Алматы ақшамы

5 желтоқсан, 2015

Менің саясаттанушы маман болып қалыптасуым, қызығы мен қиындығы мол саяси ғылым жолына түсуім – қазақстандық жоғары білімнің қара шаңырағы – ҚазПИ-дің тәжірибелі қоғамтанушы ғалымдарының арқасында жүзеге асты. 1991 жылы сол кездегі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде алғаш рет «Саясаттану» бөлімі ашылып, кәсіби саясаттанушыларды дайындай бастады. Теориялық және қолданбалы саясаттану кафедрасы құрылды. Бұрын КСРО кезінде «Саясаттану» деген арнайы ғылым саласы да, дербес мамандық түрі де болмағандықтан, ол ұжымда елімізге танымал көптеген философтар, әлеуметтанушылар мен тарихшылар еңбек етті. Сондай ғалым-педагогтардың ішінде дәстүрлі философия мен енді қалыптаса бастаған саясаттануды қатар меңгерген әмбебап маман, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек Боранбайұлы Әбсаттаров ерекше орын алды.

Ардақты ұстазымыз, профессор Р.Әбсаттаровпен шәкірт ретінде алғаш рет танысуымыз 1994 жылдың көктемгі семестрінде болған еді. «Этносаясат» пәнінен дәріс оқыған Раушанбек ағай біздің топты аудиторияға кірген сәттен бастап баурап алды. Ойы қандай ұшқыр болса, қимылы да сондай шапшаң, тұла бойы тіп-тік тартылған сымдай, әрқашан тап-тұйнақтай жинақы, әскери адамдарға тән қатал тәртіпті сүйетін профессордың ұлт саясаты туралы дәрістері өте қызық әрі әсерлі өтетін. Үзіліс кезінде өзінің жастық шағы мен студенттік өмірінде бастан өткерген қиындықтары мен қызықты оқиғаларын әңгімелеп, бізді жігерлендіріп, білім алуға ынталандырып қоятын. Еңбекқор оқытушы ретінде білім алумен қатар, шығармашылықпен айналысу талабын қойып, студенттерді ғылыми ізденістер жасауға ынталандыра білетін. Әлі есімде, екінші курста мен өзіммен бір топта оқитын Альмира Мұқажанова және Индира Өсімбаева үшеуміз профессор Р.Әбсаттаровтың жетекшілігімен курстық жұмыс жаздық. Біз үшін сол курстық жұмыс бейне бір диссертациялық зерттеудей көрінген еді. Ол кезде Раушанбек аға Президент әкімшілігінде лауазымды қызмет атқаратын. Соған қарамастан, «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, біздің курстық жұмысымызды мұқият оқып, әрбір бетін шұқшия тексеріп, ақыл-кеңес айтудан жалықпайтын. Тіптен, Ақ үйдегі (қазір Алматы қаласы әкімшілігі орналасқан ғимарат) кабинетіне арнайы шақырып, бізге қосымша кеңес беріп, зерттеудің бағыт-бағдарын көрсететін. Бұл дегеніңіз, қазіргі уақытпен салыстырсақ, Астанадағы Ақ ордаға барып ақыл-кеңес алумен тең дүние. Өзімізге шимай-шатпақ «зерттеусымақ» көрінетін ғылыми жұмысымызға ғылыми жетекшінің байыппен қарауы, зерттеу мәселесін талқылап, пікір алмасуға тартуы бізді ғылыми шығармашылықпен айналысуға ынталандыра түскен еді. Сол кезде курстық жұмыс жазудан қанаттанған оның шәкірттері саяси ғылымның даңғыл жолына түсті: қазір А. Мұқажанова екеуміз ғылым докторы болсақ, И.Өсімбаева саяси ғылымдарының кандидаты.

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Ең қастерлі әрі қасиетті мамандық – ұстаздық деп санайтын Р.Әбсаттаровтың шәкірттері қазір тұтас бір ғылыми мектеп қалыптастырып отыр. Бүгінгі таңға дейін оның жетекшілігімен 20 ғылым кандидаты, 4 ғылым докторы, 6 PhD докторы, 30-дан астам магистрант дайындалыпты. Ұзақ жылдар бойы саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін де атқарды.

Ұстаздықпен қатар, Раушанбек ағамыз қазақстандық саяси ғылымның қалыптасуына да зор үлес қосты. Абай атындағы ҚазҰПУ саяси ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялар қорғалатын ғылыми кеңестің тұрақты мүшесі, диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары болды. Саясаттанушы ғалым ретінде көп құрамды қоғамдардағы ұлт саясаты мәселесін зерттеумен айналысты. 1995 жылы «Национальные процессы: особенности и проблемы» атты монографиясы «Ғылым» баспасынан жарыққа шықты. Бұл монографияда ел халқының құрамындағы ұлт пен ұлыс, этнос және этникос, диаспора және ирридента, ұлттық және этникалық топтардың кімдер екені анықталып, ара-жіктері ашылып көрсетілген. Тіл саясатының ерекшеліктері туралы, әлемдік саясаттағы ұлт саясатын жүргізудің модельдері, бұл тұрғыда Қазақстанның қандай саясат жүргізуі тиіс деген мәселелер кешенді талданған. Қазір көп этносты еліміздегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық қандай маңызға ие екендігі баршаға мәлім. Ал осы құндылықтарға қол жеткізуде Р.Әбсаттаров сияқты ұлт саясатын зерттеуші ғалымдардың еңбектері зор екені даусыз.

Сонымен қатар, профессор Р.Әбсаттаров пен академик Т.Садықовтың біріккен авторлықта жазған «Воспитание культуры межнационального общения студентов: теория и практика» атты монографиясында жоғары білім алып жүрген жастарды ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеудің өзекті мәселелерін терең зерттеген еді. Бұл еңбекте студенттерді ұлтаралық қатынас мәдениетіне баулудың қиындығы, яғни, жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүрді, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды, мәдени және діни ұстанымдарды қамтитын күрделі проблема екендігі ғылыми негізделген. Жоғары білім беру саласына жүктелетін жауапкершілік ауыр екендігі, ұстаздар қауымы терең білім берумен қатар, елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға үлкен үлес қосатыны атап көрсетіледі.

Қазақстандық саясаттанудың дамуында түрлі проблемалар туындады. Жаңа қалыптасып жатқан ғылым саласы болғандықтан, бұл – қисынды мәселе. Сондай проблемалардың ішінде қазақ тілінде жазылған оқулықтардың жетіспеуі көпшілікті қинайтын. Сондықтан, осы олқылықты жоюға профессор Р.Әбсаттаров жан-тәнімен кірісті. Оның «Саясаттану негіздері» атты қазақ тілінде жазылған екі томдық оқу құралы «Қарасай» баспасынан жарыққа шығып, тұсауы кесілді. Осылайша ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасып, жылдан-жылға қарыштап дамып келе жатқан отандық жас саясаттану ғылымы тағы бір ғылыми шығармамен толықты. Бірақ та бұл жолғы сиясы кеуіп үлгермеген жаңалықтың орны бөлек: бұрын соңды «Саясаттану негіздері» оқулығы екі томдық кітап болып жарияланып көрген жоқ еді. Әрбір томының 420 беттен тұратынын ескерсек, автордың қандай ерен еңбек атқарғанын бағамдауға болады. Яғни, оқу құралында берілетін әрбір тақырыптың мәні мен мазмұны егжей-тегжейлі ашылған.

Оқу құралы жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистрлеріне, док-торанттары мен профессорлық-оқытушылық құрамына, сондай-ақ, саясаттанудың проблемаларына қызығушылық танытатын көкірегі ояу, көзі ашық барша азаматтарымызға арналған. Өйткені, саяси біліммен қарулану демократиялық қоғам жағдайында аса қажет, саяси білім – саяси сана мен саяси мәдениеттің деңгейін көтереді, ал бұл өз кезегінде саяси белсенділіктің, саяси әлеуметтенудің, саяси қатысудың артуына игі ықпал етеді. Азаматтарымыздың бойына осы аталған құндылықтар мен сапаларды дарытқан сайын еліміз де құқықтық және демократиялық тұрғыдан дами түсері анық. Халықты саяси хал-ахуалмен хабардар ету, саясатты түсінуге қажетті бастапқы іліммен қамтамасыз ету, азамат ретінде саясатқа, сайлауға және өзге де өзекті саяси процестерге қатыстыру қоғамдық маңызы зор іс-шаралардың қатарына кіреді. Яғни, саясаттануды оқып-үйренуге деген қажеттілік заманауи әлемдегі демократиялық саяси жүйелердің халықты саясатқа қатыстыруға деген ұмтылысымен тікелей байланысты. Мұндай маңызды мақсат-міндеттерді шешуге қоғамдық ғылымдардың ерекше саласы саналатын саясаттану курсы өзінің септігін тигізбек.

