Талғат Мекебаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы: Кәсіподақ – тұрақтылық пен дамудың кепілі
Талғат МЕКЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы: Кәсіподақ – тұрақтылық пен дамудың кепілі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлт жоспары» – бес институттық реформаны жүзеге асыру мақсатымен «100 нақты қадам» бағдарламасын белгіледі.
Елбасымыз ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінің талаптары негізінде үлкен мәселелердің бірі саналатын адами капиталдың сапасын арттыруға зор маңыз беріп келеді. Сол себепті де дайындап шығарылған мамандардың бәсекеге қабілеттілігі мен білім беру секторының экспорттық әлеуетінің өсуін білім берудің басты міндеті деп санайды.
Аталған мәселенің аясында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Республикамыздың алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі саналатын қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде десек, артық айтқандық болмас.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биыл да әлемнің үздік 800 университеті арасында кезекті рет нәтижелі жетістікке жетіп, әлемдік білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп, QS рейтингісі бойынша биылғы көрсеткішін 30-сатыға көтеріп, 275-орынды иеленді. Біздің университет мұндай көрсеткішке Қазақстан мен Орталық Азия елдері университеттері арасында бірінші болып қол жеткізді. 2015 жылы бұл топқа ТМД елдерінен тек 3 ЖОО кірді: Ломоносов атындағы ММУ – 108-орын, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті – 256-орын және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 275-орын. Мақтануға тұрарлық бұл көрсеткіш – ректорымыз Ғалым Мұтанұлы басқарған үлкен ұжымымыздың ауқымды жұмыстарының жемісі.
ҚазҰУ қызметінің басты мақсаты – университетті ғылыми-білім беру және инновациялық орталыққа айналдырып, қайта құру болып табылады. Осы арқылы университет бүгінгі еңбек нарығының сұраныстарына жауап беріп, еліміздің ин-дустриялық-инновациялық дамуы міндеттерінің үдесінен шығатын және білім беру саласындағы әлемдік тәжірибенің үздік үлгілерін үйлестіре алатын білім беру, зерттеу, инновациялық, коммерциялық қызмет түрлерін ұсынатын болады.
Мамандар дайындау университетіміздің 14 факультетінде 229 мамандық бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура бөлімдерінде жүзеге асырылады. Студенттерді дайындаудың жоғары педагогикалық және ғылыми дәрежесін 2000-нан астам білікті оқытушы-профессорлар құрамы қамтамасыз етуде. Олардың 74 пайызын ғылым докторлары мен кандидаттары құрайды.
Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ең үздік мектеп түлектері ҚазҰУ-ды таңдайды және бұл кездейсоқтық емес. Университетті бітірген біздің түлектеріміз ел өмірі мен экономикасының түрлі салаларында кең сұранысқа ие. Жұмыс берушілер жұмысқа қабылдау барысында ҚазҰУ дипломы бар мамандарға басымдық береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де халықаралық қызмет әлемдік білім беру мен ғылыми кеңістікке кіруге бағытталған. Бұған байланысты жұмыстар шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық негізінде, сондай-ақ халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын іске асыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару, ғылыми семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, оқытушы-профессорлар құрамымен алмасу және академиялық ұтқырлықты дамыту бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
2015 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Батыс пен Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия мен Тынық мұхит аумағындағы 400-ден аса ЖОО-мен тығыз әріптестік байланыстар орнатты. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 280-нен астам шетелдік білім беру мекемелері, ғылыми орталықтар және т.б. ұйымдармен ынтымақтастық жайлы халықаралық меморандумдар, келісімшарттар жасады.
ҚазҰУ студенттері мен оқытушы-профессорлары алғашқы қазақстандық наноспутниктің біздің университет қабырғасында құрастырылатынын мақтан етеді. Бұл теңдессіз жобаға Қазақстанның жоғары оқу орындарының ішінен жалғыз біздің университет ғана кіріп, UNIFORM Project Халықаралық консорциумы шеңберінде Токио және Вакаями университеттерімен бірлесіп жүзеге асыра бастады. ҚазҰУ-дің бес магистранты Токио университетінде наноспутник құрастыру бойынша теориялық біліммен бірге, практикалық дағдыларын қалыптастырып, UNIFORM халықаралық бағдарламасы бойынша Вакаяма университетінде жапон үкіметінің қаржыландыруымен тағылымдамадан өтті.
ҚазҰУ-дің жас ғалымдары Жапонияның жоғары оқу орнында болған кезінде кіші ғарыштық аппараттарды өндіру мен қолданысқа енгізудің барлық кезеңдеріне, түпкі ойдан бастап, ұшу мәліметтерін өңдегенге дейінгі аралықтағы атқарылар жұмыс үдерісінің барлығына дерлік қатысып қайтты. Олар енді ҚазҰУ технопаркі базасында қазақстандық наноспутникті жобалаумен айналысып, оны құрастыру мен сынақтан өткізуді жоспарлауда.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен негізі қаланған «Academic impact» бағдарламасының басты мақсаты университеттер сарапшыларын белсенді түрде тарту және білім беру жүйесін ғаламдық мәселелерді жүзеге асыру құралы ретінде қолдану арқылы адам құқықтарын, сауаттылықтарын және тұрақты даму мен қақтығыстарды шешуге байланысты БҰҰ-ның әлемге әйгілі он қағидаларын белсенді түрде қолдауға бағытталған.
Соңғы үш жылда аталған бағдарламаға әлемнің 900-ден астам университеті қосылған. Олардың қатарында Кембридж университеті (Ұлыбритания), Нью-Йорк университеті (АҚШ), Калифорния мемлекеттік политехникалық университеті (АҚШ), Пекин университеті (Қытай), Женева университеті (Швейцария) сынды әлемге әйгілі жоғары оқу орындары бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия университеттерінің арасында алғашқы болып осы бағдарламаға қосылған болатын, енді міне, осы бағытты әлемдік деңгейде ресми түрде басқарып отыр.
Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 4500-ден астам адам жұмыс істейді. Дегенмен, жетістіктерге қол жеткізу үшін маңызды мәселелердің бірі – қызметкерлерді әлеуметтік қорғау.
Соңғы жылдардағы университеттің түрлі құрылымдық бөлімшелері жұмысында «Парасат» кәсіподақ комитетінің алатын орны ерекше.
Егер де университет тарихына көз жүгіртсек, қәсіподақ 1959 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезде ҚазҰУ кәсіподағының тек университет ұжымындағы мүшелері арасында ғана емес, сонымен қатар жалпы білім беру жүйесіндегі әріптестері арасында мәртебесі артып отыр. Біздің ойымызша, мұның себебі кәсіподақ жұмысының жандануында жатыр.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жұмысшыларының «Парасат» кәсіби одағы» қызметкерлердің жұмысын жақсартуда, қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуде, жұмысшылардың еңбек дауларын шешуде, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық, материалдық және өзге де қаржылық көмек көрсетуде белсенді түрде қызмет атқаруда.
Бүгінгі күні университетте төмендегідей әлеуметтік саясаттың бар екендігін атап айту керек. Еңбек қатынастарын реттеу жүйесін қалыптастыру, ұжымдық шарт әзірлеу және шартқа отыру. Ұжымдық шарт 2013 жылы қабылданған және онда жұмысшыларды әлеуметтік жағынан қолдау шаралары біршама кеңейтілген. Мысалы, әкімшілік-басқару қызметкерлерінің, оқу-қосалқы қызметкерлері құрамының және басқа да қызмет етушілердің жыл сайынғы еңбек демалыс күндерінің саны 28 күнтізбелік күннен 35 күнге дейін ұзартылды. Жекелеген жұмысшы санаттары үшін олардың жұмыс өтілі мен ерекше еңбегі үшін жұмыс беруші актісі негізінде қосымша ынталандыру сипатындағы ақы төленетін еңбек демалыстары қарастырылған. Жаңа ұжымдық шарттарға сәйкес, ын-таландыру сипатында еңбекақы төлеу жүйесі енгізілді: қосымша басқа лауазым жұмысын атқару және әртүрлі біліктілік бойынша жұмыс атқарғаны үшін жаңа технология меңгергені үшін үстеме төлеу.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, әлеуметтік көмек тек оған аса мұқтаж азаматтарға берілетін болады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек еңбекке жарамды, күнкөрісі төмен азаматтарға тек олардың еңбекпен қамту және әлеуметтік бейімделу бағдарламаларына белсенді түрде қатысу жағдайында ғана көрсетіледі.
Президенттің жұмысшылар еңбегін адал бағалау қағидасы біздің университетте жақсы жолға қойылған. Әрбір қызметкер атқарған жұмысының нәтижесіне сай марапатталады.
Университетте әлеуметтік мақсаттағы келесі нысандар жұмыс істейді: бес қабатты ғимаратта бір мезгілде 326 адам демалуға болатын, 17 га аумақта орналасқан Ыстықкөл жағалауындағы спорттық-сауықтыру лагері; Өмірбек Жолдасбеков атындағы 1537 орындық Студенттер сарайы; ҚазҰУ қалашығындағы спорт кешендері; Студенттерге қызмет көрсету орталығы; Диагностикалық орталық; Ғылыми кітапхана. Бұлардың бәрін университет қызметкерлері мен студенттері белсенді түрде пайдаланады.
Әл-Фараби атындағы Ғылыми кітапхана студенттердің, магистранттардың, оқытушы-профессорлық құрам мен оқу-қосалқы қызметкерлерінің мәдени және рухани орталығы болып табылады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасы – Қазақстандағы көне кітапханалардың бірі және жоғары оқу орындары арасындағы ең ірі кітапхана. Кітап қоры 2 миллионнан асады.
Университеттің Студенттер сарайы сахнасында айтыстар, салтанатты мерекелік концерттер, КВН және басқа да мәдени іс-шаралар өткізіледі. Студенттер сарайында «Бақыт» би ансамблі, «Біз» атты студенттік драма театры жас таланттардың өз өнерлерін жарқырата көрсетуіне жол ашады. Бұл танымал студенттік ұжымдар республикалық бай-қаулар мен фестивальдерде бірнеше рет жүлделерге ие болды. Өткен жылы оқытушылар мен ҚазҰУ қызметкерлері үшін хор үйірмесі жұмыс істей бастады.
ҚазҰУ қалашығында жүздеген студент пен оқытушылардың денешынықтырумен, спортпен айналысуына жақсы мүмкіндік тудыратын спорт кешені орналасқан. Биыл магистранттар мен докторанттарға арналған жалпы көлемі 4,5 мың шаршы метрді құрайтын, заманауи талапқа сай жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Жатақхананың жертөлесінде спортзал, әр қабатта оқырмандар залы мен демалыс бөлмелері бар.
Соңғы жылдары ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтановтың қызметкерлерді тұрақты қолдауының арқасында университеттің әлеуметтік даму саласында да көптеген жетістіктерге жеттік.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу ақысын төлеу барысында төмендегідей жеңілдіктер ұсынады: семестрдің үздік студенттеріне, ата-анасының қамқорынан айрылған жетім студенттерге, мүгедек студенттерге және ата-анасы мүгедек студенттерге 15-25 пайызға дейінгі жеңілдік беріледі; білім алу барысында ата-аналары университет қызметкерлері (еңбек өтілі бес жылдан кем емес) болып табылатын студенттер мен магистранттарға 15 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге оқу ақысын төлеудің ыңғайлы кестесі қарастырылған. Бакалавриаттар ғана емес, магистранттарға да оқудың алғашқы жылында оқу ақысын төлеуге жеңілдіктер қарасты-рылған.
Білім алушыларға тегін медициналық қызмет көрсету университеттің денсаулық пунктінің негізінде жүзеге асырылады. Олар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Жазғы демалыс кезінде студенттік құрылыс жасағында жұмыс істейтін студенттер «Студенттер үйінде» тегін тұратын болады және университеттің асханасында тамақтанады.
Білім алушыларға ұсынылатын материалдық көмек: туберкулезбен ауырған және ауыратын студенттерге ай сайын 1 айлық көрсеткіш көлемінде материалдық көмек көрсетіледі, жетім студенттер тамақпен қамтамасыз етіледі. Күндізгі бөлімде білім алатын, ата-анасының қамқорлығынан айырылған жетім студенттерге әлеуметтік көмек көрсету мақсатында күн сайын ыстық тамаққа және жылына бір рет киімге арнайы қаржылай өтемақы бөлінеді. Студенттер үйінде балалар үйінің қамқорлығында тәрбиеленген студенттер тегін тұрады. Білім алушылардың ішіндегі үздіктері Ө.Жолдасбеков, А.Закарин және әл-Фараби атындағы атаулы шәкіртақылармен марапатталады.
Мүмкіндігі шектеулі студенттер оқу семестрінде бір рет 5 (бес) мың теңге көлемінде материалдық көмек алады. Ал гастрит, қант диабетімен ауыратын студенттер екі айда бір рет тамақтануға тегін талондар алып тұрады. Көпбалалы, жағдайы төмен немесе ата-анасы толық емес отбасынан шыққан және балалары бар жанұялы студенттер оқу семестрінде бір рет 5 (бес) мың теңге көлемінде материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі, сонымен қатар Ыстықкөл жағасындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорттық-сауықтыру лагеріне тегін жолдамалар беріледі. Жастар өздеріне деген қамқорлықты бағалай білетіндігін байқатты. Президент сайлауында ҚазҰУ студенттері 100% өз дауыстарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Осы өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына жастардың үлкен сенім мен қолдау білдіріп отырғанын анық көруге болады.
Еліміздің әлеуметтік жаңғырту үдерістеріне оқытушылар мен студенттерді тарту мақсатында «Aйналаңды нұрландыр» атты ауқымды жоба қолға алынды. Студенттердің мәдени және білім деңгейін көтеру үшін «100 кітап» атты әдеби жоба жүргізіліп келеді.
Барлық әлеуметтік ақпарат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жұмысшыларының «Парасат» кәсіподағының сайтында жарияланған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық экологиялық бастамаларын қолдау мақсатында, «жасыл экономиканы» ілгерілету процестеріне студент жастарды тарту негізінде, «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» атты акция ұйымдастырылуда.Бұл қозғалыстың ажырамас бөлігі ретінде «ҚазҰУ – Гринкампус» атты жобасы да жүзеге асырылуда.
ҚазҰУ болашағы жайлы сөз етсек, бұл тек әлемдік деңгейдегі білім беру мекемесі емес. Бұл – ғылыми-зерттеу, білім беру, сараптау және әлеуметтік белсенділік пен қабілеттілікті арттыруға бағытталған, әлемдік қауымдастыққа үздік идеяларды тарату үшін білімі мен тәжірибесін ұдайы бөлісіп тұратын орталық болып табылады. Бұған мысал ретінде «INSPUR» қытай компаниясымен бірлескен табысты ынтымақтастықтың нәтижесінде, ҚазҰУ-ге өнімділігі жоғары, секундына жүз он триллион (110 трл) операцияларды орындайтын суперкомпьютердің ұсынылуын айтуға болады.
Елбасының идеясын қолдай отырып, ҚазҰУ Университеттер Альянсының жаңа «Жібек жолы» бастамасын, халықаралық IT-технопарк құру мәселесін көтерді. Ол ҚазҰУ базасында орталықтың суперкомпьютерлік есептеу үдерісін құру арқылы қалыптасатын болады. Жақын арада Қазақстанда «INSPUR» компаниясымен бірлескен жобалар – жоғары өнімді серверлер өндірісін жүзеге асыру жолға қойылмақ. Айта кету керек, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша, ҚазҰУ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөнінде жоғары білікті мамандарды дайындаудың базасы болып табылады. Бұл үшін ҚР Инвестиция және даму министр-лігімен бірлесіп, инновациялық шеберханалар және IT-технопаркті қамтитын бірегей инновациялық «Технолофт» кластері құрылды, оның өзегі болып суперкомпьютеріміз қызмет ететін болады.
Сонымен қатар биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Клинтонның Жаһандық бастамасы (CGI) және Clinton Global Initiative University (CGI U) университеттер желісінің мүшесі болды. Бұл АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон тарапынан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановқа жазған хатында қазақстандық ЖОО-ның жоғарыда аталған беделді университеттер консорциумына кіруіне ұсыныс жа-сауынан туындады. Өмір сүруді жақсартуға ұмтылатын және өзекті мәселелердің шешімдерін табуға белсенді түрде қатысатын бұл жаһандық бастама адамдардың өзара жақындаса түсуіне мүмкіндік береді. Осы бастаманың аясында құрылған Clinton Global Initiative University (CGI U) университеті әлемнің жетекші университеттерінің бірі болып табылады. CGI U университеті құрылғалы бері, 145 мемлекеттің 7,5 мың студенттерi көшбасшыларына қолдау көрсетті.
Жақында Нью-Йорк университетінде (АҚШ) консорциум мүшелерінің кездесуі өтіп, олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді «CGI U» университеттер желісіне қосу жөніндегі ұсынысты бірауыздан қабылдады.
Қорыта айтар болсақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы Университет ұжымымен бірлесіп жаңа міндеттерді орындау жолында күш-жігерін аяп жатқан жоқ. Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясының талаптарына сәйкес, дамыған 30 елдің қатарынан Қазақстан мемлекетінің орын алуына өз үлесімізді қосамыз.