Шығыс елдері дамуының тәжірибесіFarabi University

Шығыс елдері дамуының тәжірибесі

2 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Шығыс елдері дамуының прагматикалық тәжірибесі» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.

Іс-шара Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шығыстанушы-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Алдабек Нұржамал Әбдіразаққызының 70 жылдық мерейтойына және білім ордасының 90 жылдығына арналды.

Ғылыми жиынға Қазақстанның түрлі елдердегі және халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдері мен елшілері, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкілдері, ғылыми институттардың директорлары, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен оқытушы-профессорлық құрам және білім алушы жастар қатысты.  

Жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректорының м.а. Сәбит Суатай профессор Нұржамал Әбдіразаққызын мерейлі жасымен құттықтап, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді. «Сіздің ғылыми-педагогикалық еңбек жолыңыз қара шаңырақ ҚазҰУ-мен тығыз байланысты. Тарих факультетінде оқытушы, доцент болып, шығыстану факультетін басқардыңыз. Студенттердің қамқоршысы болып, білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз. Ғылым кандидаттары мен PhD докторларына жетекшілік жасап, ауқымды ғылыми жобаларды іске асырдыңыз. Қазақ тарихы бойынша іргелі зерттеулер жүргізіп, мазмұнды еңбектер жаздыңыз. Өзіңізден тәлім-тәрбие алған ізсбасарларыңыз елімізбен қатар, алыс-жақын шет мемлекеттерде елеулі еңбек етіп жүр. Бүгінге дейін қол жеткізген табыстарыңыз халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалып, жоғары бағасын алды. Университет өзіңіздей оқытушыларын ерекше мақтан тұтады», – делінген хатта.

Өз кезегінде сөз алған ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев ғалым Нұржамал Әбдіразаққызының білім мен ғылымдағы бүгінге күнге дейінгі өмір жолына тоқталып, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқыды.

Сондай-ақ конференция барысында қатысушылар шығыс елдерінің жаңғыруындағы өзекті мәселелер мен оның келешегі, дамудағы мәдени негіздері және аталмыш елдердегі қоғамның гуманитарлық білімдері мен зияткерлік құндылықтарын жан-жақты талқылады.

Шараны шығыстану факультеті ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі