу университетінің Шаньдун провинциясында орналасқан мемлекеттік университеттің қызметі туралы хабардар етті. Университет оқытушылардың ғылыми-зерттеу құзыреттілігін арттыруға ұмтылады. Соңғы үш жылда ЖОО оқытушылары 460-тан астам вертикалды ғылыми-зерттеу жобаларын басқарды және «Шаньдун провинциясының жаратылыстану ғылымдары» номинациясы бойынша екінші жүлдеге ие болды. Сөз соңында Сюй Цзин ханым Дэчжоу университетінің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Атап айтқанда, ол студенттермен (магистратура деңгейінде) және оқытушылармен академиялық алмасу бағдарламаларын, сондай-ақ компьютерлер мен басқа да техникалық жабдықтарға арналған чиптерді әзірлеу және шығару бойынша бірлескен ғылыми-өндірістік зертхана құруды маңыздылығына тоқталды.

Тараптар ынтымақтастық туралы меморандум жасауды және бірлескен ғылыми-өндірістік зертхана құру мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі