Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыландыFarabi University

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

6 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығы аясында заң ғылымының докторы, професссор Гүлнар Үсейінованы еске алуға арналған жыл сайынғы ІV «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылауға арналған ғылыми жиынды ҚазҰУ-дың заң факультеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, ҚР мемлекеттік органдары мен азаматтық қоғам, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, халықаралық, ұлттық сарапшылар, ЖОО оқытушылары және студенттер қатысты.

Жиында сөз алған ҚР Конституциялық сотының судьясы, профессор Айжан Жатқанбаева белгілі қазақстандық заңгер, заң ғылымының докторы, профессор Гүлнар Үсейінованың еңбек жолына тоқталды. «Ғалым Қазақстандағы заң ғылымының дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Оның маманданған саласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқықтық реформалар болды. Аталған саладағы оның ғылыми еңбектері жетерлік», – деді Айжан Жатқанбаева.

Өз кезегінде сөз алған Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшысы Қайыржан Тоқұшев жиынға қатысушыларды білім ордасаның 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бағдарламасының негізгі мақсаттары мен міндеттерін айтты. «Аталған бағдарламаның басты бағыты ұйым ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және басқару арқылы заң талаптарына, этикалық стандарттарға және адалдық қағидаттарына сай қызмет етуді қамтамасыз ету. Осы ретте бағдарлама ұйымның беделін нығайтып, оның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді», – деді Қайыржан Ахметбекұлы.

Ғылыми жиында қатысушылар әлеуметтік құбылыс ретінде сыбайлас жемқорлық ұғымы мен мәнін айқындау; сыбайлас жемқорлықты түсінудің әртүрлі тәсілдері; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың халықаралық-құқықтық және ұлттық тәжірибесін талдады. Сонымен қатар мамандар жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлі және ҚР білім беру субъектілерінің парасаттылығын қалыптастыру негізі ретінде құқықтық білім беру және құқықтық тәрбие мәселелерін жан-жақты талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі