Экономика

28 қараша, 2015

Ұлтының ұмытылмас тұлғасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «100 кітап» бағдарламасы аясында «Ұлтының ұмытылмас тұлғасы – Сапар Байжановтың шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға жазушы-журналистің жары Күләш Бейсенбиева мен баласы Ерлан Байжанов, замандастары мен шәкірттері қатысты. Іс-шара барысында Сапар Байжановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген кітаптың тұсауы кесілді.

«Өмірдің де өмірі бар. Түрліше өмір сүруге болады. Біреулер негізінен алғанда өзі үшін өмір сүреді. Қарын тоқ, қайғы жоқ. Еш қиыншылық та, таршылық та көрмей, аузынан ақ май ағып дегендей рахат тірлік кешеді. Сөйтіп жүріп дүниеден өтеді. Екінші бір адамдар өзі үшін өмір кешпейді. Әлгіндей қошан тірлікті місе тұтпайды. Жерім қайтсе көгерер, еліміз, ұрпағымыз қайтсе бақытты болады дегендей үлкен арман арқалап, соның жолында ғұмырын, өмірін сарп етеді. Қиындық, азапты да шегуі мүмкін. Бірақ, сол жолдан айнымайды, талмайды. Қиынына қинала жүріп дүниеден өтеді. Мұндай адамдар өмірде көп болмайтыны да рас. Санаулы ғана біртуар саңлақтардың, ерен ерлердің еншісі бұл», – деді кезінде Сапар аға. Сондай санаулы азаматтардың бірі Сапекеңнің өзі еді.

Қазақ журналистикасының қара жорғасы, қарымды қаламгер, білгір ғалым Сапар ағаның туғанына биыл 85 жыл.

Сарбас Ақтаев, журналист-жазушы:

– «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көріп келе жатқан кітаптар біздің қаламгерлеріміздің, қайраткерлеріміздің, қоғамның қалыптасуына атсалысқан ардагерлеріміздің танылуына өз септігін тигізіп жатыр. Жақсы жоба жалғасын тапсын деп тілек білдіреміз. Сапекең туралы «Өмірге өкпем жоқ менің» деген атпен жарыққа шыққан бірінші кітаптың редакторы болдым. Оның халқына сіңірген еңбегі туралы айтылар әңгіме әлі де көп. Ал Сапардың өмірге қалдырған ең озық мұрасы оның арыстай үш ұлы және Назым. Осы балалардың бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай азамат болғандары мені қатты қуантады. Еліне еңбегі сіңген азамат болса, осы Сапекеңдей-ақ болсын.

Сауытбек Абдрахманов, «Егемен Қазақстан республикалық газеті» АҚ Президенті:

– Кезінде бір ғана факультет болды. Түлектерінің қайда баратынын Қазақстан Компар-тиясының орталық комитеті шешетін. Ол заң, философия немесе экономика факультеттері емес-тін. Ол журналистика факультеті болатын. Осындай кезеңде жұмыс істеген адам өте жауапты адам болуы керек еді. Сапекең сол кезде Қазақстанның бас газеті «Социалистік Қазақстанды» (қазіргі «Егемен Қазақстан») 10 жыл басқарды. Ол кісінің жақсы қасиеттері өте көп болатын. Сапекең адам тани алатын, қандай жағдай болмасын түсіністікпен қарайтын.

Жұмабек Кенжалин, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры:

– Адамды алғаш көргенде-ақ пікір қалыптасады. 1981 жылы мен «Социалистік Қазақ-стан» газетіне бардым. Сонда редактордың қабылдауына кірдім. Сапар ағаның кабинетіне кірген бойда «Кел, қалқам отыр», – деді. Сонда жүрегімнің қағысы бірден қалпына түсті. Сол кездегі көзқарас, сол күлкі өмір бойы менің жадымда. Сапар ағаның жаны жаңашылдыққа құмар еді. Қазақстанда газеттерді компьютермен теруді ең алғаш Сапар аға «Халық кеңесі» газетінде жүргенде Марат Тоқашбаев екеумізге тапсырған. Ол кісі қазақ журналистикасын қалай дамытсақ екен деген ұстаныммен үнемі ізденіс үстінде жүретін.

Қайрат Сақ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

– Бүгінде Сапар ағаның шығармашылығын зерттеп жүрген, соның ішінде дипломдық жұ-мыстар, диссертациялар жазып жүрген жастар баршылық. Сапар аға туралы алдыңғы буын ағаларымыздан артық айта алмаспыз. Бірақ, Сапар ағаның мұрағат саласындағы еңбегін айтып өту керек. Ол кісі құжаттарға ұқыпты болу керек, себебі құжатты қайта жаңғырту мүмкін емес дейтін.

Күләш БЕЙСЕНБІҚЫЗЫ, Сапар Байжановтың жары, жазушы-журналист:

– Ол кісі барынша еңбекқор адам еді, үнемі жауапты қызметте болғандықтан қолы көп тие бермейтін. Демалыс күні бастаған шығармашылық жұмысының жалғасын келесі демалыста бір-ақ аяқтайтын. Арада ойлар үзіліп қалса да, өте қабілетті кісі, осылай жеке шығармашылығын жалғастырып отыратын. Егер бір жігіттің жақсы бір ойы бар мақаласын оқыса, ол қай жердің жігіті, ол кім, мінез-құлқы қандай дегенге қарамайды. Өзіндік ойы бар, қаламы жүйрік деп қамқорлық жасайтын. Үстінен жастарды жинап жатыр деген арыздар түсіп жатқанына қарамай, он бес облыстан жазу стилі көңілінен шыққан жігіттерді редакцияға шақырды, қолдау көрсетті.

Жүздеген мақала, жиырмадан астам кітап, роман мен пьеса жазған С.Байжановтың өмірі мен шығармашылығы, ол туралы жазылған естеліктер мен арнаулар «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген кітапқа арқау болды. Бес бөлімнен тұратын кітапқа арнайы мұрағат құжаттары да енген.

Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен өткен жиын соңында Сапар Байжановтың жары Күләш Бейсенбиева мен баласы Ерлан Байжановқа, Үмбетбай Уайдинге, Мереке Көкеновке, Есенғали Раушановқа, Аманхан Әлімұлына, Шөмішбай Сариевке «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге 80 жыл» мерейтойлық төсбелгісі табысталды.