Жапонияда білім алған мамандардың міндеті – елге қызмет ету

27 қараша, 2015

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымы үшін халықаралық деңгейде ілгерілеу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта жүзеге асқан тағы бір нақты қадамдардың бірі Кәсіпкерлік саласында постдипломдық білім беру Институтымен жасалған келісім-шарт болса керек.

Жақында ҚазҰУ Жапониядан келген делегацияны қарсы алды. Делегация құрамында жапонтанушы, дипломат Батырхан Құрмансейіт, Кәсіпкерлік саласында постдипломдық білім беру Институтының әкімшілік департаментінің директоры Тошия Сакума мен Халықаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Таро Мидзутани болды. Кездесу аясында «Қазақстан – Жапон» арасында білім саласындағы әріптестіктің екі жақты тиімді шарттары талқыланды.

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев ҚазҰУ мен Жапон Университеті арасында бұдан бұрын жасалған келісім-шартты еске түсірді: «Осыдан 5 жыл бұрын Токиода ҚазҰУ-дың 5 студенті білім алған болатын. Міне, сол студенттерді Жапон компаниялары жұмысқа алып қалды. Елімізде бизнес саласындағы кәсіби мамандар тапшылығы сезіледі, бұл жасырын емес. Сондықтан шетелде білім алып келген мамандар өзімізге керек. Осы жолы жасалған келісім-шарт бойынша Жапонияда білім алған мамандар міндетті түрде Қазақстанда «Қазақстан – Жапон» қарым-қатынасының дамуына қызмет етеді», - деп түйіндеді.

Өз кезегінде Тошия Сакума Кәсіпкерлік саласында постдипломдық білім беру Институтының ғылыми қызметі мен мол тәжірибесінің бар мүмкіндіктері туралы баяндады. «Институт 150-ден аса компаниямен әріптес. Біздің студенттер қандай салада жұмыс жасаймын, қайда жұмысқа орналасамын деп бас қатырмайды. Себебі бізде ол жүйе жақсы ойластырылған. Яғни, институт жұмыспен қамту бағдарламасын бір жүйеге келтірген. Бизнес саласындағы түлектерге жеке ісін ашуға қолдау көрсетеміз. Басқаша айтқанда, Институт қызметінің өзі бизнес», - деді институттың әкімшілік департамент директоры.

Білікті маман Қазақстанның индустриалды инновациялық дамуының басты кепілі. «Жапония көптеген елдермен әріптестік орнатуда. Ол негізінен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері. Сол елдермен салыстырғанда Қазақстандағы білім беру деңгейінің өте жоғары дәрежеде екенін айтуға болады. Бір ғана дәлел Қостанайдағы Тойота машинасын құрастыру зауытында бірде бір жапон қызметкер жұмыс жасамайды. Мұның өзі үлкен көрсеткіш», - деді Батырхан Құрмансейіт.

Келісім-шарт негізінде ҚазҰУ жыл сайын Жапонияға бір студентті оқуға жіберіп отырады. Ал білім алып жатқан студенттер өз кезегінде «Қазақстан – Жапон» қарым-қатынасының дамуына қызмет ететін болады.