Монографияның маңызы
Көркем шығармадағы диалогтың атқаратын қызметі қазақ әдебиеті ғылымында анау айтқандай зерттеле қоймаған тың тақырып деуге болады.
Диалогті қажет жерінде ұтымды қолдану және кейіпкерлерді өзінің қоғамдағы орнына сай тілмен келістіріп сөйлету шығармаға шынайылық сипат береді, шығарма тілінің шұрайлылығын, оқырман қызығушылығын арттыра түседі.
Әр қаһарманның сөзінде оның бүкіл ішкі бітім-мінезі арқылы, ойы, арманы, білімі, мәдениеті, мамандығы, мүддесі тұтасып жатады. Әр сөздің айтылу тұсын-дағы адамның көңіл күйі тағы да есепке алынуы тиіс. «Бір романда әрі жинақтала, әрі даралана көрсетілген жүз кейіпкер болатын болса, олардың жүз түрлі сөйлеу мәнері болуға тиіс» деген екен сұлу сөздің зергері З.Қабдолов.Осы орайда, М.Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастығының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиеваның «Сәбит Мұқанов романдарындағы диалог қолданысы» атты монографиясы маңызды тақырыпты көтере білуімен де құнды саналады. Осы монография таяуда түрік тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты. Түрік тіліндегі басылымының тұсаукесері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Шығыстану факультетінде ТҮРКСОЙ кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілді.
Басқосуды ашқан ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Асқар Тұрғанбаев іс-шараға қысқаша шолу жасап, жас ғалым Рита Сұлтанғалиеваның ғылымдағы жолын, зерттеушілік қырын таныстырып өтті. Шығыстану факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Жұбатова, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Қабиұлы, қазақ-түрік кәсіп-керлері қоғамының бас хатшысы Ахмет Аляз, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжан, ҚазҰУ доценті Күләш Ахмет, филология ғылымдарының кандидаты Алтынай Асқарова Сәбит Мұқанов шығармашылығы мен оның насихатталуы жөнінде келелі ой қозғады. Осы шараға Анкарадан арнайы келген Гази университетінің профессоры Қынаджы Жәмилә туғанына биыл 115 жыл толып отырған С.Мұқанов шығармаларының Түркияда танылуы және аудармаларына, түрік тілі-не аударылған жоғарыдағы монографияның маңызына, жатық аударылғанына тоқталды. Монографияны түрік тіліне аударған ТҮРКСОЙ кафедрасының аға оқытушысы Гүлзада Теменова мен монография авторы Рита Сұлтанғалиева Сәбит Мұқановтың кейіпкер мінезін даралап көрсетуде диалогті ұтымды қолданаты-нын, қаламгер туындыларында диалог – мінездеудің бір кейіпкердің сөзі арқылы екінші бір кейіпкерді мінездейтін, кейіп-кердің өз сөзі арқылы оның мінез қырларын ашатын түрлері кездесетінін тілге тиек етті. Пікiр алмасқандар талданған монография қазақ пен түрік әдебиетінің терең бай-ланыстарына қосылған елеулі туынды деген баға берді.