- Басты бет
- Жаңалықтар
- «ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТУРИЗМНІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ: ҚИЫНДЫҚТАР, МҮМКІНДІКТЕР ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВАЛАР» АТТЫ 2-ШІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ
«ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТУРИЗМНІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ: ҚИЫНДЫҚТАР, МҮМКІНДІКТЕР ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВАЛАР» АТТЫ 2-ШІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жетекші сарапшылар, ғалымдар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан университеттің 90 жылдығына арналған «Орталық Азиядағы туризмнің тұрақты дамуы: қиындықтар, мүмкіндіктер және перспективалар» атты ІІ халықаралық форум бастау алды.
Форумға қатысушыларға заң ғылымдарының докторы, профессор, Басқарма Төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Дүйсенов Еркін Ерманұлы; Сухроб Ходжиматов – БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары; София Гутьеррес – Дүниежүзілік туристік ұйымның тұрақты даму департаменті директорының орынбасары; Чонг Кай – профессор, Гонконг политехникалық университетінің Туризм және қонақжайлылық менеджменті мектебінің деканы; Медеу Ахметқал Рахметоллаұлы – география ғылымдарының докторы, География және су қауіпсіздігі институтының басқарма төрағасы; Сержанұлы Даниел – «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары (Алматы, Қазақстан); Чжун Лина – Пекин халықаралық зерттеулер университетінің Мәдениет және туризмдегі үлкен деректерді зерттеу Қытай институтының атқарушы деканы, ITSA вице-президенті; Қожахметов Әлімгер Еркінұлы – Алматы облысының туризм басқармасының «Туристік ақпарат орталығы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны басшысының орынбасары (Қазақстан, Алматы қаласы); Ақтымбаева Әлия Сағындыққызы – ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы құттықтау сөз сөйледі. Форум барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, Палембанг Политехникалық Туризм Институты және Мамун Университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Форумның барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының салтанатты түрде ашылды. Қытай және жаһандық даму желісінің директоры, қолданбалы әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры Ку Хок Бун орталықтың тұжырымдамасымен, оның мақсаттарымен және зерттеудің басым бағыттарымен таныстырды: әлеуметтік жұмыс, әлеуметтік даму және әлеуметтік саясат; тұрақты туризм, қауымдастық туризмі, туризмнің цифрлық трансформациясы, туризмдегі AI, тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау және т.б.
Пленарлық отырыстарда өңір үшін ең өзекті мәселелер қозғалды: тұрақты даму бағытында сәйкес қонақжайлылық индустриясындағы әйелдердің рөлі (модераторы профессор Чонг Кайе), технология мен инновацияның туризм индустриясының трансформациясына әсері (модераторы профессор Сонг Хайян), сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық және экотуризм тәжірибесін қолдану (модераторы Сухроб Ходжиматов).
Форумда туристік бағыттардың тұрақты дамуы, туризм менеджменті, әлеуметтік және мәдени аспектілері, технологиялар мен инновациялар, экономикалық аспектілер, сондай-ақ географиялық ақпараттық жүйелерді пайдалану және қашықтықтан зондтау мәселелеріне арналған алты тақырыптық секция жұмыс істеді. Форум үш күнге жалғасады. Форумның бірінші күні алдағы ынтымақтастық және бірлескен жобаларды талқылаумен аяқталды. Модераторлар секциялардың жұмысын қорытындылап, одан әрі зерттеу және бастамаларды жүзеге асыру бағыттарын белгіледі.