Ізденген жетер мұратқа
Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы атанған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – сапалы білім мен озық тәжірибенің ошағы. Бүгінде білім ордасы заман көшінен қалмай, жаңа ақпараттық қоғамның қыр-сырларын меңгеріп келе жатқан жоғары оқу орындарының бірегейі. Университеттің механика-математика факультетінің информатика кафедрасы ғылыми мекемелерді сапалы ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етіп келеді.
Информатика кафедрасының тарихы тереңнен бастау алғанымен, қазіргі таңда заман ағымына ілескен білім орталықтарының бірі болып табылады. Білім беру жоспары бойынша кафедра бакалавриаттары мен магистранттары информатика, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша үздіктер қатарынан көрінсе, информатика, есептеу техникасы және басқару мамандықтары бойынша докторантура тәлімгерлері озық қабілет танытуда. Кафедра дәріс залдарымен, тәжірибелік аудиторияларымен, зертханалық орындармен толық қамтамасыз етілген. Оған қоса 21 компьютер, оның ішінде Pentium IV-1200-3, Pentium (R) Dual-Core E6500-5, HP LaserJet1005 және HP LaserJet1018 принтері, Kyocera FS-1120D принтері мен Konica Minolta bizhub164 көшірмесі, HP ScanJet 5400c сканері мен зертханалық жұмысқа арналған 4 видеопроектор оқу үдерісінде пайдаланылуда.
Соңғы жылдары кафедра шет елдердің таңдаулы университеттерімен тығыз байланыс орнатып келеді. Студенттердің толыққанды білімді меңгеруі үшін түрлі курстар өткізіліп, шет елдерден келген танымал профессорлар ақпаратпен қамтамасыз ету саласында тағылымды дәрістер оқып тұрады. Мәселен, 2014-2015 оқу жылында кафедрамызда Новосібір мемлекеттік университетенің профессоры В.Э.Малышкин «Облачные вычисления», «Исследование и анализ алгоритмов» , «Разработка и внедрение облачных решений» тақырыптарында студенттердің білім деңгейін одан әрі жетілдіру мақсатында дәрістер оқып, өз еңбектерімен таныстырды.
Оқу-әдістемелік жұмыста кафедра студенттерінің кітаппен қамтамасыз етілуі маңызды саналады. Қазіргі уақытта аталған мамандықтар бойынша бір студентке орта есеппен 168 оқу құралы, оның ішінде қазақ бөлімінің студентіне орташа есеппен 142 оқулық, орыс бөлімінің студентіне 194,3 оқу құралы келеді. Кітап қорының көптігі – студенттердің білімінің сапалы екендігінің дәлелі емес пе. Білімгерлер тек оқулықтармен ғана емес, түрлі ғылыми және оқу-әдістемелік құралдармен, ағылшын тілін үйрететін курстармен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта кафедрада 106 теориялық және өндірістік мамандықтар ағылшын тілінде өтеді. Білім берудің жаңа әдістемесі мен технологиялары оқу жүйесіне бакалавриатурада жеті, магистратурада екі, PhD докторантурада бес мамандық бойынша қолданылады. Кафедра ұжымы жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, түрлі іс-шараларды жоғары дәрежеде өткізеді.
Кафедраның қол жеткен тағы бір жетістігі – талапкерлер арасында осы мамандыққа сұраныстың өсуі. Оның бір дәлелі оқушылардың кафедра ұйымдастыруымен өткен Халықаралық олимпиадаларға белсене қатысып, университет өмірімен және кафедра өмірімен жете танысуы. Оқытушылардың білім деңгейін көтеру мақсатында жыл сайын ұстаздар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың біліктілікті арттыру институтында оқу-өндірістік курстардан өтеді. Ұстаздар құрамының 95 пайызы – куратор-эдвайзерлер, олар өз студенттерімен бірге түрлі мерекелік және ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруға белсене атсалысуда.
Кафедрада «Cisco», «СБИ», «СКБ», «Бағдарламалау» сынды ғылыми-студенттік үйірмелер жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар білімгерлер университет ректоры, академик Ғалым Мұтанов ұсынған «Айналаңды нұрландыр», «100 кітап», «Грин Кампус», «Белсенділер қоғамы» атты жобаларда өздерін жақсы қырынан танытып келеді. Олар қалалық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары болып табылады.
Ұжым мүшелері студенттерге тек сапалы білім ғана емес, сонымен қатар саналы тәрбие беруге де белсене араласып, кафедра, факультет және университет деңгейінде өтетін қоғамдық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Шәкірт баулыған ұстаздар еңбегі жемісті болсын, деп тілейік.
Байдәулет УРМАШЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ информатика кафедрасының меңгерушісі, Тиыштық ХАКИМОВА,кафедра доценті