Айқын

5 желтоқсан, 2015

Елбасының кезекті халыққа Жолдауы Елбасы мен бүгінгі буынның, болашақ буын алдындағы жауапкершілігіне арқа сүйеді.

Бүгінгі мемлекетті – Мәңгілік елге айналдыру тұжырымдамасы, экономиканы ары қарай либерализациялау, квазимемлекеттік секторды жекешелендіру арқылы экномикадағы мемлекеттің рөлін басқарушы функциядан, реттеуші, қызмет етуші функцияларға бейімдеу, оңтайлы қаржылық саясат, инфляцияны ауыздықтауда мемлекеттің болашақ ұрпаққа деп жинаған қаражатын жаратуға қарағанда нарықтық тетіктерге арқа сүйеу, капиталдар амнистиясы, қолайлы инвестициялық климат орнату арқылы отандық және шетелдік кәсіпкерлердің тиімді жұмыс істеуіне жол ашу, әлеуметтік топтардың арасындағы әріптестік орнату ынтасы, елдің инновациялық инфрақұрылымын жаңғыртып, экономиканың дайын өнім шығаратын бағыттарына қолдау көрсету идеялары заман талабына сай мемлекет құрып, оның іргесін нығайтуға бағытталған саясаттың көрінісі, осы мемлекеттің болашағына деген сенім мен үміт.

Алайда Елбасының әр Жолдауының өз орны, маңызды бағыты бар. Бұл Жолдаудың өзге Жолдаулардан басты ерекшелігі, тіпті ғаламды дендеген әлемдік дағдарыс жағдайында болуында емес, оның мемлекет және халық үшін жаңа идеологиялық аксиома ретінде көрініс табуында жатыр. Мемлекет – өте күрделі қоғамдық құрылым. Елбасы өз Жолдауында бұл маңызды құрылымның одан әрі өмір сүруі үшін және өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін ең маңызды фактор әлеуметтік әріптестік пен өзінің жауапкершілігін сезінетін кәсіпкерлік тапты қалыптастыру екендігін ашық айтты. Шынында кез келген мемлекеттің тірегі сол мемлекеттің дамуына мүдделі қоғамның болуында жатыр. Ол топтардың ішінде маңыздысы – меншік иелері немесе бүгінгі тілмен айтқанда кәсіпкерлік топтың қалыптасуы. Мысал ретінде ХХ ғасырдың басына дейінгі Еуропадағы сайлау құқығын алып қараңыз. Бұл маңызды институт қалыптасу кезеңінде мемлекеттік идеологтар оның негізіне мүліктік ценз деген ұғымды енгізді. Неліктен? Себебі мүлкі жоқ азамат, елдің дамуында мүдделі емес азамат ретінде қарастырылды. ХХ ғасырдың орта шенінде бұл идея халықтық капитализм идеясымен алмастырылды. Сол кездегі Ұлыбританияның басшылығына келген, «темір ханым» атағына ие болған Маргаретт Тэтчер экономикалық саясаттағы негізгі реформаларды түсіндіре келе, кең қанат жайып келе жатқан жекешелендіруді, «Біз әрбір британдық отбасының белгілі бір меншік иесі болуын қалаймыз. Сондықтан бізге жай ғана жекешелендіру емес, әрбір тұрғынды меншік иесі қылатын жекешелендіру керек» деген мәлімдемесі, мемлекеттің тұрақтылығы мен өміршеңдігінің кепілі болатын меншік иелері табын қалыптастыру идеясының өзегіне айналып, барлық дерлік Еуропа мемлекеттерін қамтыған идеологияның арқауына айналды. Мемлекеттік белсенділікті төмендету арқылы тиімді нарықтық тетіктерге жол ашу, осы арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттігін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың негізгі векторына айналды. 30 қарашада жарияланған Елбасының Жолдауы мен Еуропада құрылған жалпыға бірдей мүмкіндіктерді қалыптастыру идеясының арасындағы үндестік те осында жатыр.

Бұл алғышарттарды қалыптастыру үшін әрине, экономикалық саясатта бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алуы керек. Мемлекеттік реттеу тетіктері мүмкіндігінше заман талабына сай өзгеріп, жаңа экономикалық платформаның негізін жеке бастамалар құрауы керек. Қоғамдағы басты өзгерістің өзегі меншіктік психологияның басымдығына арқа сүйейтін мемлекеттік институттарды қалыптастыруда жатыр. Ел экономикасының негізі болып табылатын шикізаттық өндірістен өңдеуші экономикаға бет бұру кешенді жоспарлар мен институттық деңгейдегі өзгерістерді талап етеді. Кәсіпкерліктің дамуына кері әсер ететін кедергілердің жойылуы экономиканы жаңа баспалдаққа көтеруге жағдай жасайды, ал капиталдар амнистиясы инвестордың ел экономикасына деген сенімін арттырады. Алайда бұл саясаттың өзегін ұлтжанды кәсіпкерлер табын қалыптастыру идеясымен ұштастырмаса, мемлекеттің болашағы болмайды. Неліктен? Елдің дамуына қауқар беретін де, экономикалық әлеуетті күшейтетін де – кәсіпкерлер табы. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары нарықтық экономика тетіктерінің әлі толыққанды қалыптаспағандығын пайдаланған алғашқы лек кәсіпкерлердің капитал жинаудағы заңсыздықтарға барғандығын ескерткен Елбасы, енді кәсіпкерлердің ұлтқа қызмет ететін уақыты жеткендігін аңғартты. Мәселе тіпті бұл кәсіпкерлердің қаражатындағы мұқтаждық емес, әлеуметтік жауапкершілігі бар жаңа кәсіпкерлік тапты қалыптастыруда жатыр. Өз дамуын мемлекет пен қоғамның дамуымен ұштастыра алатын, өз байлығын мемлекет пен қоғамның дамуы тұрғысынан қарастыратын меншік иелері табының қалыптасуы ғана ел егемендігінің кепілі бола алады.

Осындай әлеуметтік топтың қалыптасуына не кедергі болып отыр? Бұл сауалға жауап күрделі талдауды талап етеді және түрлі факторлардан тұрады. Ең алғашқы фактор экономика табиғатына байланысты. Қазақстан экономикасы өзін нарықтық деп жариялағанымен, табиғаты нарықтық емес. Үлкен квазимемлекеттік кәсіпорындардың болуы, олардың экономикадағы ықпалының үлкендігі, экономикадағы шенеунік орнының жоғары болуы, сот жүйесіне деген сенімсіздік, күрделі рұқсат беру жүйесі, капиталдар мен бизнеске берілетін кепілдіктің төмендігі, экономикадағы бірнеше ірі кәсіпкерлік-монополистік топтардың өктемдігі, экономиканың саяси сипаты, т.б. себептер тек қана отандық кәсіпкерлік институтының қалыптасуына ғана емес, шетелдік инвестициялардың келуіне кедергі келтіретін негізгі факторға айналды. Капиталдарына толық кепілдік жоқ мемлекетте өмір сүретін кәсіпкер өзінің негізгі мақсатын ақша қорларының мызғымастығын қамтамасыз ету деп қабылдайды да, кепілдігі жоғары мемлекетке капитал экспортымен айналысады. Нәтижесінде бір мемлекетте табылған қаражат өзге мемлекет экономикасына қызмет етеді. Байлығымен көзге түскен кәсіпкер өзімен бөлісуді талап ететін шенеуніктер армиясымен кездеседі. Жұмысын жолға қоюды армандайтын адам үшін шенеуніктер тарапына жасалатын өктемдік, сағын сындырып, активтерінің барлығын шетелге жөнелтуге мәжбүрлейді. Назар аударатын келесі фактор – экономикалық мәдениеттің төмендігі. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылған халықтық IPO бағдарламасының нәтижесінде халықтың ары кетсе 10 пайызы мемлекеттік ірі кәсіпорындардың акцияларын сатып алды. Неліктен? Себебі ол кәсіпорындардың болашағына сенім жоқ. Мысал ретінде АҚШ-ты алып көрелік. АҚШ экономикасының ең ірі инвесторы мемлекет те, ірі корпорациялар да емес, АҚШ экономикасының негізгі инвесторы – үй шаруасындағы әйелдер. Неліктен? Үй жұмысын аяқтап болғаннан кейін әйелдер газет, журналдар оқып, ондағы экономикалық сараптаманың негізінде түрлі кәсіпорын акцияларын сатып алады немесе сатады. Яғни белсенді экономиканың субъектісіне айналады. Қазақстанда бұл мәдениет әлі қалыптасып үлгермеген, оны жүзеге асыру үшін тиісті қаржысы бар орта тап та әлі қалыптасу үстінде. Орта тап ретінде қалыптасып келе жатқан кәсіпкерліктің өзі де жеткілікті экономикалық мәдениетке ие деп айту қиын. Кәсіпкерліктің негізгі мақсаты қайырымдылықпен айналысу емес, табыс табу, өз жұмысшыларына уақытылы жалақы төлеп, отбасын асырауға жағдай жасау деп қабылдасақ, осының өзін жүзеге асырғысы келмейтін кәсіпкерлер тобы жетерлік. Біз көп жағдайда жемқорлық үшін мемлекеттік шенеуніктерді кінәлауға бейімбіз. Бұл орынды да шығар. Бірақ жемқорлық екіжақты әрекетті талап етеді. Кәсіпкерлердің салықты азырақ төлеуге, еңбек заңнамасын сақтамауға деген ынтасы, баж салығын мүмкіндігінше төмен төлеуге деген ниеті де жемқорлыққа алғышарт болып табылады. Кәсіпкерлердің бұл тобы өз тағдырын мемлекет болашағымен емес, жеке шенеунікпен байланыстырады. Елімізде орын алып отырған бірқатар сот процестерінің өзі осының айғағы емес пе?! Үшінші фактор – Қазақстандағы заңнаманың жетілмегендігі және құқықтық мәдениеттің төмендігі. Қазақстанда қалыптасқан нормативті-құқықтық база бизнестің таза жұмыс істеуіне жеткілікті кепілдік береді деп айту қиын. Оның үстіне бар заңнаманы пайдаланатын кәсіпкерлердің саны да көп емес. Елбасы Жолдауында келтірілген фактілердің бірі «Казагро» холдингісінің қызметтері мен ауылшаруашылық кәсіпорындарының 50 пайызы қолдана алмайтындығы айтылған. Бұл жағдай барлық дерлік даму институттары мен мемлекеттік органдарға тән. Бұл мәселенің екі қыры бар. Біріншіден, шаруашылық субъектілері көп