Заманауи болжау әдістері: Қазгидромет мамандарының дәрісі

24 қараша, 2024

Соңғы жылдары білім сапасына қойылатын талаптардың артуына байланысты жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау барысында жаңа міндеттер қойылып келеді. Сонымен қатар, Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) негізге ала отырып, атап айтқанда, ТДМ 8 (Лайықты жұмыс және экономикалық өсу) және ТДМ 17 (Тұрақты дамуға арналған серіктестік), 2024 жылдың 21 қарашасында онлайн форматта лидерлік дәріс өтті. Спикерлер ретінде РМК "Қазгидромет" ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының бастығы Исабекова Ж.К. және ҰМАББ-ның 1-санатты инженері Өсер Сымбат қатысты. Дәріс тақырыбы – «Ұзақ мерзімді ауа райы болжамдарын әзірлеу және шығару регламенті».

Қазгидромет орталығы РМК «Қазгидромет»-тің негізгі өндірістік бөлімі болып табылады. Орталықтың басты міндеті – қауіпті және апатты гидрометеорологиялық құбылыстарды барынша алдын ала болжап, мемлекеттік органдарды, экономиканың әртүрлі салаларын және халықты бұл құбылыстар туралы хабардар ету арқылы адам шығынын болдырмау және экономикалық зиянды азайту. Сонымен қатар, орталық Қазақстан бойынша қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді ауа райы болжамдарын жасау жұмыстарын атқарады.

Исабекова Ж.К. ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының қызметі туралы, ұзақ мерзімді болжамдарды әзірлеу және шығару регламенті жөнінде айтып берді. Дәріс барысында ұзақ мерзімді болжамдарды жасаудың заманауи әдістеріне ерекше назар аударылды. Бұл әдістерге аналогтық жылдар әдісі, 13 халықаралық болжау орталығының сандық гидродинамикалық модельдері, Солтүстік Еуразия аймақтық климаттық орталығының, Ресейдің басты геофизикалық обсерваториясының және Гидрометорталығының гидродинамикалық модельдері кіреді. ҰМАББ-ның 1-санатты инженері Өсер Сымбат басқарманың онкүндік, айлық, маусымдық, жылы кезеңге (сәуір – қазан) және суық кезеңге (қараша – наурыз) арналған болжамдар шығаратынын атап өтті. Дәріс барысында студенттер мен оқытушылар қызықтырған сұрақтарын қойды, бұл олардың тақырыпқа деген жоғары қызығушылықтарын көрсетті. Сондай-ақ, кафедраның оқу мақсаттары үшін «ARM синоптик-долгосрочник» бағдарламалық жасақтамасын пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс айтылды. Бұған қоса, Қазгидромет мамандары мен профессор-оқытушылар құрамы климат пен метеорологиялық болжамдарды зерттеу саласындағы ғылыми бағыттар бойынша пікір алмасты.