"Ұлағатты ұстаз - Жеңіс Өмірбекұлы атындағы физика-математикадан Аягөз аудандық дәстүрлі Олимпиада"Farabi University

"Ұлағатты ұстаз - Жеңіс Өмірбекұлы атындағы физика-математикадан Аягөз аудандық дәстүрлі Олимпиада"

29 қазан, 2024

2024 жылдың 23-24-ші қазанында Абай облысы, Аягөз ауданы, Баршатас ауылындағы О.Меңаяқұлы атындағы ЖББО мектепте "Ұлағатты ұстаз - Жеңіс Өмірбекұлы атындағы физика-математикадан Аягөз аудандық дәстүрлі Олимпиада" VI-ші мәрте өтті.

Марқұм Жеңіс Өмірбекұлы Шұбартау өңірінің тумасы, осы мектептің түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Мәскеу Энергетика Институтының түлегі, саналы өмірін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде дәріс берген ғалым - ұстаз. 2016-шы жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика-техникалық факультетінде Ж.Өмірбекұлы атындағы лабораториялық кабинет ашылса, 2019 жылы О.Меңаяқұлы атындағы мектепте математика  кабинеті ашылды .

Бұл іс-шара ҚазҰУ-нің механика-математика факультеті, Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасы аға оқытушысы , физика-математика ғылымдарының кандидаты Жәнібек Байтүленов және т.б. ғалымдардың бастамасымен, О.Меңаяқұлы атындағы ЖББО мектеп ұжымының ұйымдастыруымен және мектеп түлегі Саят Өмірбековтың демеушілігімен физика- математикадан Аягөз аудандық  Олимпиада  ұлағатты ұстаздың туған жері Шұбартау өңірінде 2017-ші жылдан бері өткізіліп келеді .

2018-ші жылы ҚазҰУ-нің физика-техникалық және механика-математика факультеттері О.Меңаяқұлы атындағы ЖББО мектебімен серіктестік туралы Меморандумға  қол қойып бүгінгі күнге дейін әріптестіктерін жалғастырып келеді . Осы уақыт ішінде бұл Олимпиада өзінің жоғары деңгейі және әділдігімен танылды. Олимпиада есептері ҚазҰУ-де дайындалып, ғалым-ұстаздардың тікелей бақылауымен өткізіледі. Сонымен қатар Меморандум аясында ғалым-ұстаздар ауданымыздағы мектептердің физика, математика пәндерінің мұғалімдеріне дәріс оқып, тыңдаушыларына ҚазҰУ-нің "біліктілігін жетілдіру" туралы сертификат берілді.

Олимпиада 9,10,11-інші сынып оқушылары арасында өткізіліп, олимпиада үздіктері Ж.Өмірбекұлы атындағы  Республикалық Олимпиадаға шақыру алды. Олимпиаданың салтанатты ашылуы еңбек ардагерлері, ауыл ақсақалдары, ұстаз-ғалымдардың тілектерімен басталып, мектеп оқушыларының концертімен жалғасты.

Жеңімпаздарға ҚазҰУ-мен О.Меңаяқұлы атындағы ЖББО мектеп атынан арнайы дипломдар тапсырылып ,  ерекше көзге түскен оқушылар алғыс хатпен марапатталды . III-інші орын алған 9 оқушы – 20 000 теңге , II-інші орын алған 6 оқушы – 30 000 теңге , I-інші орын алған 3 оқушы 60 000 теңгеден ақшалай сыйлық  табысталды. I-інші орын алған 3 оқушының ұстаздарына  алғыс хат беріліп,   20 000 теңгеден сыйлық табысталды.

Бұл олимпиаданы өткізу БҰҰ бекіткен бірнеше Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді. Бұл, ең алдымен, 4-мақсатқа – «Сапалы білім» сәйкес келеді: іс-шара мектеп оқушыларының нақты ғылымдар саласындағы білім деңгейін, олардың академиялық мотивациясын және одан әрі дамуға деген ұмтылысын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар іс-шара 17-мақсатты – «Тұрақты даму үшін серіктестік» қолдайды, өйткені ол университет пен жергілікті мектеп арасындағы өзара әрекеттестікке негізделген, академиялық қауымдастық пен мектеп арасында берік білім беру байланыстарын жасайды.