Айқын

28 қараша, 2015

Инженерлер дайындайтын ұлттық орталық

Инженерлер дайындайтын ұлттық орталық Қазақ елінде инженерлік мектептің алғаш рет 1930 жылы Алматыда Ауыл шаруашылығы институтының ашылуынан бастау алғаны тарихтан белгілі. Үстіміздегі жылы Қазақстанда инженерлік мамандықтың ашылғанына тура 85 жыл толып отыр.

Егер тарихқа үңілсек, кеңес жылдарында инженерлік мамандықтың ашылуы Қазақ елінде жүргізілген коллективтендіру ісі, алғаш тракторлардың келуімен байланысты екені ақиқат. Сөйтіп, Қазақстанда бірінші болып инженерлік мамандарды дайындау Қазақ ауылшаруашылығы институтына бұйырды. Содан бері еліміздің ауылшаруашылығына қажетті инженер кадрлар үздіксіз дайындалуда. Аталмыш оқу орнын бітірген түлектер, әсіресе, тың игеру және ауыл шаруашылығындағы егін мен мал шаруашылығын механикаландыруға зор үлес қосты. Бұған қоса Қазақ ауыл шаруашылығы институтында дайындалған инженерлер ауылшаруашылығының кез келген саласындағы қол еңбегін механикаландыруға ықпал етті. Нәтижесінде, кең-байтақ Қазақстан жыл сайын бірнеше миллиард пұт астық жинап, миллиондап қой өсіруге, азық-түлікті дайындауды механи-каландыруға қол жеткізді. Кешегі институт бүгінгі университеттің инженерлік бөлімі өткен 85 жылда білімді де білікті мамандар дайындап қана қоймай, ұлттық инженерлік ғылымның басты орталығына айналды. Бұған дәлел ретінде Қазақстан жағдайында егістікте қолдануда тиімділігі өте жоғары жаңа комбаин құрастырған профессор Ж.Са-дықов басқарған ұжымның еңбегін айрықша атап өтуге болады. Осы институттың ин-женерлік факультетінің түлегі, айтулы ғалым, профессор П.Жүнісбековтың инженерлік ғылым саласында ашқан жаңалықтары да бір төбе. Ал ауылшаруашылығы өнімдерін, оның ішінде күріш өндірудегі және оны тиімді жинау тетіктерін енгізудегі инженерлік жаңалық университет профессоры Н.Үмбеталиевке тиесілі және оның өнертапқыштық жаңалығы ауыл шаруашылығы ғылымына қосылған сүбелі еңбек ретінде бағалануда. Жасыратыны жоқ, қазіргі күні еліміздің ауылшаруашылығы саласында қызмет атқарып жүрген инженер кадрлардың 90 пайызы кешегі АШИ (СХИ), бүгінгі Қазақ ұлттық аг-рарлық университетінің түлектері екені ақиқат.

Қазақ елінің бұрынғы және бүгінгі ауылшаруашылығының дамуына университеттің инженерлік факультетінің түлектерінің қосқан үлесі орасан зор деуге болады және әлі де қоса бермек. Реті келгенде айта кетсек, осы оқу орнын инженерлік мамандығы бойынша алғаш бітірушілердің арасында академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, университеттің бүгінгі ректоры Тілектес Есполов та бар.

Өткен 85 жыл ішінде небір «тар жол, тайғақ кешу» сәттерін өткерген инженерлік факультет қазіргі күні ХХІ ғасыр талабына сай мамандардың жаңа легін дайындауға көшті. Бұған қоса, инженерлік факультет ұжымы Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасын іске асыру және еліміздің ауылшаруашылығын әлемдік даму жолдарына сүйене отырып дамыту мақсатында инженерлік мамандарды дайындауға айрықша серпін беруде.

Таяуда университеттің инженерлік факультетін басқаруға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі Нұрлан Әбділдин келді. Инженерлік білімнің теориясына толық қаныққан жас маман ауыл шаруашылығы саласы үшін инженер мамандарын дайындауға бар күш-жігерін жұмсауда. Әсіресе, инженерлік факультет әлем елдерінің тәжірибесімен ынтымақтаса отырып, ауыл шаруашылығының күрделі мәселелерін шешуді терең меңгерген жаңа үлгідегі мамандарды дайындауға бағыт берілуде. Атап айтқанда, әлемдік тауар қозғалысын және тауарды сақтау мен тасымалдауды реттейтін «Логистика», сондай-ақ қала және ауыл шаруашылығы өнімдері тасымалындағы «Жүк тасымалын ұйымдастыру» және «Ауыл шаруашылығы техникасын жасау технологиясы» мамандықтары бойынша мамандар дайындауды жүзеге асыруда.

Бір сөзбен айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ елі ауыл шаруашылығында жүк тасымалының хабына айналуы керек» деген үндеуіне іспен жауап бере отырып, Қазақстанда алғашқы болып ауыл шаруашылығы үшін логистика мамандарын дайындауды қолға алды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 85 жылдық тарихы бар инженерлік факультетінің болашағы баянды, ауылшаруашылығы үшін экономикалық тиімділігі жоғары техниканың жаңа түрлерін енгізуге мүмкіндігі зор.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ, Мұханбет-Шәріп КЕНЖЕБАЙ, ҚазҰАУ қауымдастық профессоры