Қосдипломдық білім алу жүзеге аспақ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің беделі жыл сайын артып келеді. Оған дәлел, «Ұлттық университеттер әлемнің ең озық жоғары оқу орындарының қатарына енуі тиіс» деген Елбасымыздың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында білім беру мен ғылыми-зерттеу ісі және әлеуметтік мәселелер бойынша өз мүмкіндігін халықаралық талаптарға сай ұтымды ұйымдастыра білгендіктен де білім қарашаңырағы 2015 жылы дүниежүзіне әйгілі 300 ЖОО-ның қатарына еніп одан кейін 275-орынға табан тіреді.
Университет ұжымы алдағы уақытта да барлық халықаралық талаптарға сай ілгерілеу міндеттерін күн тәртібінен бір сәтке түсірген емес.
Польша. Познань. Жақында академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша журналистика факультеті тығыз байланыс орнатқан Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің саяси ғылымдар және журналистика факультетінде өткен «Медиа коммуникация эволюциясы» деген тақырыпта өткен халықаралық конференция филология ғылымдарының кандидаты Жетпісбай Бекболатұлының қазақ тілінде түсірген А.Мицкевич атындағы университет туралы деректі фильмінің көрсетілімімен басталды. Содан кейін филология ғылымдарының кандидаты, факультет деканы Сағатбек Медеубекұлы «Ұлттық коммуникация ерекшеліктері: дәстүр мен жаңашылдық» деген тақырыпта баяндама жасады. Бірнеше шетелдік жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар қатысқан конференция соңында «6М015400 – қоғамдық байланыс»; «6М051600 – халықаралық журналистика»; «6М050400 – журналистика» мамандықтарының магистратура сатылары бойынша қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру келісімшарттарына екі тараптан салтанатты түрде қол қойылды.
Адам Мицкевич атындағы университет тарапынан қол қойған декан, профессор Тодеуш Валляс екі университет арасындағы білім беру мен ғылыми-зерттеу салалары бойынша жүзеге асып жатқан достық қарым-қатынасқа жоғары баға берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінен соңғы төрт бес жылдың аясында оқытушы-профессорлар К.Қамзин, Н.Шыңғысова, доценттер Ж.Бекболатұлы, А.Мектептегі, С.Нұрбеков, А.Ниязғұлова, М.Негізбаева келіп, ғылыми тәжірибе жинау өтілінен өткендігін және оншақты магистранттардың қысқа мерзімді білім алу бағдарламалары бойынша келгендігін, дәл осы күндерде Сымбат, Айжан, Нұрлайым атты студенттердің оқып жатқандығын атап өтті. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатындығын, өз университетінің ұстаздары, магистранттары, докторанттары мен студенттерінің де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барып қайтуына мүмкіндік бар екендігін құлаққағыс етті.
Мәскеу. Іссапардың келесі күндерінде И.Федоров атындағы Мәскеу мемлекеттік баспа университетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай арнайы барған Сағатбек Медеубекұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың құттықтауын салтанатты түрде табыс етті.
Бұл университетпен де байланыс жыл сайын артып келеді. Осыдан екі жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған әлемнің бірнеше елінен ірі-ірі баспалар қатысқан халықаралық кітап көрмесіне И.Федоров атындағы баспа университетінің ректоры К.В.Антипов бастаған бірнеше адам арнайы қатысты. Осы күні екі университет арасындағы негізгі келісімшарт жасалған еді. Журналистика факультеті баспа ісі және дизайн кафедрасында еңбек етіп келе жатқан бірнеше ұстаз осы университетті бітірді, білімін жетілдіру курсында оқыды. Кафедра түлектері ММБУ-дың «Баспа ісі» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда.
И.Федоров атындағы Мәскеу мемлекеттік баспа университетінің құрылғанына 85 жыл толуына арналған мерейлі мереке барысында ректор К.В.Антипов «Қоғамдық байланыс», «Журналистика», «Дизайн», «Баспа ісі» мамандықтарының бакалавриат магистратура сатылары бойынша да қосдипломды білім беру бағдарламаларын екітараптан жүзеге асыру келісімшарттарына қол қойды.
Болашақта екі тараптың да осы бағдарлама бойынша таңдаған мамандығына сәйкес оқу бітірген студенттері мен магистранттары қосдиплом иеленетін болады.
http://egemen.kz/2015/11/18/7017Автор: ҚОРҒАНБЕК АМАНЖОЛ