Картографияның даму болашағы талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығына арналған «Цифрлық шынайылық: картография, геоақпараттық жүйелер жəне Жерді қашықтан зондтаудағы жаңа сұраныстар» атты І халықаралық ғылыми-тǝжірибелік конференция өтті.
Шараға білікті ғалымдар мен сарапшылар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.
Ғылыми жиынды Инженерлік және жоғары технологиялар кластерінің Ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасы, ТМД елдеріндегі ESRI дистрибьюторы және Data+ International компаниясы бірлесе ұйымдастырды.
Іс-шара модераторы – Инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев жиынның пленарлық отырысын ашып, конференция тақырыбының өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ ол демеуші болған Leica Geosystems Kazakhstan және «Геокурс» компанияларының шараны ұйымдастыруға жәрдемдескендері үшін алғыс білдірді.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов өз сөзінде: «ҚазҰУ 80 жылдан астам уақыт бойы географиялық салада кадрлар даярлап келеді. Ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтықтан зондтау орталығы базасында картография, ГАЖ технологиялары (геоақпараттық жүйелер) және ЖҚЗ (Жерді қашықтықтан зондтау) саласындағы ғылыми бағдарламаларды белсенді дамытуда. Біздің университет Data+ International компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған ТМД-дағы алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Конференция картография, геоақпараттық жүйелер және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы өзекті мәселелерді, үрдістер мен инновацияларды талқылауға арналған алаң болатынына сенімдімін», – деді проректор.
Нью-Йорк мемлекеттік университетінің вице-президенті әрі проректоры, Қоршаған орта және орман шаруашылығы ғылымдары колледжінің профессоры Самюэль Мукаса «Жасанды интеллект дәуіріндегі картография: мәселелер мен мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасап, үлкен деректерді өңдеу құралы ретінде мол мүмкіндіктер ашатын картографиядағы жасанды интеллект рөліне тоқталды.
АҚШ-тағы Мехарри медицина колледжінің қолданбалы және есептеу ғылымдары мектебінің профессоры Евгений Левин өз баяндамасын қажетсіз қиындықтар мен мифтерді жою арқылы ақпаратты қолжетімді және түсінікті етуге бағытталған ЖИ демистификациялауға арнады.
Сондай-ақ пленарлық жиын аясында Таяу Шығыстағы, Африкадағы және Орталық Азиядағы Esri компаниясы бас директорының орынбасары Ричард Бадден, Data+International компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Валерий Фомин,
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография департаменті Мемлекеттік бақылау және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Алпамыс Алдаш, министрліктің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Шүленбаев және басқалар баяндама жасады. Конференция жұмысы секциялық жиындарға ұласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі