Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясына әлем ерекше назар аударып қарағаны белгілі. Мұның себебі толып жатыр. Біріншіден, бүгінгі дүние түрлі аймақтарда соғыс өрті шапшып тұрған бір тынышсыздық жағдайында өмір сүруде. Екіншіден, дүниежүзілік экономиканың даму қарқыны бәсеңдегені соншалық, осыған дейін қарқынды дамып келген дамушы елдер санатындағы мемлекеттерде де рецессиялық келеңсіздіктер басталып кеткендей. Қысқасы, әлемдік экономика түзелудің орнына кері кетуді бастан кешіп жатқан шақта Жер бетінің түрлі аймақтарында соғыс жанжалдарының ушығуы табиғи заңдылықтай көрінеді.
Олай дейтін себебіміз, кейбір саясаткерлер дағдарыстан шығаратын жалғыз жол милитаризация және соғыс деп біледі. ХХ ғасырдағы дүниежүзілік екі соғыс та осындай дағдарыстан шығудың жолы ретінде мүлде қате пиғылдағылар таңдап алған бір бағыт еді. Оның салдары қандай болғанын адамзаттың бүгінгі ұрпағы ұмыта қойған жоқ. Демек, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясына қатысушы әлем мемлекеттері басшыларынан адамзат мына ширыға түскен шиеленістерді шешетіндей іс-қимыл, ақыл-сөз күткені тағы табиғи заңдылық.
Осы орайда, біз Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сағындық САТЫБАЛДИНГЕ жолығып, ой бөліскен едік.
– Ойымды әрі қарай жалғастырсам, әсіресе, АҚШ, Қытай, Ресей басшыларынан дамуға оң ықпал ететін жақсы жағымды сөздер күтіп еді, өкінішке қарай, АҚШ пен Қытай басшысы бүгінгі шиеленістерге кінәлілерді іздеумен болды.
Міне, осындай жағдайда мінберге шыққан Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев бүкіл адамзатқа үлкен ой тастайтындай пайдалы ұсыныстар айтқанында, төбеміз көкке жетіп отырды. Біздің Елбасымыздың сөзіндегі ұсыныстар мен ойларды әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары және ықпалды саясаткерлер жоғары бағалады. Десек те, біз сізге, Сағындық аға, Елбасымыздың осынау ұсынысына капитализм қоғамынан басқа қоғамда болып көрмеген мемлекеттердегі тұрғындар не ойлайды деген сұрақты қойғымыз келіп отыр.
– Азия жайлы батыстықтар «Бір көрпенің астында жатса да, әрқайсысы әртүрлі түс көріп шығады» деген сөз тіркесін қалыптастырған екен. Ал енді осыны айтқан Батысқа келсек, далиған Азия құрлығында емес, оның ширегіне жетпейтін Еуропаның өзінде бірнеше ұлт, бірнеше мемлекет, қазір бір одаққа бірігіп өмір сүріп жатса да, бір-бірімен күні кешеге дейін соғысып келген емес пе еді?! Демек, адамзаттың географиялық жағынан қай аймақты мекендейтіні оншалықты маңызды емес. Қазақта «Әркімнің санасына берсін» деген ұғым бар. Міне, осы біздің ата-бабаларымыз таратқан ұғым қай кезде де қай ұлт жайлы айтсаң да бәрін, яғни кез келген жердегі іс-әрекеттерді бір шеңберге сыйғызып тұрады. Пенде әрқашан да пенде. Бәлкім, содан да болса керек, бір ғана муслимун діні бойынша қасиетті төрт кітап түскен екен. Бірақ Тәураттан басталып, Құран Кәрімге дейінгі барлық кітаптарда айтылатын ой бір, ол – адамзатты дұрыс өмір сүруге шақыру. Мінеки, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясындағы Н.Ә.Назарбаев сөзіне әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен беделді саясаткерлер ерекше риза болған бағасын беріп жатса, онда оның кілті мынада: Қазақстан Көшбасшысы тағы да халықаралық ең биік, ең мәртебелі мінберден адамзатты дұрыс өмір сүруге шақырды деп ойлау керек.
– Осы тұсты тармақтап түсіндіріп кетсеңіз.
– Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде мынадай мысал келтірді: «Стокгольм институтының мәліметі бойынша, 2013 жылғы әлем мемлекеттерінің әскери бюджеті 1,7 триллион долларды құраған екен. Осының 1 пайызын әлемді сауықтыруға жұмсасақ, сол да біраз іс тындырар еді». Бұл жерде келтірілген мысал да, ұсыныс та ақиқаттың өзі. Айталық, қазір дүниежүзінің алып та бақталас мемлекеттері ядролық бомбаларды сынауды доғарғанымен, ядролық оқтұмсықтарды нысанаға жеткізуші зымырандарды жетілдіре түсуде. Ал ол зымырандардың қандай энергиямен жұмыс істейтіні айтпаса да түсінікті. Қарапайым мөлшермен мұндай бір зымыранның оқтұмсықты нысаналы жеріне жеткізуге шығындайтын отыны кішігірім бір қаланы бір ай жылытуға кететін көмірдің энергиясындай қуат шығаруға тиіс екен. Бұдан шығатын қорытынды әрбір зымыран сынақтан өткен сайын адамзат өзін қоршаған ортаны бүлдіріп жатыр, озон қабатын жұқартып жатыр деп мөлшерлеу қиын емес.
Ал осы 70-сессияға жиналған мемлекеттердің көбісінің басшылары кезінде Жапонияда Киото пактісін қабылдауға қатысқандар емес пе. Бұл пактіде ауаға тарататын улы газдар мөлшерін азайту қажеттігі халықаралық заңдық күшіне енген болатын. Міне, соны орындау көңіл көншітпейді. Егер алып державалар зымырандарды сынақтан өткізуді тыйып, одан бүкіл әскери бюджеттің 1 пайызындай қаражат үнемделетін болса, біріншіден, қоршаған орта ластануы азаяды, екіншіден, әлгі үнемделген қаражат Африка мен Азиядағы күнкөрісі төзгісіз жандардың жағдайын жақсартуға жұмсалады емес пе. Мінеки, мен Назарбаевтың бұл ұсынысынан осындай игілікті ақиқатты көре алғандықтан да оны ізгі ниетті бұқаралық ақпарат құралдары мен саясатшылар қуана қолдады деп ойлаймын.
– Мысалыңыз да, ол мысалдағы ақиқаттарды түсіндіруіңіз де жақсы шықты. Білуімізше, біздің Көшбасшымыз дәл осындай ұсынысты бұған дейін де мәлімдеген болатын. Бірақ дүбірлі дүние сондай тамаша ұсыныстың әсерін сезіп жатқандай емес. Бұған не дейсіз?
– Мәселе жаһандық деңгейде және оның әсері болмай жатыр деп үзілді-кесілді айтуға да қарсымын. Айталық, Африка елдеріндегі Эбола індеті кезінде оған дүниежүзінің біраз мемлекеттері көмектескенін біліп отырмыз ғой. Осындай қайырымдылық істер болып жатыр. Бірақ мәселе мынада: біздің Елбасымыз «милитарландыруға» қарсы. Иә, ол әскери шығындарды қысқарту керектігін ашықтан ашық айтуда. Бұл, әрине, бірден, бір демде шешілетін мәселе емес. Әлі де болса, әлемде «Дүниені сақтап тұрған ядролық қару» деп ойлайтын Маргарет Тэтчер сияқты ықпалды саясаткерлер жетерлік. Олар қолындағы қарудан бірден бас тарта алмайды. Десек те, уақыт түптің түбінде біздің Көшбасшымыздың ұсыныстары дұрыстығын дәлелдеп шықпақ.
Мәселен, КСРО державасының бір ғана Қазақстан Республикасында әлемдегі төртінші ядролық әлеует орналасқаны және олардың біз егемендік жариялаған соң Н.Ә.Назарбаевтың тікелей шешімімен жойылғаны белгілі. Ойлаңызшы, соларды жасауға қаншама шығын кетті. Жоюға тағы да шығындалды. Бастапқы, қаруды жасау шығынын КСРО бюджеті көтерсе, оларды жоятын шығынды бізге АҚШ берді. Бәрібір бос шығын! Міне, осыны түптің түбінде саясаткерлер түсінбейді деп ойламау керек. «Үмітсіз шайтан» дейді біздің қазақ. Үміттене берейік. Бірақ бір ақиқаттың беті ашық, мәселе соғыспен шешілмейді. Бәрібір адамзат бір-бірімен түсінісіп, тіл табысу үшін келісім алқасының басына жиналады. Бірақ осы келісім басына жиналу неғұрлым тезірек болса, баршамыз үшін солғұрлым жақсы. Мінеки, Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысын осындай игі қадамды жеделдетуге бағытталған бір абзал да батыл ой десе де артық емес.
– Елбасы осы сөзінде 2045 жылға дейінгі адамзат дамуы жоспарын Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде жасап жүзеге асыруды ұсынды. Бұл туралы не айтасыз?
– Тарихқа көз жүгіртсек, Біріккен Ұлттар Ұйымы деген халықаралық беделді қауымдас-тық 1945 жылғы Ялта конференциясының жемісі екен. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуға, соғыс ашушылардың жеңілгендігін мойындауға азғантай уақыт қалған кез болатын. Содан бері жер жүзі адам танымастай өзгерді емес пе. Ғылыми-техникалық төңкеріс игілікпен қоса қатерді де ұлғайта түсті. Адамзат ғарышты игеріп жатыр. Бұрын жерде соғысып, әуеден қарапайым ұшақтармен бомбалағанға таңырқасақ, мына заманда еш жерге әскери күш, сарбаздар жібермей-ақ алпауыт мемлекеттер қарсыластарын ғарыштан бомбалауы әбден мүмкін. Қазіргі таңда әлем мемлекеттерінің ғарышты милитаризация алаңына айналдырмау мәселесіне алаңдауы басымырақ.
Осы жағдайда Н.Ә.Назарбаевтың 2045 жылға дейінгі адамзат дамуы жайлы нақты жоспармен жұмыс істеу керек деген ұсынысы ерекше маңызға ие болады. Әскери әлеуеттің қазіргі қолда бар қуатымен-ақ баршамыздың Анамыз – Жер деген жасыл планетаны құртып жіберу оп-оңай. Ал егер бұл әлеует күшейе берсе, онда адамзат шын мәнінде қатер апанына өз еркімен тақай бергені болып шығады. «Ессіздің ісі!». Осыны біліп отырғандықтан да біз Көшбасшымыз адамзатты ақылды және дұрыс өмір сүруге шақырды дегенді батыл айта аламыз.
1945 жылдан 2015 жылға дейін қаншама текетірестер болды, қаншама бейбіт өмір жойылды. Жерге қаншама залал келді. Ал ғылым мен техниканың қазіргі даму қарқынына, оның жойғыштық-зияндық күшіне байланысты 2045 жылға дейін бір игі қадам жасамасақ, онда мүлде орны толмас өкінішке тап боламыз. Осы уақытқа дейінгі соғыстардан адамзаттың пайда тапқанын көрген жоқпыз. Демек, болуы мүмкін, бірақ болдырмау қажет деген Н.Ә.Назарбаев ұсынысындағы әскери қақтығыстар алда да ешқандай пайда бермесі түсінікті. Ендеше, пайдасыз іспен айналысқанша, бар мүмкіндікті бірігіп өмір сүруге, мемлекеттер бір-біріне көмектесуге жұмсаса, мінеки, мәселе сонда шешіледі. Менің толық сенімім бойынша әлемнің бүкіл ғалымдары Н.Ә.Назарбаев ұсынысын қуанышпен қарсы алды және оны қолдай береді.
– Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Штаб-пәтерін Азияға ауыстыру қажет деген ұсыны-сына қандай баға берер едіңіз?
– Бұл да орынды пікір. Кезінде АҚШ соғыс өрті тұтанбаған аймақ болғандықтан да БҰҰ Штаб-пәтері сол жерге көшірілді. Сенімді аймақ үмітті ақтады. Бірақ 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиға адамзатты қатты ойландырды. Ең сенімді қорғалған деп жүрген Америка, оның Нью-Йорк деп аталатын қаласы да толық қорғалмаған екен. Дүниежүзілік сауда ұйымының қос ғимараты, онда жұмыс істеп жатқан бірнеше мыңдаған адам бір мезетте көз жұмды. Бұл бүкіл адамзатқа «Енді ойласыңдар» деген сөзді айтып кеткендей. Жасыратын несі бар, қазір әлемнің алып мемлекеті саналатын АҚШ «Жауын қолдан көбейтіп алған» мемлекет болып тұр. Бұл елде орын алған террорлық әрекеттер жайлы жиі естілетін болды. Демек, қалай десек те, біріншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істейтін мамандар мен қызметкерлердің өмірі сенімді қорғалуы үшін де Ұйымның Штаб-пәтерін ауыстыру туралы идеяны күн тәртібіне шығару өмірге өзі сұранған бастама деп ойлау керек.
Екіншіден, соңғы уақытта бұл Ұйымның атына көптеген сын-пікірлер айтылып жүр. Ұйым Американың мүддесіне қызмет ететін мекемеге айналып кеткендей. Сондықтан, жаңа ғасырда жаңа жоспар бойынша жұмыс істейтін Ұйым мекенжайы жаңа жерге орналасса, мұнда туатын ойлар мен ұсыныстар да адамзаттың жаңа заманына қызмет ететін болады деп үміттене аламыз.
Иә, ХХІ ғасыр Азия ғасыры болатынын бүкіл әлем мойындап отыр. Қанша саябырсыса да Қытай дамуы жоғары деңгейде сақталып тұр. Менің пікірімше, бұл мемлекеттің дамуы жалғаса береді және ол көп ұзамай әлемнің ең жетекші экономикасына айналады. Сондай-ақ, Үндістан да қарқынды даму арнасына түсіп келеді. Жалпы, Азия құрлығындағы мемлекеттердің даму қарқыны, Африканы айтпағанның өзінде, Еуропа мен Америка құрлығындағылардың дамуына қарағанда сенімдірек әрі қарқындырақ. Бұл үрдіс әлі ұзақ уақыт сақталады. Демек, Азия адамзат экономикасындағы жетекші аймаққа айналып шығады. Олай болса, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл құрлыққа мекенжай ауыстыруы, меніңше, қажеттілік.
Енді оның қайда орналасуы қажет деген сұрақ алдан шығады. Мұндайда өз басым БҰҰ Бас штабының орналасуына Астана қаласы ең қолайлы мекен дегенді қолдаймын. Біріншіден, Астана – алып Еуразия құрлығының кіндігіндегі күн сайын көркейіп келе жатқан ғажайып қала. Екіншіден, Қазақстан мемлекетін құрушы және оның ішкі-сыртқы саясатының негізін қалаушы Н.Ә.Назарбаев әу бастан-ақ «Көп тарапты» саясатты Қазақстанның түпкілікті ұстанымы ретінде қалыптастырды. Мұны төрткіл дүние түгел біледі. Үшіншіден, ресми Астана қарусызданудың бастауында тұр. Мұны да әлем біледі және қолдайды. Төртіншіден, дәл қазіргі таңда да, алдағы уақытта да Астана тек сындарлы, түсіністік саясатын ұстанады. Мұны да әлем жұртшылығы жақсы біледі. Қазіргі таңда біздің елге, оның саясатына әлем мемлекеттері тарапынан сын айтылмайды. Өйткені, біздің саясат адамзаттың шыққан тегі бір, сондықтан соғысудың орнына қол ұстасып бірге өмір сүрейік деген ойға тұрақтанған. Мінеки, осы айғақтар менің пікірімді толық дәлелдеп тұр.
– Ойыңызды қорытындылағанда не дер едіңіз?
– Қазақстан Көшбасшысының сөзі елімізде істеліп жатқан жұмыстар барысынан мағлұмат беріп тұрғандай. Мәселен, қарусыздану, экологияны сауықтыру туралы ұсыныс жасаса, 2017 жылы өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіндегі негізгі ұстаным осы ғой. Мұны Еуропа да, Америка да қолдайды. Екіншіден, Елбасымыз БҰҰ жаңаша жұмыс істеуі үшін бүкіл адамзатқа қызмет ететін жаңа халықаралық қаржы жүйесі мен мемлекеттерге тәуелсіз валюта қажеттігі жөнінде айтты. Демек, БҰҰ Бас Ассамблеясы жаңа жерде осындай жаңа істерді ұйымдастыруға ұйытқы болар еді деп ойлаймыз. Қорыта айтқанда, Қазақстан басшысы халықаралық мәртебелі мінберде жалпыға ортақ маңызды ойларды ортаға салып, қазақтың мәртебесін тағы бір көтерді. Қазақ тілі тұңғыш рет әлем халықтарының алдына шықты. Бұл ғанибетті де Н.Ә.Назарбаев жасады. Мәртебеміз өсе берсін, ағайын!
– Әңгімеңізге рахмет.