Қазіргі кезде елімізде тұрақты даму мақсаттары жайында жиі айтылып, оның маңыздылығы қоғамда талқылануда. Тұрақты дамудың 17 мақсаты бар. Соның 15-ші мақсаты – құрлық экожүйелерін сақтау. Экожүйені қорғау және оны қалпына келтіру – үлкен мәселе. Осы тұрақты даму мақсаттары аясында қолға алынатын шаруа аз емес. Осы орайда, студент жастарға тұрақты даму мақсаттарын түсіндіріп, оларға экологиялық тәрбие беру мақсатында 2024 жылы 21 қазан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы Өзенбек Еркебұлан Рахымжанұлы «Тарих» мамандығының студенттерімен «Құрлық экожүйелерін сақтау» атты іс-шара өткізді. Бұл іс-шараның мақсаты студенттерді қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруімен күресу үшін жасалуы мүмкін әрекеттер туралы білім беру және ақпараттандыру болды.
Іс-шара барысында оқытушы Өзенбек Еркебұлан өз сөзінде қоршаған ортаны дұрыс пайдалануға жәрдемдесу, орманды оңтайлы пайдалану, шөлге айналуға қарсы күрес, жердің тозуы үдерісін тоқтату және кері бұру, биологиялық алуантүрліліктен айырылу үдерісін тоқтатуға қоғам болып күш салу керектігін айта отырып, бұл қоршаған ортаны қалдықтардан тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу, топырақта ыдырамайтын материалдардан жасалған заттарды тұтыну көлемін азайту немесе тоқтату, бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның фаунасы мен флорасына және адамзаттың өмір сүруіне кедергі келтіретін барлық антропогендік факторлардың ықпалын азайту немесе мүлдем болдырмауға ұмтылу қажеттілігі жайлы түсіндіре отырып, сондықтан әр адамның қоршаған табиғатты күтіп-баптап, зиянды қалдықтарды тастамай, оларды өңдейтін арнайы орындарға жеткізуі де осы аталған мақсаттың орындалуына үлесін қосқаны болып есептелетінін түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, іс-шара барысында студенттерге пластикалық ыдыстардың химиялық құрамы мен қасиеттері, олардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына зияны жайында мәліметтер берілді. Пластиктен жасалған ыдыстар, түрлі бұйымдар топырақта ыдырамай, жер бетін қатты қалдықтарға толтырып жатқаны әрі ол топырақ эрозиясына әкеп соқтыратыны, бұл экожүйе үшін үлкен апат екені туралы сөз болды. Сондықтан студент жастарға пластик заттарды тұтыну мөлшерін азайту және әрбір тұтыну барысында саналы түрде ойланып, пластик ыдыстардың орнын басқа материалдан жасалған ыдыстармен алмастыру керектігі түсіндірілді.
Студенттер тақырыпқа үлкен қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, өз ойларын білдірді және өзара пікір алмасты. Жер бетіндегі экожүйелерді қорғау, қалпына келтіру және тұрақты пайдалануды ынталандыру, ормандарды тұрақты басқару, шөлейттенумен күресу, жердің тозуын тоқтату және кері қайтару және биоәртүрліліктің жоғалуын тоқтату, су мен энергияны тұтынуды азайту, қалдықтарды жою және ресурстарды тұрақты пайдалануды ынталандыру сияқты нақты қадамдар ұсынылды. Көптеген студенттер болашақта қоршаған ортаны қорғауға байланысты жобаларға қатысуға ниет білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы Өзенбек Еркебұлан.