ҚазҰУ-да мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновқа арналған конференция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, зерттеуші-ғалым Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Тарих және тұлға: зияткерлік және құндылық бағдары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, тарихшы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев, «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Серік Тәукебаев, мемлекет қайраткері, дипломат Икрам Адырбеков қатысты. Сондай-ақ ауқымды шараға Нұртас Оңдасыновтың ізбасарлары, тіл жанашырлары, тарихшы-ғалымдар, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар жиналды.
Жиында Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Президент жолдаған хатта Нұртас Оңдасынов мемлекеттілікті нығайтуға зор үлес қосқан тарихи тұлға екені айтылған. Сондай-ақ Нұртас Дәндібайұлы қиын уақыттарда көптеген ауқымды бастамаларды жүзеге асырып, ғылым мен білім, мәдениет салаларында үлкен өзгерістер әкелгені баяндалған.
«Нұртас Оңдасынов халқының мүддесін бәрінен биік қойды. Қиын-қыстау кезеңнен кейін елімізді дамытуға, ұлтымыздың еңсесін тіктеуге зор еңбек сіңірді. Ол қазақ қоғамын өркендетіп, ұлтжанды азаматтардың тұтас буынын тәрбиелеуге баса мән берді. Сондай-ақ Нұртас Оңдасыновтың шығыстану саласына қатысты түсіндірме сөздіктері әлі де талай ұрпақтың кәдесіне жарай беретіні сөзсіз», – делінген хатта.
Қазақ халқының біртуар дарынды тұлғасы Нұртас Дәндібайұлы 1904 жылы 26 қазанда Түркістан жерінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1927-28 жылдары Қызылорда су шаруашылығы басқармасында статист болып бастаған. 1938-51 жылдар аралығында Қазақстан Үкіметін басқарып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. 1954-55 жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін атқарып, елдің дамуына оң өзгерістер әкелетін заңдарды шығаруға белсенді атсалысты. Елдегі мәдениет пен өнердің дамуын өзі қадағалаған. Бұдан басқа, Қарағанды металлургиясын, Мойынты-Шу теміржолын, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. 1955-62 жж. Гурьев (Атырау) облысын басқарып, Қазақстанның болашақ мұнай державасы ретінде қалыптасуында ерекше рөл атқарды. Нұртас Оңдасынов үш рет «Ленин» орденімен, екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, көптеген медаль және Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Шара барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құттықтау хаты оқылды. Әкім өз сөзінде Нұртас Дәндібайұлының ғылымды дамыту үшін атқарған өлшеусіз қызметіне тоқталды. «Нұртас Оңдасынов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы. Ұлтқа еңбегі сіңген ұлы тұлғалардың мұрасын насихаттау игі іс. Әсем қаламыз Алматыда өтіп жатқан бүгінгі ғылыми жиын соның айшықты көрінісі», – деді әкім құттықтау хатында.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Нұртас Оңдасыновтың мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтергенін айтты. «Нұртас Дәндібайұлы ел тарихындағы ең бір ауыр, күрделі кезеңде, 1938-51 жылдары Қазақ КСР Үкіметінің төрағасы міндетін абыроймен атқарды. Сол уақыттарда көптеген университеттер мен шет тілдері, дене шынықтыру, политехникалық және технологиялық институттары ашылып, медицина институтында факультеттер кеңейтілді. Ұлттық ғылым академиясының, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының іргесі қаланды. Елінің болашағы үшін аянбай қызмет атқарған Нұртас Оңдасынов кеңестік идеология үстемдік құрған заманда ұлттық кадрларды даярлауға айрықша үлес қосып, өзіндік мектебін қалыптастырды», – деді ЖОО ректоры Жансейіт Түймебаев.
Сонымен қатар ауқымда іс-шарада Мұрат Жұрынов, Ғалым Қалибекұлы, Мәмбет Қойгелдиев, Серік Тәукебаев, Сәбит Шілдебай, Болат Сайлан, Икрам Адырбеков, Гүлсім Оразалиева т.б. мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар сөз сөйлеп, Нұртас Оңдасыновтың тұлғалық және кәсіби қасиеттерін, келешек ұрпаққа қалдырған мол мұрасының құндылығына тоқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі