05.11.2024 күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің №17 жатақханасында Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы ф.ғ.к., Ә.Ж.Байелі студенттермен ТДМ 4 «Сапалы білім беру» аясында «Инклюзивті білім беру» тақырыбында кездесу ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты – студенттерді инклюзивті білім беру мәселесімен және оның біздің университетіміздегі қолданысымен таныстыру.
Инклюзив ұғымы − латын тілінен аударғанда «өзімді қосқанда», ал, ағылшын тілінен «араластырамын» деген мағынаны білдіреді. Инклюзивті білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат болып саналады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы бекітілген академиялық саясатында «Білім берудің инклюзивтілігі» деген арнайы бөлімде: «Университеттің білім беру ортасы оқытушы тарапынан барлық білім алушыларға және білім алушылардың бір-біріне гендерлік, нәсілдік/ этникалық тегіне, діни сенімдеріне, әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, білім алушының физикалық денсаулығына және т.б. қарамастан қолдау мен тең қарым-қатынас әрқашан болатын қауіпсіз орын ретінде ойластырылған» деп жазылған. Сонымен бірге, әр оқытушы силлабусқа инклюзивті білім берудің негізгі қағидаларын енгізеді, олар оқытушының, барлық білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасайтын инклюзивті оқыту қағидаларын ұстанатынын хабардар етуі тиіс. Университет қабырғасында мүмкіндіктері шектеулі студенттерге барлық жағдай қарастырылған.
Кездесу барысында инклюзивті оқытудың негізгі мынадай принциптері туралы сөз болды:
• Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.
• Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
• Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.
• Барлық адам бір-біріне қажет.
• Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
• Әрбір бала үшін жетістікке жету – өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
• Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.