Сонымен қатар, жарық көрген оқу құралының мынадай бір ерекшелігіне тоқтала кеткен жөн сияқты. Бұл оқу құралының ерекшелігі – түпкіліктілігі мен жүйелілігінде, саясаттанулық мәселелердің нақты қойылуы мен жан-жақты ашылуында болып табылады. Бұрын-соңды жарық көрген оқу құралдары мәні мен мазмұнының шектен тыс академиялылығымен, терең теорияға бұрылып кетуімен немесе өзге де күрделі стильде жазылғандықтан, оқырманға оқулықтарды ұғынуда қиындықтар туғызатыны байқалатын. Оған қоса тақырыптардың берілуінде бірізділіктің болмауы оқу материалын ұғынуда қосымша кедергілер туындатып жататын. Ондай оқулықтардың тілі ауыр, яғни, ғылыми теорияға көп мән берілетіндіктен, ең басты деген терминдердің өзін студенттердің түсінуі қиынға соғатын. Ең бастысы және өкініштісі – олардың көпшілігі білім стандарттарына сәйкес келмейтін еді. Ал профессор Р.Әбсаттаров осы екі томдық «Саясаттану» оқу құралын жазуда жоғарыда айтылған кемшіліктердің ешбірін жібермеуге барынша тырысқаны байқалып тұр.

Екі томдықта «Саясаттану» пәні бойынша әзірленген типтік бағдарлама мен мемлекеттік стандартта бекітілген барша тақырыптар қамтылған. Нақты айтсақ: саясаттану – ғылым; саяси ғылым тарихы; саясат қоғамдық өмір жүйесінде; саяси билік; саяси режимдер; қоғамның саяси жүйесі; мемлекет және азаматтық қоғам; саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар; саяси элита және саяси көшбасшылық; саяси процесс; саяси сана; саяси мәдениет; тұлғаның саяси әлеуметтендірілуі; саяси технологиялар. Жалпы алғанда, оқу құралында саяси ғылымдағы белді саналатын негізгі жиырма төрт тақырыпқа толыққанды жауап алуға болады. Кітаптың тілі оқу-әдістемелік һәм ғылыми сипатта болғанымен өте жатық әрі тартымды. Сондықтан да оқырмандардың берілген материалдарды оп-оңай игеріп алуына кең мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, студенттердің семинар мен баяндама даярлауына, реферат жазуына көмекші материалдар өз алдына бөлек 100 бет ауқымында 16 тақырып бойынша берілген. Әрбір тақырыпқа тоқталсақ, оның әрқайсысы өз алдына бөлек бір ғылыми мақала іспетті. Сол сияқты алынған білімді тексеруге арналған тестілер де жеке тақырыптар бойынша әзірленіп, қосымша түрінде берілген. Мұның барлығы оқулықтың өте мұқият, асқан ыждағаттылықпен жазылғанын көрсетеді. Ал автордың өз ісіне адал берілген ғалым екендігін айғақтайды. Жалпы, профессор Р.Әбсаттаров саясаттану саласында ұзақ жылдар бойына ондаған ғылым докторы мен кандидаттарына кеңес беріп, ғылыми жетекшілік жасау арқылы іргелі ғылыми мектеп қалыптастырған ұстаз. Ал шығармашылығына келсек, ол 34 монографияның, кітаптардың, оқу құралдарының, кітапшалардың және 600-ге жуық ғылыми және ғылыми көпшілік мақалалардың авторы. Оның 60-ы шет елдерде жарық көрген екен. Отандық саяси ғылымды дамыту жолында аянбай тер төгіп келе жатқан ғалымның жаңа еңбегіне табыс тілейміз!

С.МҰСАТАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы.