- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қазақстанның палеолит мұражайы ҚазҰУ-де: археологиялық зерттеулердің ғылыми-білім беру орталығы
Қазақстанның палеолит мұражайы ҚазҰУ-де: археологиялық зерттеулердің ғылыми-білім беру орталығы
Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) №11 "Тұрақты қалалар және елді мекендер" бағыты аясында 2000 жылдың желтоқсан айында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде ТМД аумағындағы бірегей Палеолит мұражайы ашылды. Бұл мұражай Қазақстан аумағындағы ежелгі адамның тарихы мен оның материалдық мәдениетін зерттеу және насихаттауға бағытталған маңызды ғылыми-білім беру орталығына айналды.
Мұражай қоры бірнеше жылдар бойы археолог ғалымдар жинаған 600 мыңға жуық тас артефактілерден тұрады. Бұл жәдігерлер палеолит дәуірі мәдениетінің тас өңдеу технологиялары мен тұрмыс-тіршілігінің эволюциясын айғақтайтын құнды мұралар. Коллекцияның қалыптасуына зор үлес қосқан ғалымдар қатарында Х.А. Алпысбаев, А.Г. Медоев, Ж.К. Таймағамбетов, Б.Ж. Аубекеров және О.А. Артюхов бар.
Мұражай тек тарихи мұраны сақтаушы ғана емес, әрбір келушінің ежелгі тарихқа жақын болып, ата-бабаларымыздың өмірімен танысуына, мыңдаған жыл бұрын жасалған бірегей артефактілерді көруіне мүмкіндік беретін орынға айналды.
Қазақстанның Палеолит мұражайының экспозициясында қазақстандық палеолит археологиясының негізін қалаушылар Х.А. Алпысбаев пен А.Г. Медоевтің суреттері, олардың монографиялары мен ғылыми еңбектер тізімі ұсынылған. Бұл материалдар олардың ғылымның дамуына қосқан қомақты үлесін дәлелдейді және келушілерге қазақстандық зерттеушілердің жетістіктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Экспозицияның жекелеген бөлімдері Қазақстан аумағында төменгі және орта палеолит дәуірлерінде мекендеген ежелгі жануарлар фаунасын бейнелейді. Мұнда сол дәуірдегі жануарлардың бейнелерін көруге болады. Келесі экспозициялар Қазақстан аумағынан табылған ежелгі жартас суреттеріне арналған. Бұл суреттер ежелгі адамдардың дүниетанымы мен мәдениетінің ерекшеліктерін айқындайды.