«Әлеуметтік желінің және жасанды интеллектінің әсері»Farabi University

«Әлеуметтік желінің және жасанды интеллектінің әсері»

10 желтоқсан, 2024

Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті А.Р. Әліпбаевтың жетекшілігімен  2024 ж. 5 желтоқсанда  Біріккен Ұлттар Ұйымының «Тұрақты даму мақсаттары» аясында белгіленген “Сапалы білім беруді қамтамасыз ету арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу” мәселесіне қатысты «Әлеуметтік желінің және жасанды интеллектінің әсері» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға “халықаралық қатынастар” мамандығының 4-курс студенттері (ХҚ-33К тобы) белсенді атсалысты.

Қазіргі қоғамда сандық құрылғылар, әлеуметтік медиа платформалар және жасанды интеллект құралдары біздің күнделікті өміріміздің ажырамас құрамдас бөлігіне айналды. Бұл технологиялар біздің өмірімізді жеңілдетіп, тиімдірек ете отырып, ыңғайлылық, үйлесімділік пен жылдамдық әкелгені сөзсіз. Алайда олардың біздің миымыз бен танымдық қабілеттерімізге әсерін елемеуге болмайды. Сондықтан да студенттер арасындағы пікір алмасудың да негізгі мақсаты – бұл технологиялардың зейін, есте сақтау, тәуелділік, шешім қабылдау және сыни тұрғыдан ойлау, білім алу қабілеттеріне тигізетін жағымды және жағымсыз жақтарын ортаға салу болатын.

Дөңгелек үстелдің модераторы, 4 курс студенті Узакбаева Гульвира «Әлеуметтік желінің және жасанды интеллектінің әсері» тақырыбы аясында топты жақтаушылар мен қарсы тарап деп екіге бөліп, өзара пікірталасты өте ұтымды ұйымдастыра білді. Пікір алмасуды қорытындылай келе топ студенттері Маратқызы Самал, Робертқызы Диана және Бекбулатова Медина бүгінгі таңдағы денсаулық саласында, ғылым мен өркениетте және саясат пен қоғамдық өмірдегі жасанды интеллектінің жағымды рөлі туралы өз ойларын ортаға сала отырып, қазіргі қоғамда желідегі жаңалықтар мен хабарламалардың ақиқаттығына аса зор назар аудару қажеттігін де еске сала кетті. Сонымен бірге смартфондарды шамадан тыс пайдалану адамның денсаулығына да кері әсерін тигізу ықтималдығын назардан тыс қалдырмауын атап өтті.