Жас Алаш

24 қараша, 2015

«Көсемсөздің көсемі»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде белгiлi ғалым, алаштанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектептегiнiң “Көсемсөздiң көсемi” еңбегiнiң тұсауы кесiлдi. Бұл еңбекте алаштың ардақты ұлы Халел Досмұхамедұлының көсемсөздерiнiң негiзiнде қазақ қоғамы өмiрiндегi өзектi де келелi мәселелердi шешудегi шеберлiк қырлары сарапталып, олардың қоғамдық пiкiрдi қалыптастырудағы жетекшiлiк қадiр-қасиетiн, бiлiмпаздық өнегесiн, кәсiби шеберлiк қыр-сырын ашуға бағытталған. Ұлт көсемдерiнiң деңгейiне көтерiлген алып тұлғаның қазақ қоғамын империяның отарлаушылық, тонаушылық, қанаушылық езгiсiнен құтқару жолындағы жанкештiлiк шығармашылық еңбегi жан-жақты қарастырылған.
Кiтаптың тұсаукесер шарасына Қазақстан Жазушылар одағынан, Баспалар үйiнен, БАҚ өкiлдерi қатысып, өздерiнiң ой-пiкiрлерiмен бөлiстi. Журналистика факультетiнiң деканы Сағатбек Медеубек өз сөзiнде: “Бүгiнгiдей алмағайып заманда ұрпақ санасына Алаш ардагер­ле­рi­нiң қаламынан туған төл шығармаларын сiңiру қажеттiлiгi туындап отырғаны рас. Осы орайда ақыл-парасаты, бiлiмпаз­дық, даналығымен де ұлт­тық сананың сапалық дамуына үлгi-өнеге болған Халел Досмұхамедұлының публицистикалық шығармаларын зерттеп, осы күн­ге дейiн белгiсiз кей­бiр қырларын ашқан еңбек­тiң маңызы зор” деп өз пiкiрiн бiлдiрдi.
Шара барысында ең­бек­тiң алаштануға қосылған ғылыми жаңалығы мен тарихи танымдық, дерек­тi­лiк тұстарына профессор Кәкен Қамзин, «Айқын» газетiнiң бас редакторы Нұртөре Жүсiп, ҚР Прези­дентi қоры жанындағы Әлемдiк экономика және саясат институтының iшкi саясат жөнiндегi сарапшысы Нұриддин Сұлтанмұратов, Халел Досмұхамедұлының жиен немересi Мұрат Әбдiрақымовтар өз ой-пiкiрлерiмен бөлiсiп, 25,5 баспа табақ еңбектiң таралымы 100 данамен жарық көргенiне “Қазақ универси­тетi” баспасы тарапына сын айтты. Шындығында, бұл мардымсыз кiтап таралымы универси­теттiң өз iшiндегi студент­терiнен де ауыспасы анық. Ал Алаш арыстарының ғибраттық ғұмыр тарихы, саясат iсiн­дегi күрес жолы, ғылыми-ағартушылық, ұс­таздық-тағылымдық өне­гесi, жасампаздық iзашар­лық қызметiн ұрпақ санасында зерделеудiң маңызы орасан зор екенi даусыз.
Тұсаукесерде Аманқос Мектептегi өз ойларымен қоса ұсынысын да айта кеттi. Автор: “Халел Дос­мұхамедұлы тұңғыш рет ресми мемлекеттiк кiтап­хана негiзiн салған, әскери мектеп ашқан, терминология, кiтап iсiнде де елеулi үлес қосқан Алаш арысы. Десек те, ол кiсiнiң атында республикамызда не бiр кiтапхана атауы берiлме­ген, не бiр жөнi түзу ес­керт­кiш орнатылмаған. Осы мәселенi қолға алуымыз керек”, – дедi.
Әйгерiм Әлiмжан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы.
http://zhasalash.kz/ruhaniyat/16115.html