- Басты бет
- Жаңалықтар
- Түрік тілін шетелдік білім алушыларға үйрету: Қазақстандық және халықаралық тәжірибе
Түрік тілін шетелдік білім алушыларға үйрету: Қазақстандық және халықаралық тәжірибе
2024 жылдың 4 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы мен Ибн Халдун университетінің Түрік және шет тілдерін оқыту және зерттеу орталығы (TÖMER) бірлесіп ұйымдастырған бір айлық «Қазақстанда шетелдік білім алушыларға түрік тілін оқыту әдістемесі: халықаралық тәжірибе» атты біліктілікті арттыру семинары басталды.
Семинар 22 қарашаға дейін Zoom платформасы арқылы онлайн форматта өтіп, 25 қарашадан бастап шығыстану факультетінің базасында офлайн режимде жалғасты. Семинардың соңғы кезеңі 29 қарашада емтихан тапсырумен аяқталмақ.
Іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар белсенді қатысып, түрік тілін оқыту әдістемесі бойынша білімдерін тереңдетуге мүмкіндік алды. Ашылу рәсімінде Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалып, Түркия Республикасының Ұстаздар күніне арналған мазмұнды баяндамалар мен студенттердің ән-күйлері ұсынылды.
Шығыстану факультетінің Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі Мирзахан Шарипбаевич Эгамбердиев құттықтау сөзінде семинардың түрік тілін оқыту сапасын арттырудағы және Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Ибн Халдун университетінің TÖMER орталығының директоры Фуркан Алыптан да семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның аясында түрік тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесі, оқу материалдарын әзірлеу, бағалау және заманауи технологияларды пайдалану бойынша құнды теориялық және практикалық білім ұсынылғанын ерекше атап көрсетті.
Мәдени және ғылыми ынтымақтастықтың жаңа белесі
Семинар білім алмасу алаңы ғана емес, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды тереңдететін маңызды қадам болды. Мұндай іс-шаралар екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен жобалар мен ғылыми зерттеулерге жол ашады.
Семинарды сәтті аяқтаған қатысушылар 80 сағаттық біліктілік сертификаттарына ие болды. Бұл шара Қазақстанда түрік тілін оқыту әдістемесін дамытуға ықпал етіп қана қоймай, екі ел арасындағы бауырластық пен достықтың жарқын үлгісіне айналды.
Шығыстану факультеті
Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы
«Жас зерттеуші» үйірмесінің жетекшісі, оқытушы Қайполла Қайрат