Егемен Қазақстан

28 қараша, 2015

Өнегелі өмір

Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі.

Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Осындай ұстаздардың бірі емес, бірегейі – экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, профессор Яхия Әубәкіров еді. Ол – Қазақстан ғылымына зор үлес қосқан белгілі ғалым, есімі мақтанышпен айтылатын, өмірі-өнеге ұлағатты ұстаз.

Ол Әубәкіров – экономика ғылымның теориясын және аграрлық сектордың Қазақстанда дамуын шешу жолдарына бағытталған іргелі ғылыми зерттеудің авторы. Экономика теориясының өзекті мәселелеріне арнап профессор 300-ден астам құнды еңбектер, 20-дан аса оқулықтар мен 30-ға тарта оқу құралдары бар. Ерекше айта кететін жай, ғылыми еңбектерінің көбісін қазақ тілінде жазып, мемлекеттік тілімізді ғылым, білім тілі деңгейіне көтерді. Сонымен қатар, саяси экономия, экономикалық теория пәндері бойынша қазақ тілінде дәріс жүргізген алғашқы экономист ұстаздарымыздың бірі еді.

Ғұлама ғалымның ұстаздық қызметін айрықша атап өтуге болады. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасынан бастап өмірінің соңғы күніне дейін күш қайратын шәкірт тәрбиесіне арнады. Ұстаздық қадамын Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент қызметінен бастап, аға мұғалім, доцент қызметтерін атқарды. 1963 жылы жаңадан ашылған Алматы Халық шаруашылығы институтының Саяси экономия кафедрасының меңгерушісі, ал 1967 жылы оқу ісі бойынша проректоры болып тағайындалды. Сөйтіп, осы ұжымның негізін қалаған азаматтардың бірі ретінде оның өсіп өркендеуіне үлкен үлес қосты.

1972 жылы Яхия Әубәкірұлы Қазақ мемлекеттік университетіне қайта оралып, университет проректоры қызметіне тағайындалды. Міне, содан бастап өмірінің ақырына дейін осы ұжымда қызмет атқарды. ҚазМУ-дың еліміздегі білім мен ғылым ордасына айналуына және оның экономика факультетінің өсуі мен дамуына академик Әубәкіровтің сіңірген еңбегі өте зор.

Яхия Әубәкірұлына тән адами қасиет, екінің бірінде жоқ, тек өз бойында ғана болатын. Ол қасиеттер – ішкі рухани байлығы, асыл адами қасиеті, кішіпейілділігі, еңбекқорлығы, парасаттылығы. Ағамыз тек қана экономистер емес ғылым қуған барлық жастардың ақылшысы, тәрбиешісі, бапкер, қамқоршысы бола білді. Біз асыл азаматты еске алғанда алпыс жылдан астам университетімізде дәріс оқып, мыңдаған шәкірттер дайындаған профессор Мәрзия Нұрмағамбетқызы да көз алдымызға келеді. Мәрзия Нұрмағамбетқызы үлкен ғалым, өнегелі ұстаз болумен қатар, Яхия Әубәкірұлының адал жары, алтындай үш перзенттерінің анасы болды. «Тектіден текті туaды, тектілік тұқым қуады» деген қазақта ұлы сөз бар. Осы ұлы сөз Яхия Әубәкірұлының өмірінің жалғасы – балаларының бойына да қалыптасқан.

Ұлттың мақтанышы – Жәния Әубәкірова, әке жолын қуған ғалым, экономист Жанар Әубәкірова, белгілі кәсіпкер Қанат Әубәкіров тектіден туған, асылдың сынықтары.

Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен ірі тұлғалардың өмірін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Өнегелі өмір» атты серия бойынша естелік кітап шығарылып келеді.

Яхия Әубәкірұлының дүниеден озғанымен, ол кісінің ісі, адамгершілігі, кішіпейілдігі, үлкенге ізет, кішіге деген шексіз қамқорлығы біздің ұжым мүшелерінің ғана жадында сақталып қоймай, Қазақстандағы барлық экономистердің жүрегінде. Өзі соңғы деміне дейін қызмет атқарған экономика және бизнес жоғары мектебінің ғылыми кеңесінің мәжіліс залына академик Я.Әубәкіровтің аты берілген. Ұжымдағы барлық үлкен шаралар осы залда өтеді.

Жыл сайын үздік оқитын студенттерге академик Әубәкіров атындағы стипендия тағайын-далады. Университет мұражайында ғалымның өмір жолы туралы экспонаттар қойылған. Ең бастысы, ұлағатты ұстаздың есімі әрқайсымыздың жүрегімізде. Ол кісінің аты, атағы, еңбегі ұмытылмайды. Себебі, артында игілікті істері, ғылымда өшпес іздері, шәкірттерінің жүрегінде ұстаздық қамқорлығы мен тәрбиесі қалды. Ұстазымыз көзімізден кетсе де, көңілімізден кетпейді.

Академик Я.А.Әубәкіровтің өмірі – нағыз өнегелі өмір, ұлықтауға лайық ұстаз, құрметке лайық ғалым.

Баян ЕРМЕКБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.