ТДМ 4: ФРАНКФУРТ КІТАП ЖӘРМЕҢКЕСІНІҢ АЛМАТЫДАҒЫ СЕМИНАРЫ: БАСПА ІСІНДЕГІ ЗАМАНАУИ ҮРДІСТЕР ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ МЕНЕДЖМЕНТІ

19 қараша, 2024

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Франкфурт кітап жәрмеңкесінің қолдауымен ұйымдастырылған «Баспа ісіндегі заманауи үрдістер және авторлық құқық менеджменті» атты конференция өтті. Ауқымды іс-шара әлемдік баспа индустриясының ең өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Конференцияға Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті және бас директоры Юрген Боос, «Martin Wittfooth» әдеби агенттігінің негізін қалаушы Николь Уитт, кеңесші әрі спикер Херман Экел, халықаралық жобалар менеджері Беттина Бек және Франкфурт кітап жәрмеңкесінің негізгі тұтынушыларды басқару және сату жөніндегі менеджері Владка Купска сияқты танымал тұлғалар қатысты. Олар баспа индустриясындағы қазіргі заманауи үрдістер, инновациялық тәсілдер мен авторлық құқықты басқарудың тиімді әдістері туралы баяндамалар жасады.

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлы мен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, белгілі әдебиеттанушы Мәлік Отарбаев ашып, баспа индустриясының жаһандық нарықтағы рөлі мен маңызына тоқталды.

Қазақстан атынан іс-шараға отандық баспагерлер және кітап сатушылар қоғамы, «Фолиант», «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Раритет», «Qasym kitap» секілді жетекші баспалардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, конференцияның алғашқы сессиясы ҚР МАМ комитетінің төрағасы Рустам Әлидің құттықтауымен ашылып, ол шетелдік қонақтарға министрлік атынан алғыс хат табыстады.

Франкфурт кітап жәрмеңкесі өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, аудиторияның сұрақтарына жауап берді. Әсіресе, кітаптарды шетелге экспорттау, авторлық құқықты қорғау, цифрлық технологияларды енгізу сияқты тақырыптар қызу талқыланды.

Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Алматыдағы семинары – халықаралық деңгейдегі баспа индустриясындағы заманауи үрдістер мен авторлық құқық мәселелерін түсінуге ерекше үлес қосты. Бұл конференция Қазақстан баспа саласының халықаралық деңгейге көтерілуіне, тәжірибе алмасуына және жаңа серіктестік қатынастар орнатуға үлкен мүмкіндік берді. Қатысушылар пікірінше, мұндай іс-шаралар елдегі баспа мәдениетін дамытуға және кітаптардың жаһандық нарыққа шығуына ықпал етеді.