Бәсекеге қабілетті мамандар көбейеді

Дархан МАМЫТҚАНОВ, социология ғылымының кандидаты:
Мемлекет басшысы қыркүйектегі халыққа арнаған жолдауында «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды» деген мәселе көтеріп, оған арнайы тоқталғаны белгілі. Өйткені бүгінгідей цифрлық технология заманында білікті мамансыз өркениеттің есігінен сығалай да алмайсыз. Сондықтан кадрдың қадірін кетірмей, оны шыңдаудың жолын қарастырған абзал. Бұған қоса, Президентіміз «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» дей келе, құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Енді осы жолдауда көтерілген мәселе атаулыны шешу жолдары қандай? Оқу ордасы қандай озық тәжірибелерді ұсына алады? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде «Qazaq universiteti» газетінің тілшісі философия және саясаттану факультеті Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы, социология ғылымының кандидаты Дархан Мамытқановпен тілдескен еді.
– Кезінде «бар мәселені кадр шешеді» деген ұғым болғанын ұмытқан жоқпыз. Бүгінгі күні де білікті маманға сұраныс артпаса, азаймағаны анық...
– Әрине, қай заманда да білікті маманға деген сұраныс кеміген емес. Технология дамыған сайын соған сай маман-кадрлар қажеттілігі қазір де өзекті. Бірақ ескеретін бір жағдай, заман талабына сай кейбір мамандық иелеріне сұраныс азайып, басқа бағытта дамуда. Тіпті жаңа мамандықтар пайда болуда. Осыған орай, соңғы жылдары біздің университетте бұрын болмаған жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Өйткені экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Президент «Ең алдымен су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек» деп нақты тапсырма берді. Бұл бағытта нақты жұмыстар да жүріп жатыр. Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастыруға ынталы. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оның ішінде ҚазҰУ-да халықаралық оқу орындарының бірнеше филиалы жұмыс істеп жатыр.
Халықтың әл-ауқатының, өмір сапасының жоғары деңгейге артуы қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, саяси, құқықтық, білім мен ғылым, мәдени қатынастармен тығыз байланысты.
Қазір елімізде жаһандық дәуірде сыртқы әлемдік геосаяси жағдайларда ішкі әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени салада іске асып жатқан іс-шаралар ілгері өзгерістерге, еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталып жатқанын көріп отырмыз. Президентіміздің бастамасымен көтерілген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыру, елді ізгі мақсаттарға жұмылдыру арқылы «Әділетті Қазақстан» идеясы азаматтардың құндылық ұстанымының айқындалуына, болашаққа сенімді арттырады, қоғам дамуына негіз болады деп есептеймін. Осы орайда айтқым келетіні, «бізде анау жоқ, мынау жоқ» деп қу шөппен ауыз сүртуге болмайды. Құдайға шүкір, отандық ЖОО-лар кәсіби маман әзірлеуге төселді. Қазір біздің оқу ордасы білім алушыларды өндіріске баулуда. Өндіріске баулу дегеніміз не? Сабақты практикамен ұштастыру. Біздің түлектер компанияларға, білім ошақтарына т.б. мекемелерге қызметке барғанда, бірден істің көзін табады. Яғни өз мамандығына сай білімі де, білігі де жоғары деп нық сеніммен айта аламын. Мысалы, өз басым білім берген студенттерім үшін еш қысылмаймын. Күні ертең олар оқытушы-ұстаздарын жерге қаратады деген ойдан да аулақпын.
– Демек, келешекте кадр тапшылығы төмендейді дейсіз ғой...
– Болашақта өз саласының кәсіби білікті маманы ретінде еліне адал қызмет етуге дайын, бәсекеге қабілетті, жан-жақты заман талаптарына сай машық түрлерін бойына сіңіріп қалыптастырған отаншыл жастардың үлесі жоғары болмақ. Өйткені еліміздің кәсіби кадр әлеуетін арттыруда қоғамның әр саласында қажетті мамандармен қамтамасыз ету бағытында көптеген бастамаларды қолдау жүзеге асырылып жатыр. Заман талаптарына сай маман даярлауда шетелдік озық оқу орындарының Қазақстанда бөлімшелерін ашу, шетелде жастардың оқуына, ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктер жасалған. Жастардың білімге тартылуы мен жаңа сұранысқа ие кәсіби мамандықтарға қызығушылығы артып жатқанын жыл сайынғы мемлекеттік гранттардың молынан бөлінуінен көруге болады. Заман талабына сай келетін білім бағдарламалары оқу орнында білім алушылармен қатар, оқытушы құрамға, яғни білім мен ғылымды арттыруда жаңа талаптарды, жаңа жауапкершілікті жүктеп, озық үлгідегі жаңа тәжірибелерді игеруді, үздіксіз дамуды қажет етеді. Сондықтан жас ғалымдарға, оқытушыларға ғылыми әлеуетін дамытуға, әлеуметтік әл-ауқатын арттыра отырып, мүмкіндігін жүзеге асыруға қолдау, жастардың жаңашылдық пен кәсіби шыңдалуларына себеп болар еді.
Өңірлерде су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда ерекше байқалып отырған кадр тапшылығын төмендету мамандарды даярлауда нақты осы бағыттарда тапшылықтың себептерін және олқылықтың орнын толтыру жолдарына талдау, сараптау жұмыстары нәтижелеріне сүйене отырып кәсіби даярлықты жетілдірудің жолдарын қарастыру, осы бағытта жұмыстар жасау аса маңызды.
– Мемлекет басшысы келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтынын мәлімдеді. Бұл осы салада еңбек етіп жатқан мамандарға тың серпіліс бере алады деп ойлайсыз ба?
– Иә, жолдауда техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажеттілігі жайында айтылды. Кәсіптік білім алып шыққандарды жұмыспен қамту осы бағытты дамытуға орынды бастама деп есептеймін. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, еңбекқор және нағыз маман болу әрбір азаматтың өз саласында кәсібиліктің жоғары жетістігіне жету, адал еңбекпен өз ортасының абыройлы азаматы болу, табысты болуын қоғам тарапынан қолдау, еңбегіне лайықты марапаттау жолдарын жетілдіру маңызды. Бұл азаматтарымыздың өз еңбегіне, жетістігіне, өзін жетілдіруге құлшынысын арттыруға түрткі болады, шабыт береді. Ел басшысының алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да қоғамдағы көп түйінді шешуге ықпал етеді деген ойдамын. Мысалы, қазір ауылдарда комбайншы, механизатор, тракторшы және т.б. ауыл шаруашылығына қажетті маман иелерін таппайсыз. Кезінде кәсіптік-техникалық оқу орындары осындай мамандықтарды даярлайтын. Сондықтан жұмысшыларға, еңбек адамына құрмет көрсету – қоғамның парызы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар

