Айқын

28 қараша, 2015

Түркі жұртына құнды дүние «Ақ боз үй» түрік тіліне аударылды

Түркі жұртына құнды дүние «Ақ боз үй» түрік тіліне аударылды Анкара қаласында қазақтың белгілі жазушысы Смағұл Елубайдың түрік тілінде жарық көрген «Ақ боз үй» романының тұсаукесері өтті.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің баспасөз қызметінің ақпаратынша, кітап түрік тілінде «Arasat Meydan?» (Ғарасат майданы) деген атпен жарық көрген. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің тіке-лей қолдауымен «Bengu» баспасынан басылып шығыпты. Туындыны түрік тіліне аударған – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Гүлзада Теменова. Баспаға дайындап ұсынған – Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев.

Ежелден бауырлас Қазақстан мен Түркия елдері арасындағы саяси-экономикалық, мәдени және әлеуметтік қарым-қатынастардың жоғары деңгейде жалғасып келе жатқандығы мәлім. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің бастамасымен мәдениет және әдебиет саласы бойынша бірқатар жобалар жүзеге асқан болатын. Атап айтатын болсақ, қазақтың ұлы ойшылы Абайдың жырлары мен қара сөздері, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, ақын Сүйінбай Аронұлының өлеңдері мен Сүйінбай шығармашылығына арналған эссе-зерттеулер, Темірхан Медетбектің өлеңдері және тағы басқа кітаптар түрік тілінде жарық көрді.

Айтулы шараға Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы, «Кардеш Калемлер» атты әдеби журналдың жауапты хатшысы Осман Чевиксой, Гази университетінің оқытушысы, қазақ әдебиетінің зерттеушісі Жәмиля Кынаджы, қазақ жазушысы Смағұл Елубай, Түркияның экс-министрлері Рамазан Мирзаоғлы мен Халил Шывгын, Әзірбайжан Композиторлар одағының төрайымы Фиренгиз Ализаде, Әзірбайжан Жазушылар одағының баспасөз хатшысы Хаял Рыза және Түркия Жазушылар одағы, Еуразия Жазушылар одағы, Түркі дүниесі өнерпаздары мен жазушылар қоры, ИЛЕСАМ, Әлем жазушылары мен зиялылар қауымдастығы сынды беделді ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кітаптың жарық көруіне тікелей қолдау көрсеткен Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев «бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынас осы кезеңде жаңа деңгейге жетті. Бүгінгі өтіп жатқан шара соның айғағы. Әдебиет пен мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Өйткені халықты танудың және таныстырудың бірден-бір жолы – әдеби шығармаларды аударып шығару. Қазақтың белгілі қаламгері С.Елубай қазақтың басынан өткен қасірет жылдарын, ашаршылық нәубетті көркем тіл арқылы оқырманның жүрегіне жеткізді» деп кітаптың мазмұнына тоқталды. Түрік ағайындарға ашаршылық жылдары туралы мәлімет беріп, «2012 жылы Астанада «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументін ашқан Елбасы Н.Назарбаев бұл романды оқып, жоғары баға берген» дей келе тұсаукесер салтанатын ашты.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ романның түрік тіліндегі аудармасы бүгінгі түрік оқырмандарына өте түсінікті екендігін, алайда Түркияда ашаршылық мәселесі әлі күнге дейін ашылмаған тақырып екендігін айта келе, «түркітілдес елдерінің Түркиядағы елшіліктердің ішіндегі Қазақстанның Түркиядағы елшілігі – саяси-экономикалық сала бойынша жасап жатқан қыруар жұмыстармен қоса, мәдениет пен әдебиетке көңіл бөліп, мәдениет дипломатиясының үлгісін көрсетіп жүрген ең белсенді мекеме. Сондықтан елші Жансейіт Түймебаевқа шын жүректен алғыс айтамын. Түрік тілінде жарық көрген романның жолы болсын деп тілеймін» деп жүрек-жарды лебізін жеткізді.

Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, «Bengu» баспасының директоры Якуб Омароғлы: «Смағұл Елубай – батыл жазушы, жүрек жұтқан қаламгер. Өйткені сонау 80-жылдары мұндай тақырыпты қозғау мүмкін емес еді. Бауырлас қазақ елі ашаршылық нәубетін басынан кешті. Ал бұл тақырыпты көркем тілмен жеткізу, әдеби жанрға салып жазып шығару қиынның қиыны. Сондықтан «Ғарасат майданы» романының авторы – түркі дүниесінің шебер жазушысы деп атар едім. Соңғы екі жылдың ішінде қазақ әдебиетін насихаттауда көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Оған түрткі болған білікті елші Жансейіт Түймебаев. Түрік шығармашылық орталықтары атынан ризашылығымызды білдіре отырып, әдеби байланысымыз одан ары жалғаса берсін деп тілеймін» деді.

«Кардеш Калемлер» журналының жауапты хатшысы, жазушы Осман Чевиксой Түркияда тарих тақырыбындағы романдардың жақсы оқылатындығын, әсіресе, бауырлас елдердің әдебиетіне қызығушылықтың мол екендігін айта келе, Мағжанның өлеңдерінен мысал келтіріп, әдебиет саласындағы қарым-қатынастың мәңгілікке қалатындығына баса назар аударды.

Роман туралы баяндама жасаған әдебиеттанушы-ғалым Жәмиля Кынаджы: «1989 жылы жарық көрген бұл роман – қазақ әдебиетіндегі жаңалығы мол шығарма. Бұл 1928-1933 жылдар аралығында қазақ жеріне нәубет болып төнген ашаршылық мәселесін, қасірет жылдарын анық түрде алғашқы қозғаған тың туынды. Роман тілдің тартымдылығы арқылы оқырманды сол бір тарихи кезеңге алып барады. Балалары Түгелхан мен Едігеге бір жапырақ нанды тауып беруге жан таласып, бір уыс бидайға бола қуанған Хансұлудың тартқан азабын жан-жүрегімізбен сезінеміз. Сондықтан қашанда азапты жылдарды көтере білген әйел баласының тартқан қасіреті оқырманды еріксіз түрде тебірентеді. Бір жапырақ нанның өзі қандай нығмет екенін ұқтырады. Шарасыз аналардың қыз балаларын сатуға шығарған сәттерді көз алдыңызға елестеткенде, жүрегіңіз қалтырайды. Осы сынды оқиғалар романның бет-беттерінде көрініс табады. Сондықтан Смағұл Елубайдың шығармасы кеңестік кезеңдегі «уақыт дистанциясы» ұғымынан асып, кейінгі кезеңде таптырмайтын туындыға айналды. Автор «өткен тарихын білмейтін адамдардан тексіз әрі әдепсіз ұрпақ тарайды» дейді. Осы себептен роман тарихи құндылығымен ерекшеленіп, қазақ қоғамына ғана емес, бүкіл түркі жұртына құнды дүние екендігі сөзсіз. Бұл тақырыптың дәл осындай шебер жазушының қаламына ілінгені кездейсоқ емес. Түрік тіліне сөйлеткен және шығарған барша ағайындарға алғыс айтамын» деп шығарма туралы егжей-тегжейлi баяндап берді.

Тұсаукесердің соңында елші Жансейіт Түймебаев Смағұл Елубайды «Қазақстан мен Түркия достығы» медалімен, шығармашылық орталықтар мен одақ басшыларын алғысхатпен марапаттады.