ТДМ-4. БАСПА САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
2024 жылдың 28 қарашасынан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасындағы дәстүрлі шеберлік сағаттары бастау алды. Мұндағы мақсат – студенттерге теориялық білім берумен қатар, тәжірибелі мамандармен еркін сұқбаттасуға мүмкіндік туғызу. Шеберлік сағаты кафедрамыздың меңгерушісі Айгүл Рамазанның ұйымдастыруымен және кафедра оқытушылары – Темірғали Көпбай, Қоңыр Мұхатаева, Ермахан Шайхы, Дәрмен Смайыл, Нұрлыайым Данаева, Болатбек Төлепберген, Асылбек Ихсанның қатысуымен өтті. Сондай-ақ, болашақ баспагерлерге дұрыс бағыт-бағдар беріп, ұлттық баспа саласының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған алғашқы шеберлік дәрісіне ҚР ұлттық Кітап палатасының директоры, Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясының президенті Әділ Қойтанов арнайы қонақ болды. Келелі кездесудің шымылдығын Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай түріп, алғашқы сөз кезегін құрметті қонаққа берді. ҚР ұлттық Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов өз сөзінде ұлттық Кітап ісінің өзекті мәселелеріне кеңінен тоқталып, сонымен қатар баспа саласының ерекше тұстарын да атап өтті.
Өздеріңіз білетіндей, мәдениет пен өркениеттің дамуында кітаптың алар орны айрықша, ал сол сонау тамыры тарих қойнауынан сыр тартатын рухани мұраларымыз, құнды жәдігерлерімізді көзінің қарашығындай сақтауда және еліміздегі кітаптардың стандартқа сай жарық көруінде ұлттық кітап палатасының маңызы зор. Одан бөлек, іл іргесіндегі баспалардың жүйелі жұмыс жасауына, халықаралық ISBN нөмірін алуына ықпал етіп отырғаны да бар. Иә, демек сапалы кітаптардың жарық көруі мен оқырман қолына тиюіне де аталған мекеменің септігін тигізіп отырғаны анық.
Осы орайда Әділ Қойтанов жақында ғана Франкфурт қаласында өткен кітап жәрмеңкесіне барып қайтқанын, ондағы кітаптардың адам таңданар тұстарын айтып, студенттермен еркін форматта әңгіме өрбітті. Дәріс барысында құрметті қонақтың сөзінен бүгінгі күні республикамыздың түкпір-түкпірінен кітап дүкендерін ашып, қарқынды жұмыс жасап жатқанын аңғардық. Болашақ баспагерлер қауымы да баспа саласы бойынша өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, арнайы қонаққа кітаптың халықаралық стандартқа сәйкес жарық көруіне және мәдени мұралардың сақталуына байланысты өз сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Осылайша, кафедрамызда ұйымдастырылған шеберлік сағаты студенттердің білімділігімен қатар, кәсіби біліктілігін арттыруға да өз септігін тигізді.