жағдайда өз құқын білмейді. Білмегендіктен мемлекет тарапынан кепілдік берілген жеңілдіктерді қолдана алмайды. Даму институттары мен мемлекеттік органдарға да керегі – сол. Өйткені өз құқығын білетін кәсіпкер қолайсыз сұрақтар қоюға, өз құқықтарын қорғауға құмар. Қолайсыз сұрақтарға жауап іздеп, қолдау көрсеткенше мемлекеттік органдар мен даму институттарына өздеріне ыңғайлы кәсіпкерлер мен жобаларды қаржыландыру әлдеқайда тиімді. Осылай даму институттары өздерінің негізгі миссиясын орындай алмайды, ал қоғамның оларға сенімі азаяды. Осы түсініспеушілікті болдырмау мақсатында даму институттарының басқару жүйесін оңтайландырып, басқарушы элементтен қызмет көрсету саласына ойыстыру маңызды. Келесі маңызды мәселе – бизнестің әлеуметтік мәдениеті мен жауапкершілігінің төмендігі. Мәселе тіпті зәулім үй салу, сәнді киіну, қымбат көлік міну мен шетелде дем алуда тұрған жоқ. Мәселе, бизнесте мемлекетшілдік көзқарастың болмауында. Бұл – мемлекеттік даму институттарына да, көп жағдайда жеке кәсіпкерлікке де байланысты ұғым. Жыл қорытындысы бойынша өздеріне миллиондаған теңге бонус алатын ұлттық компания өкілдері мен салық төлеуден жалтаратын жеке кәсіпкердің арасында үлкен айырмашылық жоқ. Екеуінің де негізгі мақсаты – мемлекет мүддесіне қарағанда, жеке табыстың басымдығына арқа сүйеу. Әлеуметтік жауапкершіліктің төмендігінің себебі ұлттық құндылықтарды жете түсінбеуде жатыр. Бизнес тарапынан мемлекеттің қаржы-экономикалық саясатына сенімінің төмендігі, ол саясатқа қатысуға деген ынтаны азайтады. Егер дамыған елдердің тәжірибесіне арқа сүйесек, ондағы бизнестің меценаттық дәстүрлері барлық дерлік әлеуметтік саланы қамтиды. Ірі трансұлттық корпорациялардың шамамен табысының 40 пайызын әлеуметтік даму жобаларына жұмсайтындығы белгілі. Ал Қазақстанда ше? Отандық бизнестің әлеуметтік жобаларға жұмсайтын қаражаты табыстарының 5 пайызынан аспайды. Әрине, мұның себептерін психологиялық аспектіден қарастыруға болады. Батыс елдерінде алғашқы капитал жинау заманының өткендігіне біраз уақыт болды. Алғашқы батыстық кәсіпкерлерді де мемлекетшіл-гуманист адамдар деп айту қиын шығар. Мысалы, АҚШ-та атақты Вандербильдтер отбасының негізін қалаушы Джордж Вандербильт өзінің қатігез мінезі мен айлакерлігі үшін «корсар» немесе қарақшы атағына ие болғандығы мәлім. Ал атақты Кеннедилердің байлығы «құрғақ заң», яғни мемлекет тарапынан ішімдік сатуға тыйым салынған тұста, ішімдік сатудан құралғандығы белгілі. Дегенмен, уақыт өте келе, Джозеф Кеннеди де, оның отбасы да, Вандербильдтер отбасы да өз болашағын АҚШ дамуымен байланыстырды. Бүгінгі Қазақстандағы кәсіпкерлердің көпшілігі де алғашқы капиталды заңды әдістермен тапқандығына күмән келтіретін фактілер кездесіп жатады. Дегенмен, ұлттық кәсіпкерлікке алғашқы капиталды көз жұма қарап, жинауға мүмкіндік берген қазақ елі әлеуметтік мәселелерді шешуде бүгінгі күні сол кәсіпкерлердің қолдауына зәру. Ол үшін мемлекет әлеуметтік жобалармен айналыс деп те отырған жоқ. Тек қана шетелде жұмыс істеп жатқан қаражатты өз Отаныңа алып келіп, экономиканың жаңа секторларына қалыптастыруға көмектесу. Осы арқылы өздеріне де, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халыққа да, салықты толық көлемде төлеу арқылы мемлекетке де баюға, дамуға жағдай жасау. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатынына Елбасы толық кепілдік беріп отыр. Егер бизнес берілген мүмкіндікті пайдалана алса, Қазақстан дағдарыс кезеңінен ғана өтіп қоймай, сапалық тұрғыдан жаңа экономика құру мүмкіндігіне ие болары сөзсіз.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Аккредитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты