V Еуразиялық ғылыми-тәжірибелік мектебі басталды

21 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Әлемдік экономика кеңістігі: идеялар, стратегиялар, өзара іс-қимыл» атты V Еуразиялық ғылыми-тәжірибелік мектебі басталды.

Іс-шараны Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) қолдауымен РХДУ экономикалық факультеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ серіктес жоғары оқу орындарында бірлесіп ұйымдастырды.  Биыл алғаш рет мектеп Ресей Федерациясынан тыс жерде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында өтуде. Еуразиялық мектептің жұмысына ЕАЭО мен ТМД-ға қатысушы елдердің жоғары оқу орындарынан 100-ден астам студент қатысуда.

Биыл бұл шара Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық комиссияға төрағалық етуіне және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орайластырылды.

Ғылыми мектептің мақсаты – қатысушыларды жетекші мамандардың тәжірибесімен, ресейлік және шетелдік компаниялардың, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдерінен практикалық біліммен, сыртқы экономикалық қызметті ұйымдастыру және жүргізу дағдыларымен қаруландыру.

Ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, Еуразиялық ғылыми-тәжірибелік мектепті өткізудің өзектілігі мен уақтылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік пен жеңістер тіледі.

Іс-шарада экономика ғылымының докторы, РХДУ экономика факультетінің деканы Инна Андронова, экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесінің көмекшісі Қуаныш Елікбаев, Кедендік-тарифтік реттеу департаментінің жеңілдіктер мен преференцияларды кедендік-тарифтік реттеу бөлімінің кеңесшісі Алина Батенова және басқалар сөз сөйледі.

Қатысушыларға экономика ғылымының докторы, ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтанов құттықтау сөз сөйледі. «Өткізіліп отырған орны Еуразияның жүрегі – Қазақстан болғаны ерекше қуантады, – деп атап өтті министр. – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Осы жылдар ішінде университет өңірдегі жетекші білім мен ғылым орталығына айналды. Бүгін біз Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа дәуірінің табалдырығында тұрмыз. Адамдардың, тауарлардың, қызметтердің және капиталдың еркін қозғалысының арқасында елдер арасындағы экономикалық байланыстар кеңейіп, коммуникациялар мен дамудың жаңа мүмкіндіктері пайда болуда».

Мектептің тың бағдарламасы: пленарлық отырыстар мен бірқатар тақырыптық мастер-кластарды, «ЕЭК моделі» іскерлік ойынын қамтиды, оның барысында студенттер комиссия жұмысын жаңғыртады. Ғылыми мектептің мақсаты – ұлттық өнімді (қызметті) шетелдік нарыққа шығару бойынша командалық жобаларды дайындау және қорғау.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі