Дағдарыс тұсындағы заманның беталысы

30 қараша, 2015

Елбасының бүгінгі "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму" атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы мынадай маңызды бөлікті қамтығанын атап өту керек: қаржы секторын тұрақтандыру; бюджет саясатын оңтайландыру; жекешелендіру және бәсекелестікті ынталандыру; заман талабына сай инвестициялық және әлеуметтік саясат.

Егемен еліміздің ширек ғасырлық тарихындағы қазіргі кезең ауқымы жағынан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы сәтпен бірдей екендігіне шолу жасаған Елбасы, еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті 30 ел санатына кіру бағытындағы бағдарын зерделеп, заманауи жаһандық мәселелер, оның ішінде еліміздің алар орнына ерекше тоқталды. Халықаралық сыртқы сарапшылардың қорытындылауынша, Қазақстан әлем елдері арасында 42 орында, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасауы бойынша 41 орынды иеленіп отыр және 2016 жылы еліміз экономикалық өсудің жаңа жоғары көрсеткіштерін көрсетеді деп жоспарлануда.

Еліміздің сыртқы сауда ұйымына ену күнімен тұспа тұс келген бүгінгі Жолдауда еліміздің экономикалық дағдарыстан шығудың нақты бағдары айқындалып, ұлттық валютамызға деген сенімділікті арттыру, инвестициялық тартымдылықты белсендіру, салық әкімшілігі тиімділігін көтеруге қатысты, т.б. көкейкесті мәселелер көтерілді.

Егемендіктің бір нышанындай ұлттық валютамыз төл теңгенің тұғырын биіктету - әрбіріміз өзіміздің күнделікті іс-әрекетімізде көрсетуміз шарт. Теңгеміздің еркін бағамға жіберіп, ұлттық қор қолдауын шектегеніміз - тағдыр тәлкегіне салу деген сөз емес. Яғни, күнделікті дүкенге барып сауда жасағанымызда, банктен несие алғанымызда, депозит рәсімдегенімізде, т.б. аумалы-төкпелі қазіргідей заманда халқымыздың қанатты сөзімен айтқанда, "көрпеге қарай көсіліп" әр теңгені үнемді жұмсай отырып, бюджетті оңтайландыру мәселесі Елбасы Жолдауының өзекті тақырыптарының бірі болды. Елбасы адам өмірінің сапасын одан әрі көтеру жолында мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін, әсіресе, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігіне қатысты мүлтіксіз орындайтынын мәлімдеді. Алайда әлеуметтік теңдік елдің жұмыс жасаушы бөлігіне қатысты әлеуметтік теңсіздікті тудырмау қажет екендігін де назарда ұстауды тапсырды. Демек, өз мамандарымызды даярлау, отандық өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашуға, нәтижесінде бюджетке төленетін салықтардың өсуі арқылы бюджет кірісін арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда отандық өнім "сапалы-ыңғайлы-әдемі- арзан" деген төрт қағида негізінде өндірілуі керектігін назарда ұстауды тапсырды. Еліміздің жаһандық дағдарыс тұсындағы болашақ бағыты айқындалған әрі нақты қадамдар көрсетіліп, тапсырмалар белгіленген бұл Жолдау өзін Қазақстан патриотымын деген әрбір азаматқа, әсіресе Жоғары білім мен ғылым саласының өкілдеріне де қатысты. Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары белгіленген аталмыш Жолдау барлығымызға және әрбірімізге тапсырылған міндет деп қабылдаймыз. Жастарды патриоттық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, экономиканың ғылыми сыйымды секторын жандандыруға, Жолдау бағыттарын насихаттауға өз үлесімізді қосуға атсалыса аламыз. Елбасы өзі атап өткендей, "бәрі -өткінші,сол сияқты бұл дағдарыс та өтеді", демек "мың өліп, мың тірілген" бабалар ұрпағы үшін ауызбіршілік пен еңбекқорлық танытқан тұста алынбайтын қамал жоқ. Тәуелсіздіктің 25 жылында қол жеткізген жетістігімізді одан әрі үстемелей түсу жолында әрі Қасиетті елімізді әлемнің 30 елі санатына қосу жолында мәңгілік ел идеясы одан әрі жалғасын тапқан аталмыш Жолдау ел өркендеуінің жаңа сатысы, дағдарыстан шығу бағыты болады деген сенімдеміз.

Арзаева М.Ж.

әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық Университеті

"Қаржы" кафедрасы