- Басты бет
- Жаңалықтар
- ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА - ТЕҢГЕ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР - «ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ»
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА - ТЕҢГЕ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР - «ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ»
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына, ұлттық валюта – теңге күніне және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (4-мақсат: «Сапалы білім беру», 10-мақсат: «Теңсіздікті азайту») жүзеге асыру аясында, 2024 жылдың 14 қараша күні ЭБЖМ, «Қаржы және есеп» кафедрасы «Қаржылық сауаттылықты және қаржылық инклюзияны арттырудың өзекті мәселелері: қазіргі жағдайы, мәселелері мен келешегі» тақырыбында «дөңгелек үстел» форматында ғылыми семинар ұйымдастырды.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі Ғалымжан Есқараұлы Керімбек қатысушыларға алғысын білдірді және ЭжБЖМ деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Жанна Жандарбекқызы Ермековаға алғашқы құттықтау сөз берді.
Биыл ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру мәселесін ерекше атап өтіп, Үкіметке осы бағытта бірнеше маңызды тапсырмалар берді. Сонымен қатар, қаржылық инклюзияны дамыту мәселелері де өзекті болып қала бермек.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Қайрат Қазиханұлы Тұрымтаев өз баяндамасында агенттіктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қаржылық сауаттылықты арттыру және қаржылық инклюзияны дамыту бағытындағы негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырды. Спикер қаржылық алаяқтық жағдайларының өсуіне, азаматтарды алдаудың жаңа түрлерінің үнемі пайда болуына және жастарды қылмыстық схемаларға тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Мұның бәрі осы бағыттағы жұмысты күшейтудің және оны үйлестірудің маңыздылығын айқындайды.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Ермекқызы Үсенбекова семинар барысында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржылық инклюзияны дамыту мәселелерін шешуге қатысты қауымдастықтың ұсыныстарын ұсынды. Талқылау барысында семинар қатысушылары ҚҚҚ-ның жұмысына және елдің қаржы жүйесі алдында тұрған мәселелерді шешуге қосқан үлесіне жоғары баға берді.
Алматы қаласы Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Олжас Сағатұлы Ертісбаев өз баяндамасында департаменттің еліміздегі қаржылық пирамидаларды жою және олардың таралуының алдын алу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді. Соңғы кезеңде 48 қаржылық пирамида жойылып, 7000 сілтеме бұғатталып, 79 чат пен аккаунт жабылды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер, еңбек ұжымдары, медициналық ұйымдар мен рухани орындарда қаржылық сауаттылықты арттыру және азаматтарды, әсіресе жастарды, алаяқтық схемаларға тартудың алдын алу бойынша тұрақты түрде алдын алу жұмыстары жүргізіліп келгенін баяндады.
«Қайрат Иманалиев ат. мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Майоровна Бурашева өз баяндамасында қаржылық сауаттылықты арттырудың және қаржылық инклюзияны дамытудың маңыздылығын егжей-тегжейлі айтып, мүгедек жандарға арналған кедергісіз орта құру қажеттігін атап өтті. Біздің елімізде бұл мәселе өте өзекті болып табылады және тұрақты назар мен бақылауды талап етеді. Спикер мүгедек жандардың қаржылық, академиялық, әлеуметтік және тұрмыстық өмірінің барлық салаларында кедергісіз орта құрудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Кеден, қаржы және экологиялық құқық» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Гүлдана Амангелдіқызы Куаналиева қаржылық сауаттылық пен қаржылық инклюзия жүйесіндегі қаржылық құқықтың маңызына тоқталып өтті.
Қаржылық сауаттылық бойынша бизнес-тренер, «№1 қаржылық сауаттылық мектебі» ЖШС-нің негізін қалаушы және директоры, fingramota.kz жобасының бренд-амбасадоры, ТМД спикерлер ассоциациясының мүшесі Брасилова Ақжүніс қаржылық сауаттылық пен қаржылық инклюзия жүйесіндегі қаржымен басқарудың жүйелі көзқарастарын баяндады.
Q университеті, Академиялық құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Зауре Максутовна Самалдыкова қаржылық алаяқтыққа және қаржылық пирамидаларға қарсы күрес жөнінде, Қазақ спорт және туризм академиясының Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, магистр Эльвира Темирхановна Тебегенова қаржылық сауаттылықтың негізгі түсініктері және оның адам өміріндегі рөлін атап өтті.
«Қаржы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Есенқызы Қасенова өз баяндамасында ЭБЖМ-нің «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәнін оқу үдерісіне енгізу бойынша тәжірибесімен бөлісті. Осы оқу жылынан бастап барлық ББ-ның 1-курс білім алушылары үшін «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен әзірленіп, сәтті сынақтан өтті. Білім алушылар бұл пәнге үлкен қызығушылық танытты, ал қазіргі уақытта қаржылық сауаттылық бойынша білімдерін арттырғысы келетін жаңа білім алушылардан өтінімдер түсуде.
Семинардағы басқа баяндамашылар мен спикерлердің сөздерінде елдегі қаржылық сауаттылықты арттыру және қаржылық инклюзияны дамыту бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығы, қаржылық алаяқтық деректерін түбегейлі жою, жастарды қылмыстық әрекеттерге тартудың алдын алу, халықты қаржылық сауаттылық пен инклюзия туралы ақпараттандыру ауқымын кеңейту қажеттілігі атап өтілді.
Семинарға қатысушылардың пікірлері мен ұсынымдары қаржылық және академиялық ортада үлкен қызығушылық пен талқылау тудырды, бұл олардың Қазақстан қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығын дәлелдейді.