ТДМ аясында Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасында «Әбдіжәміл Нұрпейісов – халық жазушысы» атты әдеби-сазды кеш өтті.Farabi University

ТДМ аясында Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасында «Әбдіжәміл Нұрпейісов – халық жазушысы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

5 желтоқсан, 2024

Тұрақты даму мақсаттары шаралары шеңберінде 2024 жылдың 2 желтоқсанында  Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасында КСРО Мемлекеттік сыйлығының  иегері, қазақтың халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдық мерейтойына орай «Әбдіжәміл Нұрпейісов – халық жазушысы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың мерейтойы Қызылорда және Ақтөбе облыстарында кең көлемде тойланып жатыр.

Іс-шараны кафедраның аға оқытушылары, куратор-эдвайзер Айым Жамиханқызы  Назарова, Гүлзада Қанатқызы Теменова  3 курс студенттерімен бірге  ұйымдастырды. Мерекелік шараға Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақнұр Халел және  ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Эльнара Зильпикарқызы Дулаева кафедраның шақыртылған профессоры Саваш Шахин, кафедраның профессор-оқытушы құрамы, магистранттар, докторанттар және студенттер қатысты.

Іс-шара 3 курс студенті Томирис Жасынованың  Әбдіжәміл Нұрпейісовтың өмірі мен шығармашылығына арналған  баяндамамен басталды. 3 курс студенттері Мереке Жолымбек пен Ақнұр Төлетова   жазушының «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарына тоқталып, кейіпкерлеріне шолу жасады.  Сондай ақ, Ақерке Асан «Соңғы парыз» романындағы Жәдігердің ішкі монологтарынан үзінді оқып, Нұрпейісов кейіпкерлерінің өмірге деген философиялық көзқарасы, олардың жеке драмасы көрініс тауып, оқырманға ерекше ой салатындығын тілге тиек етті. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылығына арналған қызықты ойын ойнатылды.  Жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.  

Әдеби-сазды шараға 3 курс студенттері жан-жақты дайындалып, оның мерекелік күйде өтуіне үлкен мән берген. Әдеби-сазды шара «Қан мен тер» көркем фильмінен үзінді тамашалаумен аяқталды.

 

Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы

кафедрасының аға оқытушылары: А.Ж. Назарова, Г.Қ. Теменова