«Жібек жолы рухын ілгерілету» көрмесі ашылды

4 қараша, 2024

Әл-Фараби кітапханасында ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына және Қазақстандағы ҚХР Солтүстік Батыс политехникалық университеті (СБПУ) филиалының 2024 жылғы магистранттарын қабылдау шарасына  арналған «Жібек жолы рухын ілгерілету, өзара түсіністік пен жақындыққа жәрдемдесу» тақырыбында көрме ашылды.

Жаңа оқу жылының ашылу салтанаты мен көркемсурет көрмесін Қазақстандағы СПБУ филиалы мен ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырды. ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды. «Өткен жылдың қазан айында ашылған СБПУ (ҚХР) филиалында  қазіргі уақытта 70 магистрант білім алуда. Оның 14-і өткен жылы оқуға түсті, биыл олардың саны 56 магистрантқа жетті. Филиалдың бірінші жылының магистранттары қазіргі уақытта СБПУ-да (Сиань қ., ҚХР) ғылыми зерттеулер жүргізуде. Филиалдағы оқу аяқталғаннан кейін магистранттар әлемдік стандарттарға сәйкес келетін ҚазҰУ және СБПУ дипломдарын алады. Филиал түлектері әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алады және сұранысқа ие мамандар болады», – деп атап өтті Еркін Ерманұлы.

ҚХР Бас консулы Цзян Вэй ханым Қазақстандағы СБПУ филиалының ынтымақтастығы мен дамуы үшін екі жоғары оқу орындарының басшылығына шын жүректен алғыс білдірді және бұл екі университет арасындағы достық пен ынтымақтастықты қолдау ғана емес, сонымен қатар Қытай мен Қазақстан арасындағы жоғары білім беру ынтымақтастығының маңызды кезеңі екенін атап өтті.

Іс-шарада Солтүстік-Батыс политехникалық университеті мұражайының директоры Ли Сяосун, Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайының директоры Гүлайым Жұмабекова, Жібек жолы халықаралық көркемсурет фестивалінің Халықаралық көркемсурет көрмесінің кураторы және Шэньси провинциясы суретшілер қауымдастығының кураторлар комитетінің хатшысы Цзинь Ган және басқалар сөз сөйледі.

Қазақстандағы СБПУ филиалының жаңа оқу жылының ашылу салтанаты 2024 жылы түскен магистранттарға сертификаттар табыстаумен және гимнасттардың музыкалық қойылымымен, сондай-ақ Қытай шай өнерін көрсетумен жалғасты.

Өнер – адамзаттың ортақ тілі. «Жібек жолы рухын ілгерілету, өзара түсіністік пен жақындыққа жәрдемдесу» атты көркем көрмесі Қытайдан Орталық Азияға дейінгі Жібек жолы өркениетінің өнері мен мәдениетін, Қытайдың рухани және мәдени қасиеттерін, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени алмасуға жаңа көзқарасты көрсетті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  Баспасөз қызметі